Қаңғыбас жандар да жылу іздейді
Қаңғыбас жандар да жылу іздейді
737
оқылды
Дүниеде қанша жан болса, сонша бір-біріне ұқсамайтын адамдар бар. Қилы-қилы тағдырлар. Бірінің пешенесіне бай болу, бақытты болу бұйырса, енді бірі «барға – қанағат, жоққа – сабыр» тілейді.  Ал тұрғылықты жері жоқ, қаңғып жүргендер ше? 
 width= Олар да өз өмірін «қанағат» тұта ма?  Бірі – барынан айырылып көше кезіп кетуге мәжбүр болса, екіншісі – тағдыр тауқыметін көтере алмай, мәселенің шешімін бөтелкенің түбінен іздейді. Үйсіз-күйсіз баз кешіп, қоқыстан тамақ теріп жеп, қайыр сұрап, көшеде құлап жатқан жандардың осынау тағдырына алаңдаған біреу бар ма? Мүмкін, олардың да ішке түйген қайғысы, азапты дерті бар шығар? Олардың  бұл жолға еріккеннен түспегені анық. Сонымен біз бүгін ел-жұрт «қаңғыбас» деп ат қойып, айдар таққан жандар туралы толғамақпыз.  width= Үйдің маңайынан, жұмыстың төңірегінен қаңғыбастарды іздей бастадық. Күн суытып, қар түскеннен кейін бе, қоқыс ақтарып жүретін қаңғыбастар көрінбейді. Нұр-Сұлтан қаласының белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығына бару үшін әкімдіктің рұқсатын алу керек болды. Әкімдік те сауалымыздан бас тартпады. Сол аралықта біз кейіпкер іздеп, Нұр-Сұлтандағы «Артем», «Шапағат», «Еуразия» секілді базар төңірегін, теміржол вокзалдарына барып, сол маңдағы үй-үйдің арасына дейін шарлап шықтық. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, «қаңғырып» жүрген бір адам табылмады.  width= «Әр әзілдің ұшында шындығы жанасады» дегендей, «бұлардың бәрін «панасыздардың мекеніне» әкетті-ау деп әзілдегеніміз де бар. Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығына барсақ, бәрі осы жерде жиналғандай болып көрінді. Себебі, аулуға кіреберісте қоршауға сүйеніп, екі-үшеуі отыр, ар жағындағы демалатын орындарда бір тобы карта ойнап, дауласып жатыр. Оның арғы бұрышында төрт-бесеуі шылым шегіп, әңгіме-дүкен құрып отыр. Бізді алып кірген күзетші қабылдау бөліміне алып барды. Ол жерде аты-жөнімізді тіркеп алған азамат бізді Орталықтың әлеуметтік сұрақтар бойынша орынбасары Шаймерданова Динара Жанатқызына ертіп апарды. Келіскен уақыттан кешігіп барған біз, әңгімемізді бірден бастап кеттік.  width=

Барар жері, басар тауы жоқ

Сөйтсек, күн суыта бастағаннан орталық өз ішінде  «Ұтқыр әлеуметтік патруль» жұмысын ұйымдастырады екен. Қаланың Алматы, Есіл, Сарыарқа аудандары бойынша полиция тірек пунктерімен бірлесіп жүзеге асырады.  width= Нәтижесінде, олар полицейлермен бірге сол аудандарды аралап жүріп, далада босып жүргендерді жинап, орталыққа әкеледі. Қабылдау бөлімінен тіркелген олар жуынып-тазаланған соң, қажетінше медициналық көмек алады. Осыдан кейін қаланың ІІД қабылдап-тарату мекемесі мен көші-қон полициясы басқармаларымен бірлесе отырып, тұрғылықты мекен-жайы анықталып, жоғалған құжаттары реттеледі. Өзге аймақтардың азаматтары болса, сол жақтағы орталыққа жіберіледі. Жасы ұлғайғандардың туған-туысы табылмаса, қарттар үйіне тұрғызылады. Онда да мүгедектігі не зейнеткерлігі реттеліп беріледі.  width= Динара Жанатқызының айтуынша, осында келген адамдар 1 айдан бір жылға дейін тұра алады. 2001 жылдан жұмыс істеп келе жатқан орталық, бұл жандарға жеті түрлі әлеуметтік көмек көрсетеді. Мекеменің негізгі мақсаты – белгілі тұрағы жоқ, кәсібі және тіршілік ету қаржысы жоқ тұлғаларға әлеуметтік, медициналық секілді басқа да көмек көрсету. Сонымен қатар қаладағы санитарлы-эпидемиологиялық, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
– «Барар жерім, басар тауым жоқ. Үй-күйім ол жоқ, далада қалдым» дегендер біздің орталыққа келеді. Адамның қиын жағдайға түскені түрінен-ақ белгілі ғой. Оның үстіне, осы жерде істеп, адамның өтірік-шынын түрінен танитын болдық. Әйтпесе, бізге келген адамдарды ортылықтың ережесімен таныстырамыз. 2019 жылдың қаңтарынан желтоқсан айына дейін 1342 адам қабылданды, – дейді ол.   
 width= Артықшылығы, ер мен әйелдердің жатақханасы екі бөлек орналасқан. Әрқайсысы төсек орнын, жатын бөлмесін өзі жинап тазалайды. Тіркеу бөліміне түсте барғандықтан қабылданып жатқан ешкімді көрмедік. Негізі қабылдау жұмысы 11-ге дейін өткізіледі екен. Содан осы жердегі бөлмелерді аралай бастадық. Байқағанымыз, әйелдерден гөрі – ер азаматтың көптігі. Оның көбісі орыс екен. Шыны керек, қазақтың аз болғанына қуандық. Соның арасында мүгедек жандарға да бөлмені бөлек берген.  width=

Өтірік-шыны аралас

Жасыратын несі бар, бізді фотоаппаратпен көріп, бәрі орындарынан тұрып кетуге тырысып, бет-жүздерін көрсетпеуге тырысты. «Қал-жағдайын сұрастыра бастап едік, бір адам жауап беріп, сөйлесуге ілтипат білдірмеді. Біз де сол күйде шықтық. Әйелдер бөлмесіне барғанымызда, ондай тіксіну байқалмады. Бөлменің бергі шетінде отырған келіншектің сөйлесуге қарсы емесін көріп, «бұл жерге қашан, қалай келдіңіз?» дегенімізде, «Осы орталыққа 20 жасымда келдім. Арқалықтанмын. Ажырасып кеттім. Қызым бар, жасы 22-де» деп әңгімесін бастай жөнелді.  
43 жастағы келіншектің әңгімесінен «өтірік» айтып отырғанын байқап қалдық. Шошытып алмайын деген оймен «Балалық арманыңыз орындалды ма? Не тілеп едіңіз?» дегенге «Бала кезімде бастауыш сыныптың мұғалімі болғым келді. Сегіз жыл арнайы мектеп-интернатты оқыдым. 1988 жылы жол апатына түсіп, ота жасап, реанимациядан бірақ шықтым. Сөйтіп, мектепті бітіре алмай қалдым. Бастауыш сыныптық білімім ғана бар. Содан ештеңеге жарамсыз болып, психикалық ауытқушылық пайда болды», – деді ол.
 width= Оның айтуынша, өзінің ағайын-туғаны бар. Олармен араласпай кетіпті. Жол апатынан кейін жұмысқа жарамсыз болған ол «жұмыс болса істеймін» деп отыр. «Көкөністі не азық-түлікті реттей аламын. Одан басқа жұмысқа жоқпын. Бастысы, өз-өзімді күтіп, таза ұстаймын. Негізі шешем эпилепсиямен ауырған еді. Соның салдарынан мен де толығымен айығып кете алмадым» дейді. Оны орталық қызметкерлері аялдамада ұйықтап жатқан жерінен алып келіпті.  width= Орталықтың күндізгі бөлімінде – 180 орын, ал түнгі бөлімінде  – 50 адам. Бұл бөлім жаз мезгілінде кешкі сағат 21.00-ден таңғы 9.00-ге дейін жұмыс істесе, қыста кешкі сағат 18.00-ден күндізгі 10.00-ге дейін есік ашық. Ол жерде төсек орынмен бірге ыстық шай беру мүмкіндігі де қарастырылған.  width= Олар әрбір қызмет алушыға тіркеу картасы толтыруымен қатар, құқығын қалпына келтіру іс-шараларын өткізуде әр тоқсан бойы электрондық картотека бойынша тіркеу жүргізеді. Оған қоса, мұндағы адамдардың психологиялық және моральдық әл ауқатын қалпына келтіру үшін сенсорлық бөлме, кітапхана, тренажер залы, музыкалық аспаптармен жабдықталған мәжіліс залдары бар.  width=

Жақсы өмірге әркімнің-ақ бар таласы

Мекеме психологінің мәлімдеуінше, «Келушінің бәрі алғашқы сәтте ештеңе айтпайды. Айтса да, көбісі өтірік. Өтірік айту олардың қанына сіңіп кеткен. Оның үстіне 70-80 пайызы – өзін жоғалтқан адамдар».  Бұл жерге түскендердің басым көпшілігі ішімдікке салынуынан, екіншісі – балалары мен немерелеріне керексіз қалуынан.    width=  – Негізінен келген әйелдің көбісі – депрессияға түсіп кеткендер. Оның көбісі осылай жүріп өмір сүруді үйреніп алған. Ешқандай жауапкершілік алғысы келмейді. Баласын асырағысы келмейді. Тіпті оған жұмыс тауып берсек те, кейбірі істемейді. Мәселен, аула сыпырушы дегенге барғысы жоқ. Бұған не дейсіз? – дейді психолог. Оның айтуынша, орталыққа келіп түскендердің арасында жай-күйі болса да, осында келетіндер де бар екен. Мысалы, осы қаланың тұрғыны, үлкен әже немересімен ұрсысып қалған сайын орталыққа келген. Бір емес, үш рет болыпты. «Бастапқыда ешкім ашылып, ақтарылмайды ғой. Сөйлесе келе жалғыз ұлы ерте қайтыс болғанын білдік. Содан қалған бір тал қызды өзі өсіріп, оқуын оқытқан. Қыз бала бой жетіп, тұрмысқа шыққан. Міне, сол кезден үйінде ұрыс шыға бастаған. Сөйтсе, ол қарт «маған бұрынғыдай көңіл бөлмейді» деп немересін қызғанған. Уақыт өте бұл қылығын түсінген апа немересімен татуласқан», – деген психолог, қазір бәрі тату-тәтті тұрып жатқанын жеткізді.    width= Келушілердің ішінде түрмеден шыққан азаматтар да болады екен. Ал олардың жұмысқа тұруы да қиын. Мекеме басшылығының айтуынша, олар жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жұмыс істейді. Соның көмегімен курстарға жазып, тегін оқытады. Оның арасында тігіншілік не ағаш өңдеу курсын бітіргендер бар.  width= Қызығы, олардың арасында аяғына тұрып, отбасылы болып кеткендер де жоқ емес. Соның бірі – Жанбатыр деген жігіт. Ол бұл орталыққа осыдан 5-6 жыл бұрын түскен. Бір көзі көрмейтін ол соны емдеуге тырысып, амплутанциясын жасаған. Сөйтіп, ІІІ-топтың мүгедектігін алды.  Қазір осы орталықта санитар болып жұмыс істейді. Уақытылы жалақысын алып, жалдамалы пәтерге шығып, екінші жартысын тауып, өмір сүріп жатқан жайы бар. Сөйтіп, Жанбатырдың өзімен сөйлеспекші болып, жұмыс істеп жүрген жеріне бардық.
– Жеке кәсіпорындарда жүк тасушы болдым. Әрине, арақ ішкенім рас. Бірақ бәрі ішімдіктен кесірінен деуге де болмайды. Ішімдікті ешкім қинап ауызыма құйған жоқ, өзімнен де бар. Өмірге адам болып келген соң, адам болып өту керек. Тым болмағанда сол адамдықты сақтағым келеді, – деген ол.  – Қазір ішімдікті де, темекіне де тастадым. Келіншегім екеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Оны осы жерде кездестірдім, бірге жұмыс істедік.
 width= Өзі төрт ағайынды, оның ішінде ортаншысы екен. «Бір ағам, екі інім бар. Олармен телефонмен сөйлесіп тұрамын» деген Жанбатыр бұл орталыққа бірнеше рет түскенін айтты. Айтуынша, бірінші рет 2008 жылы аяғын сындырып алғанда түскен. Екінші реті 2010 жыл. Ал осы жерде жұмыс істеуге шақырғанда 2016 жыл екен.
Сексеннен аса қызметкері бар мекеменің жалақысы да айтарлықтай жоғары емес екені бесенеден белгілі. Дегенмен, басшылық Динара Жанатқызынан «қызметкерлердің жалақысы қанша?» деген сұраққа «Жалақымыз аз, ал жүргізушілердікі – мүлдем төмен. Шынын айтсақ, біздің жалақымен өмір сүру қиын. Алайда, бұл жұмысты да біреу істеуі керек қой» деп күлімсіреп қойды.
 width= Әрине, әркімнің тағдыры әр қилы. Адам өз үйінен безіп, еріккеннен орталықты паналамасы белгілі. Оған да жылу қажет. Әсіресе, адамдардың жылуын аңсайды. Сағынады. Қамқорлықты сезінгісі келеді. Ал осындай жылу сыйлап отырған орталықтың да қызметкерлерінің жалақысы мәз емес. Арзан ақшаға алданып, күн көріп отыр. Оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бар кінәсі үйсіздерге үй, күйсіздерге күй беріп отырғаны ма? «Қаңғыбас» жандар да қоғамға қажет екенін сезінгісі келеді.