Табиғи қоспалардан жасалған
Табиғи қоспалардан жасалған
601
оқылды

Біз осы күнге дейін косметикалық өнімдерді негізінен шет мемле­кеттерден алып келдік. Енді осы олқылықтың орны толатын түрі бар. Отандық косметология саласында жиырма жылдан бері үздіксіз еңбек етіп, тәжірибе жинаған белгілі косметолог Гүлшаш Әубәкірқызы өз косме­ти­калық өнімдерін нарыққа шығарды. Өнімдерді көпшілікке таныстыру рәсіміне өнер жұлдыздары мен белгілі тұлғалар қатысты.

Бұл өнімдердің басты ерекшелігі – тек қана табиғи қоспалардан тұра­тыны. Қазір қыз-келіншек­тері­міз бет күтіміне аса мән береді. Сұлулық салондарында түрлі қызмет түрлері ұсынылады. Тіпті пышаққа түсіп, ботокс сияқты түрлі әдістерді қолда­нады. Өкінішке қарай, оның бәрі сәтті шыға бермейді. Ал бүлінген бетті қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан неғұрлым табиғи қоспалардан дайындалған өнімдерді тұтыну қауіпсіз әрі пайдалы. 
– Елімізде сапасы жоғары отан­дық косметика өнімдерін дайын­дауды ұзақ жылдар бойы армандап келдім. Тұтынушылардың көбі негізі­нен шетелдік қымбат космети­ка өнімдерін пайдаланады. Оның сапасына, құрамында не бар екеніне ешкім кепілдік бермейді. Кейде қымбат брендтердің өзі де күткені­міздей болмайды. Өйткені біз оның дардай атына ақша төлейміз. Ал арзанқол косметикалық өнімдердің құрамында тиімді әсер беретін құрамдас бөліктері толыққанды емес. Оның үстіне елімізге шет мемле­кеттерден ағылып келіп жат­қан импорттық косметика өнімде­рінде есеп жоқ. Өкінішке қарай, оның көпшілігінің қай уақытта өндірілгені, елімізге қалай жеткізіл­гені, қалай сақталғаны белгісіз. Шетелдік бетті ағартатын кремдер­дің кейбіреуінің құрамында қорға­сын болады. Ол бетті ағартқанмен зияны бар екенін жоққа шығармау керек. Сондықтан өнімдердің құра­мында қандай қоспа бар екеніне көзіміз жететін, өзіміз сапасын бақы­­лайтын бет күтіміне арналған отандық өнім шығаруға бел будым. Әрине, өнім шығарудың өз қиын­дығы мен машақаты бар. Дегенмен айналамдағы қолдаушы­ларымның арқасында бүгінде бастапқы нәти­жеге қол жеткізе бастадық, – дейді AG cosmetics өнімдерінің иесі Гүлшаш Әубәкірқызы. 
Тұсаукесерге арнайы келген Қазақ­станның халық артисі Роза Рымбаева:
– Гүлшаштың Қытайдан атаме­ке­ніне келіп, өз орнын тауып, енді өндіріс ашып жатқаны үлкен еңбек. Бұл кез келгеннің қолынан келмейді. Мен осындай бауырларымыздың еңбегіне, жетістігіне қуанам. Біз тек қана ет пен ұн өндіріп қоймай, өзі­мізге қажет тауарлардың бәрін шы­ғаруымыз керек. Әрқайсымыз өз өнім­деріміздің тұтынушысы болуға тиіспіз. Сонда еліміз дамиды. Мені шетелдің қымбат өнімдерін пайда­ланады деп ойлайтын боларсыздар. Ол – қате пікір. Үстімдегі киім Қазақ­станда тігілген. Жазғы дема­лы­сымды Алакөлде өткіземін. Енді міне, елімізде жасалып жатқан косметиканы қолдануға дайынмын. Отан­дық өндірушілерді өзіміз қол­дамасақ, кім қолдайды? Германия машина шығарады, немістер мін­детті түрде бірінші кезекте өз көлігін мінеді. Сол сияқты біз де өндіру­ші­лерімізді қолдап, елімізде өндірілген бұйымдарды тұтынайық, – деп тілек­тестігін білдірді. 
Әзірге 12 түрлі косметикалық өнім шығарылып отыр. Алдағы уақыт­та оның қатары арта түседі. Бастап­қы кезде тек елімізде тараты­ла бастағанмен, уақыты келгенде табиғи өнімді ТМД елдеріне де шығару мақсаты бар. Кәсіби тұрғы­дан дайындалған өнім әртүрлі дәру­мен мен минералға бай, бұл өз кезегінде өнімдерді терісінде ақауы бар адамдардың емдік дәрумен ретін­де қолдана алады. Кесуге немесе екпеге жүгінбей-ақ осы өнім­дер арқылы теріні қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Тиімділігі аса жоғары өнімдер адам терісін тез қартаюдан сақтайды. Табиғи өнімді аллергияға бейімі бар адамдар қорықпай қолдана алады. Космети­калық өнімдер үшін жылына мил­лиард­таған теңгені шет мемле­кеттердің қоржынына салып беріп отырғанымыз өкінішті. Енді көпші­лік ақырындап өз өнімдері­мізді тұтынуға бейімделе бастайды. Бұл өнім­нің дайындалуына отандық ғалымдар да өз үлесін қосты.