Коронавирустың адам өміріне тигізетін зардабы белгілі болған кезден бастап біздің елімізде де ауқымды қаражат бөлініп, індеттің алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстары басталып кетті. Ал наурыз айының ортасында елімізде осы індетті жұқтырған алғашқы адам анықталғаннан кейін төтенше жағдай жарияланып, халықтың еркін жүріп-тұруына қатаң тыйым салына бастады. Әрине, бұл – елдің бәріне ұнай беретін шара емес. Осы тұрғыдан алғанда, түрлі пікірдің айтылатыны – заңдылық.«Бұл шаралардың не қажеті бар, коронавирустың зардабы үйреншікті тұмаудан артық емес, экономиканы тығырыққа тіреп, халықты күйзелткеннен не пайда?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Қазір індет әлемге кең таралғандықтан, жинақталған статистикалық мәліметтер жеткілікті. Олай болса, сұрақтың жауабын нақты деректен іздеген жөн. Қазіргі таңда жер бетінде 7,7 млрд халық өмір сүреді. Жылына дүниеге орта есеппен 140 млн нәресте келіп, 55 миллионнан астам адам қайтыс болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 3 млрд-тан астам азамат тұмаумен ауырып, соның салдарынан бір миллионға жуық адам көз жұмады екен. Демек, өмірдің айырылмас сыңарындай болып кеткен үйреншікті тұмау да қатерлі инфекциялық ауру болғандықтан, осы дертпен ауырған 3 000 адамның біреуі қайтыс болады. Өкінішті жағдай.
Сондықтан адам шығынын азайту үшін бүгінде тұмауға қарсы вакцина ойлап тапты, емі бар. Жалпы, өз өміріне жауапкершілікпен қараған азаматтардың бұл кеселден аман қалуына жағдай жасалған деп тұжырымдауға болады. Ал әзірге сыры беймәлім коронавирус індетіне келетін болсақ, онда осы сәуірдің 6 жұлдызында әлемде бұл дертке шалдыққан адам саны 1,3 млн-ға жетіп, індет салдарынан 69,5 мың адам немесе 5,45 % көз жұмды. Басқаша айтқанда, осы вирусты жұқтырған 1 000 адамның орта есеппен 54-і қайтыс болып жатыр деген сөз.Бұл үйреншікті тұмаумен салыстырғанда 160 есе қатерлі індет екенін байқау қиын емес. Оның үстіне, бұл індетпен күресудің әзірге тиімді әдісі табылмай отыр. Бүкіл әлемде бұл індетпен күресудің жалғыз амалы – карантинді шектеу шарасы. Уақыты келгенде, әрине бұл індетке қарсы вакцина да, ем де табылары күмән тудырмайды. Алайда індетті барынша таратпаудың ең тиімді жолы – үйден шықпау, өздігінен оқшаулану. – Демек, қауіптің алдын алу үшін қатаң шаралар қажет болды ғой, солай ма? – Бұл індеттің қаупін ескермей, дайындық жұмысын кеш бастап, бармақ тістеп отырған елдер аз емес. Еуропаның Испания, Италия, Ұлыбритания секілді бірқатар дамыған мемлекеттері бұл індеттің қаупін елемей, шектеу шараларын бір-екі аптаға кешіктіріп қабылдады. Соның салдарынан індет ол елдерде тез өршіп, медицина саласының коллапсқа ұрынуына әкеп соқты.
Жаппай вирус жұқтырып, жандары қиналған азаматтарды қабылдауға емханаларда орын жетпей, сырқаттардың өкпелеріне жасанды вентиляция жасайтын аппарат тапшылығынан нәтижелі көмек көрсету қиынға соғуда. Соның салдарынан Италияда осы індеттің құрбаны болғандардың үлесі – 12%, ал Испания мен Ұлыбританияда 10% шамасында болып отыр. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен екі-үш есе жоғары. Демек, осы жағдай «сақтықта қорлық жоқ» деген аталы сөздің дұрыс екенін дәлелдейді.Енді бір азаматтар Нидерланд, Швеция секілді Еуропа мемлекеттерінде осы уақытқа дейін еш шектеу қойылмай отырғанын алға тарта отырып, Италияда қайтыс болып жатқан азаматтардың орташа саны жылдағы деңгейде, сондықтан жарияланып жатқан сандардан қорқудың қажеті жоқ деген пікір айтады. Бұл – жаңсақ пікір. Оған дәлел ретінде белгілі экономист А.Илларионовтың жеке парақшасында жарияланған зерттеулерінің нәтижесін көруге болады.
Италияның Бергамо провинциясында осы жылдың наурыз айында қайтыс болған азаматтардың саны өткен жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда 6,1 есе көп болған. Кейбір провинцияларда бұл алшақтық 21 есеге дейін жеткен. Зерттеуші статистикалық мәліметтерді зерделей келе, оның негізгі себебі коронавирус деген тұжырымға келеді. Франция мен Германия секілді мемлекеттерде жағдай анағұрлым жақсы. Өйткені олар індеттің алдын алу шараларын жақсы ұйымдастырып, халықтың жүріп-тұруын алғашқы күннен қатаң бақылауға алды. Оның үстіне, бұл елдің халқы саяси билік қабылдаған шешімге құрметпен қарап, тәртіпке бағынуды дәстүрге айналдырған. Оған қоса, олар – медицина саласы үздік дамыған мемлекеттер.Елде жарияланған төтенше жағдай мен халықтың жүріп-тұруын шектеуге бағытталған қатаң шешімдердің дер кезінде және үлкен батылдықпен қабылданғанын ерекше атап өтер едім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты бірлік пен тәртіпке шақырған үндеуін бүкіл ел болып бір адамдай қолдасақ, бұл індетті абыроймен жеңіп, талай жақсы жаңа жетістікке жетеріміз айқын. Елдің қауіпсіздігі – адамдардың денсаулығы дер едім. Деніміз сау болғанда ғана біз өз мемлекетімізді өркендете алатынымызды ешқашан естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан елдің қауіпсіздігі үшін жасалған шектеуге бәріміз түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытқанымыз абзал дер едім. – ТМД аумағында бұл індетке көзқарас әртүрлі. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстанда қатаң шектеулер қабылданып жатса, Ресей мен Беларусьте бұл індетке деген жеңіл көзқарас байқалады. Неге? – Бізбен көршілес мемлекеттердің осы індетке қарсы қабылдап жатқан шараларының әртүрлі деңгейде екенін жасыра алмайсың. Ол әр мемлекеттің бұл індетпен күресуге қаншалықты экономикалық мүмкіндігі бар екеніне және сол елдегі саяси билік өкілдерінің ішкі жағдайды қалай бағалайтынына байланысты. Мысалы, Ресей осы күнге дейін төтенше жағдай жариялаған жоқ. Дей тұра, Мемлекет басшысы В.Путин жергілікті жердегі атқарушы билік басшыларына-губернаторларға өңірлердегі ахуалға қарай қажет болған уақытта төтенше жағдай қабылдауына еркіндік берді.
Сонымен қатар Ресей президенті ішкі-сыртқы жолаушылар қатынасын шегерді, көптеген сервис саласының қызметін тоқтатып, студент, оқушылардың каникул мерзімін сәуір айының соңына дейін созды, сол мерзімде азаматтардың өз үйлерінде оқшауланып отыруы үшін көпшілікті жұмыстан босатты. Байқап қараған адамға Ресей Ұлыбританияның тәжірибесін қайталап жатқан секілді болып көрінеді. Осыдан 3-4 апта бұрын Ұлыбританияда ешқандай қатаң шектеу шаралары қабылданған жоқ болатын. Өкінішке қарай, бұл елде індет жұқтырғандар саны тез өсіп, клиникаларға ауырып, ауыр халде жеткізілетін адамдар саны күрт көбейіп кетті. Соның салдарынан Британия саяси билігі азаматтардың жүріп-тұруын шектейтін қажетті шешім қабылдауға мәжбүр болды. Егер мемлекет төтенше жағдай жариялайтын болса, онда сол шешімнің салдарын шегетін бизнес өкілдері мен жеке тұлғалардың зардабына мемлекет жауапкершілік алуы керек. Мұның өзі бюджет тарапынан қосымша үлкен шығынды қажет етеді. Бұл тұрғыдан алғанда осы жағдай қатаң шешім қабылдауға тұсау болып отырған болар деген ой туындайды.Ресейдегі жағдай, әрине, бізді алаңдатады. Себебі, ол – біздің негізгі сауда-экономикалық қарым-қатынас жасайтын көрші мемлекет. Егер бұл елде індет өршіп кететін болса, Қазақстанның экономикасына тигізетін кері әсері зор болатыны түсінікті. Сондықтан да осы уақытқа дейін Ресей мемлекеті неге төтенше жағдай жарияламай отыр деген сұрақ туындайтыны рас. Алайда, оның себебін елдің нақты ішкі жағдайын жақсы білмегендіктен дөп басып айту оңай емес. Дегенмен, егер мемлекет төтенше жағдай жариялайтын болса, онда сол шешімнің салдарын шегетін бизнес өкілдері мен жеке тұлғалардың зардаптарына мемлекет жауапкершілік алуы керек. Мұның өзі бюджет тарапынан қосымша үлкен шығындарды қажет етеді. Бұл тұрғыдан алғанда осы жағдай қатаң шешім қабылдауға тұсау болып отырған болар деген ой туындайды.
Беларусь еліндегі жағдай президент А.Лукашенконың ұстанымына байланысты болып отырғаны айдан анық. Бұл мемлекетте бүгінгі күнге дейін ешқандай шектеу шарасы жасалып отырған жоқ және жуық арада қабылданбайтын секілді көрінеді. Соның салдарынан жалпы бұқараның қатысуымен болатын барлық шаралар жоспарланған уақытында өткізіліп жатыр. Қазір Беларусьтегі жағдай аса қорқынышты емес. Дей тұра, көршілес мемлекеттер бұл елдегі жағдайға әлеуметтік эксперимент ретінде қарап отырған тәрізді әсер қалдырады. Әзірге бауырлас елдің халқына амандық тілеп, осы эксперименттің нәтижесін күткеннен басқа амал жоқ.Орта Азиядағы жағдайға келетін болсақ, ауызға алдымен Тәжікстан ілінеді. Мұнда бүгінгі күнге дейін әлі бірде-бір коронавирусты жұқтырған азамат тіркелген жоқ. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да дәлелдеп отыр. Қолда бар мәліметке қарағанда, бұл мемлекетте індеттің алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстары бірсыпыра жүргізіліп қойған. Ал Түркіменстандағы жағдай әлі түсініксіз, өйткені коронавирус жұқтырған азаматтар саны не болмаса нақты қандай дайындық жұмысы жүргізіліп отырғаны туралы еш жерде ресми мәлімет жарияланған жоқ. Қырғыз еліндегі жағдай бізді қатты алаңдатып отыр. Мұнда коронавирусты жұқтырған азаматтар елдің бар аймағында тіркелді және олардың саны өте тез өсіп, қазір 200-ден асып кетті. Індетпен күресу бұл мемлекет тарапынан үлкен шығынды қажет етіп отырғаны қазірдің өзінде белгілі.
Қырғыз мемлекетінің бүгінгі экономикалық жағдайы әзірге қосымша қаражат тауып, осы індетпен нәтижелі күрес жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Соның салдарынан осы мемлекеттің басшылығы Халықаралық валюта қорына өтініш жасап, 120 млн доллар шамасында қарыз ақша сұрауда. Жуық арада бұл қаржы Қырғыз мемлекетіне келеді, тек содан кейін ғана бұл елде нәтижелі шаралар іске аса бастауы мүмкін. Көршілес мемлекеттегі жағдайдың тұрақты болып, коронавируспен нәтижелі күрескені Қазақстанның ішкі жағдайына да үлкен әсер ететінін байқау қиын емес. Көрші елдердегі әлеуметтік-экономикалық және эпидемиологиялық ахуал құзырлы мемлекеттік органдардың ұдайы назарында болуы ғана жағдайды біршама түзей алады.– Төтенше жағдай экономикаға үлкен кері ықпалын тигізіп отыр. Осы тұрғыда болып жатқан елдегі жағдайға қандай сипат берер едіңіз? – Төтенше жағдай жарияланғалы бері экономиканың біраз саласы тұралап қалғаны рас. Әсіресе, транспорт, ойын-сауық, сауда, қоғамдық тамақтану, мектепке дейінгі және қосымша білім беру саласы секілді қызмет түрінің жұмысы тоқтатылып, шағын және орта бизнес өкілдері шығынға батып жатыр. Бұл елімізде уақытша жұмыссыздықтың өсіп, халық табысының күрт қысқаруына әкеліп отыр.
Жағдайды жіті бақылап отырған еліміздің Президенті Қ.Тоқаев бұл уақытша ауыртпалықтар үшін негізгі жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алатынын жариялап, бизнес өкілдері мен халықтың жағдайын тұрақтандыруға бағытталған шешімді жылдам қабылдады. Қысқа мерзім ішінде маңызды шаралар іске асырылуда. Олардың арасында экономиканың маңызды саласында қызмет атқарып жүрген бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несие беру, арендалық төлемнен уақытша босату, салық салмағын жеңілдету немесе жыл аяғына дейін босату, мемлекет қаржысы есебінен қосымша жұмыс орнын ашу секілді ерекше батыл шешімді айтар едім.Оған қосымша уақытша жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жеке тұлғаларға 42 500 теңге мөлшерінде жәрдемақы беріліп жатыр. Бұдан біз экономика тығырыққа тіреліп, бюджет тапшылығы артып отырған сындарлы кезеңде мемлекет халықты қорғау ісінде әлеуметтік жауапкершілігін артығымен орындауға бел буғанын байқаймыз. Бұл халықтың көңіліне демеу болып, ертеңге деген сенімін арттырып отырған шешім екені даусыз.
Жалпы, бірінші тоқсандағы біздің экономикамыздың өсу қарқыны айтарлықтай төмендемеуі тиіс. Олай дейтініміз, жылдың басынан наурыз айының ортасына дейін елімізде ешқандай шектеу шаралары болған жоқ. Ал ендігі кезеңде экономиканың өсу қарқыны баяулай бастайды. Сондықтан екінші тоқсанның көрсеткіші бірінші тоқсанмен салыстырғанда едәуір төмен болуы мүмкін. Одан кейінгі кезеңдегі жағдай әлемде коронавирус індетін ауыздықтаумен тығыз байланысты болады. Осы күресте 1-2 айда айтарлықтай жетістіктер болса, онда жылдың ортасынан бастап жағдай оңала бастауы тиіс. Әзірге осыны айтар едім. Әрине, дәл қазір болашаққа болжам жасау ешкімге де оңай болып тұрған жоқ.– Халықтың тұрмысын төмендетпеу үшін мемлекет ақша да таратып, бизнес өкілдеріне әртүрлі жеңілдік жасалуда. Бұл мәселеге сыни көзқарастар бар. Жалпы, қазір «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» алып шығудың жолы бар ма? – Төтенше жағдай жариялап, халықтың еркін жүріп-тұруын шектеу үшін үлкен батылдық пен табандылықтан бөлек, адам өміріне, халықтың амандығына деген ерекше көзқарас керек. Себебі ондай шешімді қабылдар кезде Мемлекет басшысы таразының бір басына әр азамат пен тұтас халықтың амандығын салса, ал екінші басына экономиканың зардабын теңгереді. Дәл қазіргідей көзге көрінбейтін індетпен күресу кезінде халықты да аман алып қалатын, экономиканы да күйзелтпейтін шешім жоқ. Ендеше таразының қай басының салмақты болуы Мемлекет басшысының адам өмірін қалай бағалайтынына байланысты. Осы тұрғыда, біздің елімізде қабылданып жатқан шұғыл шешімдердің бағытынан Президентіміздің қандай ұстанымда отырғанын байқау қиын емес.
Бүгінде елдің көзі ашық, өйткені ақпарат көздерінен әлемдегі жағдайдың бәрін үйден шықпай-ақ байқауға болады. Осы тұрғыда айтқым келіп отырғаны, кейбір дамыған мемлекеттің басшылары «халықтың 5-10% шығын болса ештеңе етпейді, экономиканы құлдыратып алмайық» деген ұстанымда болып, қатаң шешім қабылдаудан қашқақтағаны – шындық. Әрине, ол азаматтар өздерін осы пайыздың қай бөлігінен көргілері келетінін байқау қиын емес болар, десе де бұл індеттің адамның қызметін таңдамайтынын, Жаратушының алдында бүкіл халықтың бірдей екенін естерінен бір сәт шығарып алған секілді.Адам өмірі мемлекеттің ең қымбат қазынасы екенін ұмытқан кейбір саяси билік өкілдері енді бармақтарын шайнап отыр. Өйткені ондай елдегі жағдай ушығып, адам шығыны да өсіп, экономикасы да тығырыққа тіреліп жатыр. Сондықтан да қазіргідей бейбітшілік заманда адам өмірін таразы басына салып ойнауға болмайды. Халық аман болса, ауыртпалықтың бәрін еңсереді, ертең-ақ уақытша қиындық ұмытылып, бәрі орнына келеді.
Біздің елімізде төтенше жағдай дер кезінде жарияланып, індеттің алдын алуға бағытталған көп ауқымды шаралар атқарылды. Осындай орынды шешімді қабылдау бұдан бірнеше ай бұрын оңайға соқпағаны белгілі. Жалпы, қазіргі сындарлы кезеңде саяси билікте жүрген кез келген азаматтың ұйымдастыру қабілеті, білімі мен біліктілігі ерекше сынға түсіп жатыр. Сондықтан кейбір лауазымды азаматтардың қызметіндегі кемшіліктердің беті ашылып, елдің сынына ілініп отыр.Осы тұрғыдан алғанда мен өз ұстанымына берік болып, ел амандығын сақтау үшін табандылық танытып, сан алуан жүйелі жұмыстарды бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарып келе жатқан Денсаулық сактау министрлігі басшыларына халықтың сенімі мен құрметі күн санап ұлғайып отырғанын атап өтер едім. Ал кеудесін қатерге тігіп, уақытпен санаспай, ауыр індетті жұқтырған сырқаттардың жанына араша түсіп, арпалысып жүрген бүгінгі майданның қаhармандары – ақ халатты абзал жандардың еңбегі қоғамда ерекше құрметке бөленіп жатыр, бөлене де беретініне сенемін. – Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясынан соң өмірге деген көзқарасты жаңаша қалыптастыратын, коғамды дүр сілкіндіретін елеулі өзгеріс болады деген болжам бар. Бұл ойымызға не қосар едіңіз? – Біраз уақытқа созылатын карантиннен шыққаннан соң қоғамның көптеген саласында үлкен өзгеріс болатыны сөзсіз. Біріншіден, жалғыз біздің мемлекетімізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде мемлекетке, мемлекеттік институттарға, Отаным-елім деген ұғымға көзқарас өзгереді, себебі қысылтаяң кезеңде халықтың табан тірейтін жері де, арқа сүйейтін елі де тек өз Отанынан табылатынын халық сезінді деп ойлаймын. Осы жағдай халықтың мемлекетке, өз Отанына деген көзқарасын оң нәтижеге бұрары сөзсіз.
Екіншіден, қоғамда денсаулық сақтау жүйесінің рөлі артатыны түсінікті. Бұл салада көптен шешімін таппай, қордаланып қалған проблемалар жетерлік. Енді бұл саланың проблемаларына ерекше көңіл бөлініп, жылдам шешіле бастайды деп ойлаймын. Денсаулық сақтау саласының ғылыми-зерттеу жұмыстары ерекше назарда болатыны да дәлелдеуді қажет етпейді.Үшіншіден, карантин жарияланып, елдің жүріп-тұруына шектеу қойылғаннан бастап көп мекемелер қызметкерлерін online режиміне ауыстырды. Бұдан кейінгі кезеңде де енді өмірдің әртүрлі саласында осы online режимі кең етек ала бастайды. Оның артықшылығы аз емес. Себебі виртуалды офиске көшу артық қызметкерден айырып, офис шығынын үнемдеуге жол ашады. Содан соң бұл жүйе үшін қызметкердің сырт бейнесі, киетін киімі, жұмысқа уақытылы келіп-кеткені маңызды емес, атқарған жұмысының нәтижесі ғана ерекше назарда болады және оны автоматты түрде бақылауға мүмкіндік туады. Сондықтан нәтижелі жұмыс істей алатын қызметкерге деген сұраныс өседі. Жалпы, осы бағытта жинақталған оң тәжірибе еңбек нарығының парадигмасын өзгертіп, еңбек қатынасының жаңа түрін қалыптастыруға алып келеді.
Төртінші, өмірдің көп саласына жаңа ақпараттық-цифрлы технология адымдап кіре бастайды. Сауда саласында жаңа технологиялардың рөлі артады, себебі ол халыққа тиімді. Мәселен, интернет арқылы зат сатып алу сауда орталықтарынан алғаннан көп арзан болуы мүмкін, себебі электронды сауда ортадағы арендасы қымбат сауда ауданын қажет етпейді және делдалды азайтуға септігін тигізеді. Соның салдарынан осы салада қызмет атқарып жүрген біраз азаматтар жұмыссыз қалуы мүмкін. Десек те, электронды саудаға көшу логистикамен айналысатын азаматтардың қызметіне сұраныс тудырып, осы салада жаңа жұмыс орнының ашылуына себепкер болады.Бесінші, ауқымды өзгерістер білім беру саласында болатыны анық. Қазір төтенше жағдайға байланысты университеттер мен мектептер қашықтан оқыту технологиясына көшуде. Әлемнің алдыңғы қатарлы көптеген оқу орталықтары өздерінің жеке пәндер бойынша жинақталған білім ресурсына тегін қол жеткізуге мүмкіндік беруде. Соның арқасында көптеген азаматтар өздерінің үйлерінде отырып, алдыңғы қатарлы университеттердің сабақты қалай ұйымдастыратынын, лекцияны қалай оқитынын, сабақты қалай жүргізетінін көріп, ой-өрістерін кеңейтіп жатыр. Дәл сол сияқты орта білім беру саласында да алыстан оқыту технологиясы игерілуде. Жеке пәндер бойынша тақырыптардың мағынасын кеңінен ашатын электронды ресурстарға сұраныс өсуде. Бірте-бірте бұл іс те жолға қойылатыны, сөйтіп білім саласына тың өзгеріс алып келетіні анық.
Алтыншы, қызметтің online режиміне көшуіне байланысты офистерге деген сұраныстың азаюы мүмкін екенін жоғарыда ескерттік. Сол себепті көптеген компанияларға келіссөз, кездесу өткізу үшін уақытша орын қажет болуы мүмкін. Ондай орынды қазір коуоркинг орталығы деп айтады. Жаңа кезеңде коуоркинг орталығының рөлі артып, олардың қызметіне сұраныс көбеюі мүмкін.Қорыта келгенде, соңғы кезеңде кең етек жая бастаған жаңалықтар өмірде орнықты орнын тауып, экономиканың көптеген салаларына елеулі өзгерістер алып келетіні айқын. – Сұхбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС