Ұлыбританияда коронавирустың жаңа түрін жұқтырған науқастардың саны 79 мыңнан асып, кеселден көз жұмғандардың қатары 10 мыңға жуықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бір тәуліктің ішінде 900-ден астам адам көз жұмды. Сондай-ақ 19 дәрігер осы дерттің құрбаны болды. Жағдайдың ушығуына байланысты жергілікті билік тұрғындардан үйде отыруды талап етеді. Ауруханаларда науқастарды қабылдайтын бос орын жоқ. Аймақта білім алып жүрген қазақстандық студент Исмағұл Аружан да қазір карантин режимін сақтап отыр. Оның айтуынша, ауру белгілері жеңіл түрде өткен науқастардың басым бөлігі өз үйлерінде оқшауланып емделуде. «Жергілікті биліктің талабы осындай», - дейді ол.
Аружан Исмағұл, студент: - Дәрігерлер дерттің белгілері асқынған жағдайда ғана жедел жәрдемге хабарласуын сұрайды. Ал, ауру жеңіл түрде өтетін болса, үйде оқшаулануды талап етіп отыр. Науқастардың саны ұлғайды. Ал, ауруханаларда орын тапшылығы байқалды. Мамандар бұл жағдайды шешу үшін кейбір науқастарды емдеу үшін жақын маңдағы қалаларға жіберіп жатыр. Жуырда билік әскери госпиталь ашылады деп хабарлаған болатын. Дәрігерлер мен мамандардың айтуы бойынша вируспен күресудің ең тиімді жолы карантин тәртібін сақтау керек деп ескертіп отыр.