Үлкен кәсіпорындар жұмыс істей береді
Осы күні кешкілік облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларын жинап, карантин кезінде журналистерді де жұдырықша жұмылуға шақырды. – Қазір өңірде ғана емес, еліміздегі басты мәселе – коронавирус індеті. Бұл тұрғыда облыста орын алған жағдай қалыпты. Осы таңға дейін дерт жұқтырған 45 адам тіркелсе, оның 11-і сырт елден келген азаматтар. Бұйыртса, бірер күнде карантинге алынғандар арасында жазылғандарды шығарғалы отырмыз. Дегенмен қанша сақтық шараларын ұстануға халықты шақырсақ та қала ішінде қатынаған көліктер мен адамдардың саны азаймай тұр. Сол себепті біз кеселдің алдын алу үшін тұтас облысты карантинге жабу туралы шешім қабылдадық. Әрине, бұл экономикамызға өзінің салқынын тигізері анық. Алайда тұрғындардың саулығы үшін осындай қадамға барып отырмыз. Бір айта кетерлігі, «Қазфосфат» ЖШС сынды үлкен кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатпайды. Олар жұмысшыларын бір көлікпен өндіріс орнына апарып, кешкісін қайта тұрғылықты жеріне жеткізіп салуға міндеттеліп отыр. Сондай-ақ қоғамдық көліктер мен такси қызметінің де жұмысы реттеліп, тиісті шектеу қойылды. Осы жағдайды бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері халыққа жіті түсіндіруі керек. Сол себепті сіздердің бүгін бастарыңызды қосып отырмын, – деген облыс әкімі одан әрі біріксек ғана індетті жеңетімізді тілге тиек етті. Облыс әкімі дәл қазір ең бірінші көктемгі дала жұмысына көңіл бөлген абзал екенін айтты. Сонымен қатар «БАҚ өкілдері жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба мен шағын және орта бизнес субъектілері туралы көп жазуы керек» деді. «Мал шаруашылығы да назардан тыс қалмауы тиіс. Еңбек адамдарына жәрдем беру мақсатында алдағы уақытта 3 су қоймасын салып, ағын су мәселесін шешсек деп отырмыз. Одан бөлек, интернет пен ұялы байланыс желісін де жолға қоямыз. Қордайдағы жағдай бойынша «Бейбітшілік пен келісім» жобасы жанданды. Ақпан айындағы оқиғаның салдарымен күресу жолдарын да журналистер жұртқа дұрыс түсіндіргені абзал. Қашықтан оқытуда ешкімнен қалыс қалып жатқанымыз жоқ. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың үйден шықпай карантин режимін сақтауға бар мүмкіншілік жасадық. Енді тек осы талапты қатаң ұстану керек» деген Бердібек Машбекұлы сөз соңында ұлы Абайдың, әл-Фарабидің мерейтойлары мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығы сынды айтулы даталарды да телеарна мен газет бетінде насихаттауға жіті көңіл бөлуді тапсырды.Бір үйдің тұрғындары карантинге жабылды
Бұл күні карантинге қатысты «құпия» ақпараттың да беті ашылды. «Тараз қаласында бір подъездің тұрғындары қамауға алыныпты» деген әңгіме біраз күн бойы әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген болатын. Алайда жергілікті билік бұл ақпаратты барынша жоққа шығарып, жасыруға тырысты. Дегенмен Қарасу тұрғын алқабындағы көпқабатты үйде таныстары тұрып жатқан тұрғындар мұны жарыса жазып, биліктен ақ-қарасын айтуды талап етті. Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігі ресми мәлімдеме жасады. «Таразда бұған дейін коронавирус ауруына шалдыққан 86 жастағы әйел анықталған Қарасу тұрғын алқабындағы көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылды. Қазір анықталған науқас инфекциялық стационарда ем алуда. Эпидемиологиялық тексеру барысында азамат 17 наурызда Алматыдан келген жақын туысымен байланыста болғаны белгілі болды. Байланыста болған 5 азамат карантинге орналастырылды. Подъезде және тұрғылықты жері бойынша дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілді. Осы подъездегі пәтердің 27 тұрғынына 14 күнге оқшауланып, өз пәтерінен шығуға тыйым салынды. Тұрғындарды Тараз қаласының әкімдігі қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде» деп әкімдік көптің көкейіне үрей мен күдік ұялатқан жайтқа қатысты анық ақпарат берді.Дәрігер бар жағдайды жайып салды
Карантиннің «қызығы» мұнымен толастаған жоқ. Меркі аудандық орталық ауруханасының инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаева әлеуметтік желі арқылы аталған аудандағы медицина саласындағы біраз былықтың бетін ашып, жұрттың жағасын ұстатты. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханада жатқан дәрігер өзінің коронавирус жұқтырғанына аудандық аурухананың басшыларын кінәлады. Әрі әлемдік пандемияға облыстық денсаулық сақтау саласы дайын емес екенін ашына жеткізді. Дәрігердің жанайқайы министрдің құлағына бір-ақ жетіп, Елжан Біртанов аталған жайтқа байланысты жіті тексеру жүргізуді тапсырды. Ал кешкілік облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің өңірдегі департаменті бірлесе отырып, Меркі аудандық орталық ауруханасының дәрігері Толқынай Ордабаеваның әлеуметтік желіде жарияланған шағымы бойынша қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Әрі құзырлы мекеме дәрігердің виурсты қалай жұқтырғанын айтып, емдеу шаралары туралы мәлімет берді. Сонымен бірге медицина қызметкеріне сыйақы төлеу жоспарланғанын да жазды. «Бүгінгі күні аудандық аурухананың медицина қызметкерлері толық көлемде жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. 1 000-нан астам медициналық бірреттік бетперде, көп рет қолданылатын бетперде – 1 600, бір рет қолданылатын костюмдер – 1 200 бірлік, дезинфекциялық құралдар – 40 мың «Диахлора» таблеткасы, 15 литр антисептик бар. Ағымдағы жылы аурухана 3 млн 468 мың теңгеге ЖҚҚ және дезинфекциялық құралдарды сатып алған. Қосымша 6 млн теңгеге сатып алу жоспарлануда. Ағымдағы айда осы аудандық аурухананың 20 медицина қызметкері, соның ішінде дәрігер Т.Ордабаеваға да сыйақы төлеу жоспарлануда» деп құзырлы мекеме басшылары жағдайға қатысты жұбату айтқандай болды. Алайда Толқынай Ордабаева кеше Facebook әлеуметтік парақшасында өзінің аудандық ауруханадағы кеңсесінен 400 дана бетперде табылды қылып, аурухана басшысы кінәлап жатқанын жазды. Енді бұл мәселенің ақ-қарасын арнайы құрылған тексеру комиссиясы анықтай жатар. P.S.Міне, осылайша Жамбылдағы карантин жағдайы өзгеше сипатта басталды. Алдын ала болжам бойынша, карантин кезеңі екі аптаны қамтиды деп көзделіп отырса, тағы қандай қызық пен шыжық болатыны бір Аллаға аян. Алайда Таразда қозғалыс тоқтап, сақтық шарасы күшейтілгені анық. Ең бастысы, коронавирус індетінің таралуына жол бермейді деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН. Жамбыл облысы