Тағамның тоғыз түрі бақылауда
Тағамның тоғыз түрі бақылауда
432
оқылды
Елімізде әлеуметтік маңы­­зы бар азық-тү­лік: нан, ұн, сиыр еті, қара­құ­мық және бас­қа да өнімге шек­ті баға ен­гізілді. Тө­тен­­­ше жағдай ке­зінде «Әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауар­­ла­ры­на шек­ті бөлшек сауда ба­ға­ларын енгізу туралы» бір­­­­лескен бұйрықты Ауыл шаруашылығы, Ұлттық эко­­­номика, Сау­­да және ин­­тег­­­рация министрлігі қа­был­да­ды. 4 сәуірден бас­­­тап күшіне ен­ген нор­ма­ны бұзған сауда орын­да­ры айыппұл тө­­лейді. 7 сәуір күні Мемлекет басшы­сы Қа­сым-Жомарт Тоқаев ел аста­насы мен өңірлерге азық-түлік жет­­кі­зе­тін Continental Logistics ЖШС кө­лік-логистика орталығы­на арнайы ба­рып, 6 мың тоннадан ас­там өнім сақталған қойманы ара­лап көрді. Президент Үкіметке об­­лыстар мен қал­алардың әкім­дерімен бірлесіп, күн­делікті ішіп-жеу­ге арналған азық бағасының қым­баттауына жол бермеуді тап­сырды. Яғни, ат­қару­шы органдар ен­дігі жерде алып-сату фактілері­нің алдын алу­ға, сондай-ақ өңір­лер­дегі тұрақ­тан­дыру қорын то­лық­тыруға ай­рық­ша көңіл бөлуі тиіс. «Бұл – өте ма­ңызды жұмыс. Ха­­лықты азық-тү­лікпен қам­та­ма­сыз ету мәселесі – басты міндет. Осы бағытта дұрыс жұмыс жүргізу керек», – деді Қ.Тоқаев. Осылайша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының тоғыз тү­рі бойынша бағаны қатаң қа­да­ға­лау жүктелді. Ол қандай өнім­дер? Ең алдымен, бірінші сұрыпты ұн, бірінші сұрыпты ұннан пісі­рілген нан, макарон өнімі (өлшеп саты­ла­тын рожки), қарақұмық жар­­­ма­сы, күріш, сиыр еті, жұ­мыртқа (І са­нат), өсімдік майы жә­­не ас тұ­зы («Экстрадан» басқасы). Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының іші­нен аталған тоғыз түрін таңдап алуына соңғы айда қазақстан­дық­тар­дың осы азықты көп тұтынуы се­беп болған. Соған сай, 2020 жыл­дың басынан бері бұл өнім­дер­дің ба­ғасы айтарлықтай өскені анық­­талып отыр. Бір жағынан, әлемдік панде­мия­ның әсерінен туған дағдарыс Қазақстанның азық-түлік қа­уіпсіздігін бағалауға да жақсы се­беп. Егер астық дақылдарының жан басына шаққандағы көлемі мен калориясы бойынша алып қарасақ, қазақ елі импорттаушы емес, экспорттаушы мемлекетке жатады. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл тұрғыда қазақ елі Орталық Азия мемлекеттері жәрдем сұрай қалса, белгілі бір азық түрінен жәрдем беруге дайын екенін де мәлімдеген. Рас, астық экспорты жөнінен Қазақстан – аймақтағы көшбасшы республика. Біздің бидай мен ұнды сатып алушылар да – оңтүсті­гі­міздегі бауырлас елдер. Сондықтан қиын-қыстау кезде көмек беріп, қолұшын созу екінші жағынан на­рықтағы тұтынушыдан айырылып қалмау мүддесін білдіреді. Алайда халықаралық ста­тис­тикадағы негізгі өнім бидайдан бөлек, басқа да өнімдер бары рас. Оған қоса, азық-түлік тауарлары­ның экспорты көлемінде шикі­заттың үлесі көп. Яғни, дайын тамақ өнімдері тұрғысынан айтсақ, еліміздің қауіпсіздігі әлі де төмен деңгейде. Мәселен, сүт және сүт өнімдері (құрғақ сүт ұнтағы) бо­йынша негізгі көлем Ресей мен Беларусь мемлекетінен импорт­талады. Сондай-ақ ел тұрғындарын балық, көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз ету жеткіліксіз. Бір сөзбен айтқанда, азық-түлік өні­мінің әртүрлілігі жөнінен импортқа тәуелдіміз. Ал коронавирус ін­детінің таралуын тежейтін шек­теулер сырттан келетін азық баға­сының өсуіне әсер ететіні анық. Сондықтан эпидемия басылғанша импорттық өнімге деген тәбетті тежеп, күнделікті тағам мәзірін өзімізде өндірілетін өніммен шектеуге тура келеді.  

ӨҢІРЛЕР БОЙЫНША ШЕКТІ БАҒА ҚАНДАЙ?

Сонымен жергілікті әкімдіктер жіберген есеп бойынша жауапты министрліктердің әр өңірге қо­лайлы баға бекіткені белгілі болды. Демек, әр облыстағы азық-түлік қоры мен сатып алу мүмкіндігі, тұтыну нарығының көлемі тағы басқа критерийлер бойынша шекті баға ұсынылуда. Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар тоғыз түрлі азық бойынша барлық баға кило­грамға негізделген, ал жұмырт­қаның шекті құны – 10 дана үшін деп есептелген. Мысалы, Нұр-Сұл­танда І сұрыпты ұннан дайын­далған 1 келі нанның бағасы 150 теңгеден аспауы тиіс болса, Алматы мен Шымкентте 146 теңге деп бекітіліп отыр. Ең қымбат шекті құн – Маңғыстау мен Атырау об­лыстарында (164 теңге) болса, арзаны – Жамбыл облысы (138 теңге). Бұл тұрғыда бір келі нанның бағасы Ақтөбе облысында – 147 теңге деп көрсетілсе, Ақмола және Батыс Қазақстанда – 160, Қы­зылорда облысында – 139, ШҚО-да – 150, Павлодарда – 161, Алматы облысында – 144, Түркістан облысында 148 теңге. Ал Қарағанды облысы бойынша шекті баға елді мекендердің сұранысына қарай 142-160 теңге аралығында деп белгіленген.    width= Әйтсе де, бір бөлке нанның барлығы бірдей 1 келі тартпайды, 550 грамнан аспауы да мүмкін. Сол себепті өнімнің салмағы бойынша да есеп бекітілген. Ол бойынша Нұр-Сұлтанда бір бөлке нан 82,5 теңгеден аспауы тиіс болса, Алматы мен Шымкентте шекті баға – 80,3 теңге. Бұйрыққа сәйкес сиыр етінің келісі елордада 2 113 теңгеден, Ал­матыда – 2 169 теңгеден, Шым­кентте 1 904 теңгеден аспауы керек. Аталған қалалардағы базарлар мен дүкендерде жұмыртқа (10 дана) құны – 351, 367 және 305 теңге деп бекітілген.  

БАҒА ҚАЛАЙ БАҚЫЛАНАДЫ?

Иә, бағаның қымбаттап кет­пеуіне жергілікті әкімдер жауапты. Әсіресе, Үкімет бекіткен жоғары­дағы тоғыз тауардың құнын қолдан өсірген дүкендер мен сауда иеле­ріне айыппұл салынады. Оның көлемі 265 100 теңгеден 530 200 тең­ге аралығында. Оған қоса, ел тұр­ғындары да төтенше жағдай кезінде күнделікті ішіп-жеуге ар­налған отандық өнімді қадағалай ала­ды. Ол үшін арнайы www.dosmart.kz веб-платформасы дайындалды. Яғни, азаматтардың аталған сайтқа кіріп, арыз-шағым қалдыруына мүм­кіндік жасалған. Бағаны себепсіз көтерген сауда нүктесінің атын, ме­кенжайын және сатып алушы ретінде телефон нөміріңізді көр­сет­сеңіз болғаны, жауапты меке­мелер сол бойынша жұмыс істейді. Айтқандай, платформа азық-түліктің тоғыз түрінен бөлек, бар­лық әлеуметтік маңызы бар 19 түріне бағаның негізсіз көтерілуін онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Оған картоп, сәбіз, қант, тауық еті, айран және тағы басқа өнімдер кіреді. Сондықтан азық бағасын тұрақтандыруға арналған жүйенің дұрыс жұмыс істеуі тұтынушының белсенділігіне де байланысты.     Мақсұт БАҚТЫБАЕВ, Қазақстан Ет одағының басшысы: – Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мал шаруашылығы өнімдері де кіреді. Яғни, халықтың күнделікті ішіп-жеуіне қажетті тағам өндірісінде ет пен сүт өнімдерінің, жұмыртқаның маңызы жоғары. Сондықтан бағаны тұрақтандырудың бір жолы – өнімді алдын ала (форвардтық) сатып алу, өндірушіге тікелей қаражат беру арқылы ықпал ету. Екіншіден, барлық азық-түлік тауарларының 25%-ы супермаркеттерде, 25%-ы үй маңындағы дүкендерде, 50%-ы базарларда сатылатыны белгілі. Демек, бағаны реттеу үшін базардағы сауда жолдарымен жұмыс істеу қажет. Өйткені көбінесе дистри­бьюторлар дефицит жасап, бағаны қолдан өсіреді. Ол үшін баламалы сату жолдары (нарықтың 25%-нан кем емес) болу керек – фермерлік базарлар, жәрмеңкелер, павильондар. Фермерлер өз тарапынан тек жалдау құны мен тікелей шығынды өтейді. Мұндай пилоттық жоба қазір Нұр-Сұлтан қаласында жұмысын бастады. Енді осыны барлық облыс орталығы мен тұрғын саны көп қалаларға енгізген жөн. Бұл бір жағынан халыққа қажетті өнім бағасын арзандатады және отандық өндірушілер өнім көлемін ұлғайтып, импортқа тәуелділіктен құтқарады.  

 width=     Бауыржан БАЗАР