Жамбыл облысында коронавирус індетінің тағы бес дерегі тіркелді. Соңғы тәуліктегі мәліметке сүйенсек, 4 науқас Қордай ауданынан және 1 инфекция жұқтырған азамат Мойынқұм ауданынан табылып отыр. Осылайша дертке шалдыққандардың саны өңірде 45-ке жетті.
Жалпы бұл ақпаратты Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады. Бес науқас та бұған дейін инфекция жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандықтан, карантиндік стационарға жатқызылған деген дерек айтылуда.
Алайда Мойынқұм ауданы облыс орталығынан 360 шақырым қашықтықта жатқан елді мекен болғандықтан, ондағы азамат қалай науқаспен байланысқа түскені түсініксіз. Аталған ауданның әкімдігіне хабарласып көрген едік, олар ақпаратты не растамады, не жоққа шығармады. Ал жергілікті тұрғындар күні кеше коронавирус індетін жұқтырған азамат Мыңарал цемент зауытынан табылды деген әңгіме айтылғанын айтады. Тағы бірлер COVID-19 Қылышбай ауылынан шыққаны туралы ақпардың желдей ескенін жеткізді. Демек, коронавирус дерті шалғай Мойынқұм ауданына да жетті деген сөз. Ал аталған елді мекеннің бір қырынан Қарағанды облысы , екінші шекарасынан ең алғаш індет табылған Шу ауданы қаумалап тұрғанын ескерсек, инфекцияның Жаз-ата ауылына жеткеніне де таңғалмау керек сияқты.
Негізі бейресми мәліметке сүйенсек, науқас азамат Мойынқұм ауданындағы зауыттардың бірінде менеджер болып істеген деген дерек бар. Және ол бұған дейін инфекция жұқтырған жолсерікпен байланыста болған көрінеді. Сол үшін 28 наурыз күні карантинге жатқызылған. Соның сынамасы бүгін оң нәтиже көрсетіп, коронавирусқа шалдыққаны анықталғандай. Одан бөлек дертке шалдыққан азамат Мойынқұм емес, Қызылорда облысының азаматы көрінеді. Мойынқұм ауданындағы зауытта вахталық әдіспен жұмыс жасауда. Қазір COVID-19 жұқтырған науқаспен байланыста болған 14 адам оқшауланған.
Бұл аталған ауданнан өз күшімізбен анықтаған дерек. Бұл жайттарға қатысты жақын уақытта билік өкілдері ресми мәлімдеме жасайды деп сенеміз.
Саятхан Сатылған,Жамбыл облысы