«Трамп тақтан түсуі мүмкін» – АҚШ-тағы президент сайлауы
«Трамп тақтан түсуі мүмкін» – АҚШ-тағы президент сайлауы
Фото: Интернеттен алынды
453
оқылды
Күзде АҚШ президенттігіне Трамп пен Байден таласады, – деп жазады 24.kz. АҚШ-та күздегі президент сайлауы Ақ үйдің қазіргі басшысы Дональд Трамп пен бұрынғы вице-президент Джо Байден арасында өтетін болды. Себебі, сенатор Берни Сандерс сайысты жалғастырудан бас тартты. Ол қазіргідей жағдайда өзінің жеңіске жететініне күмәнданатынын ашық айтты. Ал коронавирустан сайлауалды науқанын ғаламтор арқылы жүргізіп жатқан Байден Сандерстің шешіміне қатысты былай деп пікірін білдірді. АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байден: «Берни Сандерс әрдайым еліміздің өрлеуі үшін бар күш-жігерін жұмсап келе жатыр. Оның күресі миллиондаған адамды рухтандырып, шабыттандырды. Берни өзінің науқанын аяқтағанымен, командасымен бірге ұлтымыздың алдында тұрған өзекті мәселелерді шешумен айналысуды жалғастыра береді деп сенемін», – дейді. Сарапшылар бұл сайлауда Трамп жеңіліс табуы мүмкін дейді. Халық арасында жүргізілген сауалнамаға қарағанда әзірге азаматтардың 48 проценті Байденді қолдауға дайын екенін жеткізсе, Трампты 42 пайыз тұрғын жақтайтынын айтқан. Дегенмен мамандар Траптың жағдайды өзгертуге әлі күзге дейін уақыты бар деп отыр.