Мамыр айының соңына дейін Қарағанды облысында 130-дан астам көпбалалы отбасы баспанаға ие болады. Жыл соңына дейін облыста 560 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылады.
Жақында Қарағанды облысында 27 отбасы қоныстойын тойлады. Ал облыс орталығы Қарағандыда жаңадан салынған 24 қабаттық «Үш жапырақ» тұрғын үй кешеніне алғашқы болып 10 көпбалалы отбасы қоныстанды.Жаңа пәтерлердің кілттерін облыс әкімі Ерлан Қошанов табыс етті.
– Бұл – ең мейірімді және жарқын мерекелердің бірі. Осындай күні еліміздің ең басты байлығы – бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан біздің халқымыз екенін айтқым келеді. Елбасының арқасында елімізде ұлтаралық келісімнің бірегей үлгісі, сенім, ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің ерекше ахуалы қалыптасты. Бұл – біздің күшіміз. Арамызда қазір бізбен бірге көпбалалы отбасылар тұр, олар Қарағандының жаңа орталығының 24 қабатты, жайлы тұрғын үй кешенінің алғашқы тұрғындары болады, – деді аймақ басшысы. Облыс әкімі сонымен қатар бұл кілттердің «жаңа өмірдің, игіліктің және бақыттың нышаны» болуына тілектестігін білдірді.
Ерлан Қошанов бұл күні облыс бойынша бірнеше көпбалалы отбасы жаңа пәтерге ие болғанын атап өтті. Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск, Приозерск, Қаражал, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа және Нұра аудандарында да көпбалалы отбасыларға пәтер берілді.
– Мен өте қуаныштымын. Осы күнді 19 жыл күттік. Міне бүгін, осындай жарқын мерекеде облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алып отырмыз. Менің алты балам бар. Бүгінге дейін пәтер жалдап тұрдық, біраз қиналдық. Бірақ енді бізде бәрі жақсы болады. Осындай сыйлық үшін бәріңізге рақмет, – деді көпбалалы ана Айгүл Әбішева.
Қарағанды тұрғыны Лаура Хасенова көпбалалы аналар атынан Елбасына халыққа қамқорлық жасағаны үшін, елдегі бейбітшілік пен келісім үшін алғысын айтты.
Жалпы, бұл күні облыстағы барлық қала, аудандарда мерекелік шаралар өтіп, түрлі әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Мерекелік салтанатқа облыстың негiзгi өнер ұжымдары үлес қосты. Татулық пен тұрақтылықты қалыптастырып, Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясы аясына біріккен этнос өкілдері елдегі тыныштық мен татулықтың нышанын байқатты. Ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты ту еткен олар ұлттық киімдерін киіп, дәстүрлі аспаптарын арқалай келді. Этномәдени бірлестіктердің әншілері мен бишілер ұжымдары бір-біріне сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ әрбiр этномәдени бiрлестiктер өздерiнiң салт-дәстүрлерi және өнерiмен таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырды. «Достық шаңырағы» облыстық этномәдениеттер фестивалі мерекенің сәнін келтірді. Жалпыхалықтық мейрамда этноауылдар әртүрлі дәстүр-салттан көріністер қойды. Халыққа қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан туындыларын, тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық тағамдарды ұсынды. Түрлі ұлт өкілдері арасында дәстүрлі тағамдар сайысы өтті.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы