Көкшетау бір-ақ сәтте астан-кестен болды. COVID-19 індетінен қорқып, үрейленіп отырған жұрттың одан сайын зәре-құты қашты. Дүлей дауыл тұрғын үйлер мен нысандардың шатырын жұлып әкетіп, аялдамаларды аударып тастады. Осыдан бірнеше күн бұрын «Айқынның» №47 санында Әдебиет Белгібайұлының «Шатыры ұшқан үйлер» атты мақаласы жарық көрген болатын. Артынша дәл осындай келеңсіз оқиға қайталанды. Сәйкестік пе дерсің. Бірақ бұл елімізде бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Жыл сайын боран соқса, қатты жел тұрса болды, аймақтарда үйдің шатыры ұшады. Сапасыз салынған құрылыс нысандары қирап, тұрғындардың мазасы қашады. Өңірлерде апатты жағдайлар, оқыс оқиғалар тіркеліп, адам шығыны болмайынша аймақ басшылары да жайбарақат жүре береді. Қанша рет айтылса да мұндай оқиғалар жыл сайын қайталанып отыратыны өкінішті. Жалпы, Қазақстанда дүлей дауылдың салдарынан 160-тан астам ғимараттың шатыры бүлінді. Бұл туралы ТЖ комитеті дағдарысты ахуалдарды басқару орталығының басшысы Рустамбек Амрин хабарлады. Атап айтқанда, қатты желдің салдарынан Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының 22 ауданы мен 2 қаласында 160-тан астам ғимараттың шатыры жұлынып кеткен. Ақмола мен Қостанай облыстарының 9 ауданында электр желілері зақымданды. Қазір қираған нысандар мен материалдық шығындар көлемі анықталып жатыр. Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола мен Қостанай облыстарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 9 учаскесі және Қостанай облысындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 20 учаскесі жабылды. Оқыс оқиға кезінде 2 адам көз жұмды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз отырысында қала әкімі Амангелді Смайылов мәлімдеді. Оның бірі 1996 жылы туған жас жігіт. Оған Әуелбеков көшесіндегі ғимараттың шатыры құлап кеткен. Салдарынан ол бассүйек-ми жарақатын алған. Көпсалалы облыстық ауруханадағылар да бұл ақпаратты растады. «Науқас бізге ауыр бассүйек-ми жарақатымен түсті. Сағат 12.30-да қайтыс болды», – деді бас дәрігердің орынбасары Алма Раева. Екінші апатты жағдай Ақмола облысы Бурабай ауданының Ұрымқай ауылында тіркелді. 28 м/с дейін қатты жел соғып, көлік сарайының шатырын құлатқан. Өкінішке қарай, 1980 жылы туған күзетші оқиға орнында көз жұмды. Қатты дауылдың салдарынан облыс бойынша 21 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Зардап шегушілердің барлығына көмек көрсетілген. Ауруханаларға бас жарақаттарымен – 8, аяқ, кеуде және басқа да түрлі дене жарақаттармен 19 адам амбулаториялық ем қабылдаған. Сандықтау аудандық ауруханасына бассүйек-миына зақым келген 7 жастағы бала түскен. Зеренді ауданында – 1, Есіл ауданында 2 адам ауруханаға жатқызылды.
Төтенше жағдай департаменті де Ақмола облысындағы дауылдан кейінгі жағдай туралы мәлімет берді. Ведомстваның хабарлауынша, Көкшетау қаласында дауыл кезінде 4 тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттардың шатыры ұшқан, 10 аялдама павильоны мен 4 жарнама құрылымы құлаған. Краснояр селосында 1 тұрғын үйдің шатыры ұшып, Станционный кентінде 1 автобус аялдамасы аударылып түскен. Желдің күштілігінен Шевченко, Темірбеков, Әуезов көшелері, Бармашино ауданынан көз орталығына дейінгі аумақта электр желілеріне үлкен зақым келген. Дауылдың салдарынан «Аққу» балабақшасы, «Триатлон» спорт кешені, «Достық» үйі, қан орталығы, «Медикус» медициналық орталығы, «Көктем» балабақшасы сияқты қоғамдық нысандардың да жарығы өшкен. Назарбаев даңғылынан Медикус орталығына дейінгі 25 көпқабатты тұрғын үйлердің де уақытша электр энергиясы ажыратылды. Қалалық электр желісінің хабарлауынша, жалпы 2 600 абонент жарықсыз қалды. Электр жарығының сөндірілуі қаланың осы аудандарында жер қазу жұмыстарын жүргізуге байланысты болған. Аталған нысанның бәрінде электр энергиясы қайта қалпына келтіріліп, жарық қосылды.Қазіргі кезде қалалық коммуналдық қызметтер, Көкшетау ТЖБ қызметкерлері табиғат апатының зардаптарын жоюға кірісті. Бұған қалалық қызметтерден 181 адам, 8 арнайы техника, Көкшетау қалалық ТЖБ жеке құрамынан 20 адам және 3 арнайы техника жұмылдырылған. Бір айта кетерлігі, дауылдан ұшып кеткен көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша кейінгі жылдары салынған. Қала тұрғындарының сапасыз жұмыс істеген құрылысшыларға өкпесі қара қазандай. – Тапсырыс беруші мен мердігер жұмысты сапалы орындаса мұндай жағдай болмас еді. Желдің добы сияқты біресе олай, біресе былай ұшып, көшедегі дөңгелеп жатқан аялдамаларды көргенде еріксіз күледі екенсің. Содан соң «Ертеде салынған аялдамалар неге былқ етпеді» деп ойлайсың. «Мүмкін көңіл қойып, бар тиесілі қаражат дұрыс жұмсалып салынғандықтан болар» дейсің дәрменсіз күбірлеп. Енді бәрін қалыпқа келтіреді, жөндейді, дұрыстайды. Тек табиғат жарықтық былықтырып, бетін жаба салғандардың қақпағын қаңғырлатып, құрылыс нысандарының шынайы бейнесін ашып беріп жатыр, – дейді жергілікті тілші Майра Қуанышқызы. Қорыта айтқанда, табиғи апаттан зардап шеккен 3 өңірде 395 нысанға зақым келген. Нақтырақ айтар болсақ, Ақмола облысында – 210 нысан, Қостанай облысында – 92 нысан, Солтүстік Қазақстан облысында 93 нысан. Бұл аталған 3 аймақ үшін төтенше жағдай кезінде ауыр соққы болды. Облыс аумағында зақымданған ғимараттың көптігі соншалық, шығынды есептеу жұмыстарына бір апта керек екенін айтады жауаптылар. Ал қалпына келтіру жұмыстарына қаражаттың қайдан алынатыны әзірге белгісіз.