Елімізде суретшілер дәрігерлер мен полицейлерді қолдау үшін #covidillustrationkz челленджі басталды.
Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина және полиция қызметкерлерін қолдауға суретші-иллюстраторлар да өз үлесін қосып жатыр.
«Қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдаров атындағы Amen Animation Film Festival шығармашылық командасы ойлана келе осындай жағдайда суретшілер, иллюстраторлар атынан бір жоба жасағымыз келді. Дәл қазіргі кезде басымыздан тарих өтіп жатыр. Осы жағдайды шығармашылық адамдарының көзімен бейнелегіміз келді. Сөйтіп #covidillustrationkz деген челлендж бастадық», –дейді киножобаның ұйымдастырушысы Мақпал Жұмабай.
Оның айтуынша, челлендж басталғалы жұмыстар толассыз келіп жатыр.
«Алғашқы жұмыстарды еліміздің алдыңғы қатарлы мультипликаторлармен бірігіп, ақылдасып жасаған болатынбыз. Одан ары өз еркімен салынған түрлі суреттер келіп жатыр. Бұл челленджді бастаған себебіміз – біздің өміріміз, денсаулығымыз, тыныштығымыз үшін күресіп жүрген дәрігерлер, әскерилердің, сонымен қатар полиция қызметкерлерінің қайсарлығын, жанкештілігін көрсеткіміз келді. Күткеніміздей, олардың күнделікті өмірдегі адамның көзіне көріне бермейтін ерлігін сипаттайтын неше түрлі иллюстрациялар келе бастады. Шындығында, қазіргі уақытта халық үйде отыр, ал біздің тыныштығымды күзетіп жүрген бірнеше мамандық иелері бар. Әрине, алдыңғы шепте –дәрігерлер», – дейді ол.
Оның айтуынша, мұндай иллюстрациялар салу біздің елмен қатар әлем бойынша жүріп жатыр.
«Біз де әлемдік қауымдастыққа өз үнімізді қосып, жағдайымызды көрсеткіміз келді. Сол бір үлкен толқын ішінде қазақ иллюстраторларының жасаған жұмыстары көрініп тұрады деп ойлаймын. Ел басына күн туған осындай кезде үнсіз қалмай, аниматорлар белсенділік танытып жатыр. Дәл бүгінгі күні біздің 20-дан астам иллюстрациямыз жарияланды. Жариялануын күтіп тұрған жұмыстар өте көп. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Бұл челлендж Қазақстандағы мамандардың біразын қамтыды деп ойлаймын. Оның ішінде, Тұрдыбек Майдан, Дильшат Рахматуллин, Қасиет Сақиолла, Тілек Төлеуғазы, Мейіржан Сандыбай, Зоя Бориссенко, Ерден Зікібай, сияқты алдыңғы қатарлы суретші-аниматорлар бар», – дейді ол.
Мақпал Жұмабай бұл челлендждің біразға дейін созылатынын айтты.
«Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, мына жағдайдан аман-есен өтсек, осы челлендж нәтижесінде үлкен көрме өткізгіміз келеді. Жалпы, біздің дәрігерлердің, елдің қорғаны болып жүрген басқа да мамандық иелерінің ерлігін көрсету мақсатында көрме өткізуді көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде бір көрмеге жүк боларлық жұмыс жиналып қалды. Біздің жұмысымызды көріп отырғандар қанаттанса, барлығымыз олармен бірге екенімізді сезінсе екен дейміз», – дейді ол. Еске сала кетсек, Amen Animation Film Festival 2019 жылы Қазақстанда анимациялық кинофестиваль өткізген. Биыл бұл фестиваль екінші рет өтеді. «Өздеріңіз білесіздер, қазақ анимациясының негізін қалаған Әмен Қайдаровтың атын осы фестивальге бергіміз келді. Фестиваліміздің аты осылай қойылуына Әмен атамыздың жары, балалары қарсы болған жоқ. Оның шәкірттері бас қосып, елордада кинофестивальдің туын көтердік. Бұл кинофестивальге қазақтың алғашқы мультфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айырды?» түсірген шығармашылық топтың ардагерлері де келді. Олар жастарға батасын берді. Биыл да кинофестиваль өткізуге дайындалып отырмыз», – дейді Мақпал Жұмабай.
«Қазақпараттың» жазуынша, кинофестивальдің мақсаты – Қазақстандағы анимацияның деңгейін көтеру, жастарды қолдау, жалпы халыққа біздің мультипликаторлардың жұмысын таныстырып, жаңа сапалық деңгейге көтеру.
#covidillustrationkz челленджіне қатысқысы келетіндер мына шарттарды орындауы қажет: ⠀
Короновирус/карантин тақырыбындағы жұмысыңызды өз аккаунтыңызда жариялау; 2. @amen_aff белгілеу;
#amen_aff пен #covidillustrationkz хэштегтерін жазып қою;
Сурет түпнұсқасын ozgeepic@gmail.com поштасына жолдау.