Таяуда Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылындағы амбулатория туралы Іnaktau.kz сайтында «Крик души»: жительницу Мангистау ужаснуло состояние сельского медпункта» атты сыни мақала жарияланды. Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының және Түпқараған аудандық филиал мүшелері бұл жайтты ескерусіз қалдырмады.
Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық партиялық бақылау комитетінің жанынан құрылған комиссия тобы ауылдық медпункттің жай-күйімен танысып қайтты. Зерделеу тобына партиялық бақылау инспекторы Р.Шалбаев, аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары С.Жолдасова, Маңғыстау облыстық Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы А.Сүгірбай және «Аманат» емханасының кардиохирургі Н.Тлепов қатысты.
Сынға ұшыраған Сайын ауылдық дәрігерлік амбулаториясы 2007 жылы 900 тұрғынға арналған медициналық пункт есебінде салынған. Бастапқыда орталыққа күніне 5 адам қаралуға келетін болған. Қазіргі уақытта ауылдағы тұрғындар саны 6 301-ге жетуіне байланысты күніне 50 адам орталық қызметіне жүгінеді екен.
Бөлмелер саны аз болғандықтан қабылдау жүргізу дәрігерлерге қиындық тудырып отыр. Ал тұрғындар бұған наразы. Бүгінде әр дәрігерге, сондай-ақ зертхана мен күндізгі емдеу орталығына бөлек бөлмелер қарастырылып жатыр.
Инфрақұрылымдарды дамыту өңірлік перспективтік жоспарына жаңа типтегі амбулатория құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжатын дайындау енгізілген. Арнайы жер учаскесі бөлінген. Жоба құны – 206 251 413 теңгені құрады. Құрылыс 2020 жылы инвесторлар арқылы салынады деп жоспарланған.
Қазіргі уақытта дәрігерлік амбулаторияда 3 учаскелік дәрігер, 1 күндізгі стационар дәрігері, 16 медбике, 5 орта буын қызметкері жұмыс істейді. Медициналық орталықта дәрігердің қабылдау кабинеті, аға мейірбикенің кабинеті, дәрігерге дейінгі кабинет, дені сау балаларға арналған кабинет, күндізгі стационар кабинеті, егу кабинеті, дәрілік заттарды сақтауға арналған кабинет, ЖҰЖ кабинеті, санитарлық кабинет, жедел жәрдем кабинеті, жүкті әйелдерді қабылдауға арналған акушерлік кабинет жұмыс істеуде. Жөндеуге құжаттар жасақталып, облыстық Денсаулық сақтау басқармасына тапсырылған. Алайда бұл мәселе 3 жыл бойы облыстан қолдау таппай келе жатыр. Осыған орай, Сайын Шапағатов ауылында орналасқан амбулаторияның жағдайы бойынша Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы облыстық Денсаулық сақтау басқармасына хат жолдады. Алдағы уақытта Сайын ауылдық амбулаториясы партияның толықтай бақылауында болады.