Сын сағатта қолдаған жандардың барлығына алғыс
Сын сағатта қолдаған жандардың барлығына алғыс
213
оқылды
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов  шаһарда «Жаңа Алатау қоры» есебінен 12000 адам азық-түлік қоржынын алғанын айтты. «Бүгінгі таңда Алматы қаласы аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қала халқының осал топтарына жан-жақты әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Өздеріңіз білесіздер, «Жаңа Алатау» қоғамдық қорына алғашқылардың бірі болып еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қорынан 100 миллион теңге қаражат келіп түскен болатын. Оған қосымша аталмыш қорға депутаттар мен кәсіпорындардан, кәсіпкерлерден 256 миллион теңге қаражат түсті. Бүгінгі таңда бұл қаржының 136 миллион теңгесі жұмсалды. Мұқтаж жандарға 17000 азық-түлік қоржыны таратылды. 8 әлеуметтік ұйымға, соның ішінде 6 интернатқа, жастар қоғамдық үйлеріне, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, ардагерлер мен әлеуметтік үйлерге көмек көрсетіліп жатыр. Түсіп жатқан қаражаттар әлеуметтік маңызы бар шараларға жұмсалуда» деді Рахман Алшанов. Спикер әлеуметтік көмек алып жатқан жандар қатарынан ешқандай шағым түсіп жатпағанын айта келіп, керісінше, ризашылықтарын білдірген оқырмандардың көп екенін жеткізді. Мәселен, 291 есту қабілеті нашар жандар атынан алғыс хат жолдаған Аманбек Ерғалиев мұқтаж жандарға қажет кезінде көмек қолдарын созып, азық-түлік қоржынын жеткізіп бергендері үшін алғыс айтқан. «Осындай мазмұндағы хаттар бізге көптеп келіп жатыр. Көмек көрсетілетін адамдардың тізімі шектелмейді, біз олардың сұраныстарын ескеріп, жұмыс атқарып жатырмыз. «Жаңа Алатау» қоры бұдан былай мұқтаж жандарға әлеуметтік көмекті, әсіресе азық-түлік жиынтығын волонтерлер емес, «Қазпошта» АҚ арқылы жөнелтеді. Себебі, қорда жұмыс көп, ондағы мұқтаж жандарға берілетін қоржындарды өлшеп-орау жұмыстарын осы волонтерлер атқаратын болады. Көмек көрсетуге бөлінетін қаражат ардагерлерді, мүгедектерді, интернационалист-жауынгерлерді біріктіретін әр түрлі ұйымдар арқылы жүргізіледі» деді Рахман Алшанов. Спикер бөлінген қаржылар мен олардың жұмсалуы міндетті түрде ашық болатынын айта келіп, қазіргі уақытта әлеуметтік қамсыздандыру органдары көмекке өте мұқтаж адамдардың тізімдерін жасап жатқанын жеткізді. Ол үшін аталмыш қордың көмегіне мұқтаж жандар өзі тұратын ауданның әкімдігіне, ардагерлер кеңесіне, мүгедектер қоғамына барып, қолдауды қажет ететін қала тұрғыны ретінде тіркелу қажет. Рахман Алшанов «Осынау игілікті іске ниет білдірген жандардан қайырымдылықты қабылдаймыз. Ол үшін интернет арқылы бізбен хабарласыңыз. Біз сын сағатта көмек қолын созған жандардың барлығына алғыс айтамыз» деді. Гүлнар ТӘЖИЕВА