Олар Нұр-Сұлтан, Алматы мен Қарағанды қалаларына барып, жергілікті мамандармен тәжірибе бөліседі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті.
«ҚХР-дан келген дәрігерлер Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында 5 күннен болады. Ол жерлерде мамандармен кездесіп, коронавируспен күресудің жолдарын көрсетіп, тәжірибесімен бөліседі. Алайда, қытайлық дәрігерлердің бізбен тәжірибе алмасқаны үшін ақша төленбейді. Бұл екі елдің мемлекет басшылары арасындаға өзара келісімі аясында жүзеге асады», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қытайлық инфекционист, ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Халық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Лу Чэнь елімізде COVID-19 індетімен күресу барысына баға берді.
«Нұр-Сұлтанға кеше келдік. Дегенмен, екі күн ішінде жұмыстың жақсы жүріп жатқанын көрдік. Біз кеше келгендіктен, әлі вирус жұқтырған науқастар орналастырылған ауруханаға бармадық. Алдағы уақытта медициналық мекемелерге жол түседі деген үміттеміз. Науқастарды емдеуде қазақстандық әріптесерімізбен бірге ортақ шешімге келеміз деген сенімдеміз», - деді Лу Чжэн.
Сондай-ақ, олар қауіпті вирусты жұқтырғандарға қандай ем-дом жасау керек екенін түсіндірді.
«Бүгінгі күні вируспен күресте қолданылатын бірнеше дәрі бар. Науқастарды емдеуде ол дәрі-дәрмектердің оң нәтиже бергенін көріп отырмыз. Дегенмен, ғалымдар вирусты емдеуде тағы қандай дәрілер қолдануға болатынын зерттеп, осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Ал коронавирусқа қарсы екпе әлі табылған жоқ», - деді ол.