Бірлесе білген ел бәрін жеңеді
Бірлесе білген ел бәрін жеңеді
386
оқылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 8 сәуірде  халыққа Үндеу жариялай отырып, халқымызға рухани күш, бойына қуат дарытып, жүрегіне сенім ұялатты. «Есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді» деген Абай хәкімнен қалған тамаша тағылымды сөз бар. Дана ақын айтқан осы ой - Ұлт көшбасшысы Үндеуінің темірқазығы іспетті. Қазақ Ұлттық хореография академиясының студенттері онлайн конференция арқылы  «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты  Елбасы үндеуін талқылап, өздерінің осыған қатысты ой–пікірлерін ортаға салды. Студенттердің пікірі бойынша, Елбасының бұл еңбегі - береке-бірлікке шақыра отырып, сын-қатерден аман өтудің жолын нұсқаған бағалы тұжырымдама.  Бүгінгі күні болып жатқан әлемдегі оқиғаларда өзге елдер мен өз еліміздің мемлекет басшыларының қандай амалдарды сәтті уақытымен қолданып жатқанын көріп отырмыз. Қиын сәтте мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар, Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қоғамдық қоры мұқтаж әр жанға дем беруде. «Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін» деп Нұрсұлтан Әбішұлы өз үндеуінде халықты бірлікке, ынтамақтастыққа шақырады. Дәл бүгінгі күні бізге қажеті де осы. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бір тұтастығымызды сөзбен емес, іспен дәлелдесек елге төнген кез келген бұлттың артынан күн көреріміз хақ. Дәл қазір сенім – аса зор күш, сонымен бірге мемлекет құндылықтарының бастауы. «Адамның өзіне деген сенімі - үлкен күш»-, дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Өзімізге деген сенімімізді, қала берді бізге жүктелген мемлекет сенімін жоғалтпай, бірлесе отырып, осы қиындықтан да аман шығарымызға үміттену - аса маңызды дүние. «Маған небір қиын-қыстау күндерде ешқашан намысын бермеген, қашанда бірлігі бекем, пейілі кең, құшағы ашық, бауырмал халыққа басшылық ету бақыты бұйырды. Сондықтан қазіргідей алабұртпа көңіл жағдайында дана да дархан халқыма – баршаңызға зор ризашылыққа толы осы сөздерімді жолдадым» деген Елбасы сөзінің жаны бар. Басқа түскен талай дүрбелең кезеңдерді артқа тастаған халық Елбасының талай бастамасына қолдау көрсетті. Бүгінде «аққу, шортан, һәм шаянның» кейпіне енбей, ертеңгі күн үшін, елдігіміз үшін, байбаламға салмай, барымызды бағалап, бағымызды қадірлей білсек, еңсесі мықты ел екенімізді тағы бір дәлелдейміз! Жібек ӘЛІМҚҰЛ - Қазақ Ұлттық хореография Академиясы, Жастар ісі жөніндегі комитет мүшесі