IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин 8 сәуірде 38 жасқа толды. Ол өзінің туған күніне байланысты құттықтау жолдаған жанкүйерлеріне алғыс айта келе, Twitter-де арнайы бейнеролик жариялады. Онда ол «38 деген – жай ғана сан» деп жазыпты.
Боксшы сонымен қатар «Бір жасқа есейдім, өзімді дәл қазіргідей ешқашан жақсы күйде сезінбегенмін. Тілектеріңізге рақмет, қатерден аман болыңыздар, рингке оралар күнді асыға күтіп жүрмін», – деп жазды Тwitter-де. Ал бірқатар ақпарат құралдары қазақстандық боксшы қыркүйекте Саул Канело Альвареспен жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін болжаған. Әзірге ауызша келісім жасалған деседі. Бірақ қос боксшы да мұны ресми мәлімдеген жоқ.
Геннадий Головкин 1982 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Ол 2004 жылғы Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізіп, әуесқойлар арасында әлем чемпионы болған спортшы. Ол 2017 жылы The Ring журналының нұсқасы бойынша «Әлемнің ең үздік боксшысы» атанса, сол жылы Boxingnews24.com сайты оны WBA, WBC тұжырымдары бойынша үздік деп таныған еді.