«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ отандық фермерлерін үздіксіз қаржыландыру жұмыстарын жалғастыруда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 31 наурыздағы мәлімдемесінде көктемгі егін жұмыстарының уақтылы жүргізілуінің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне 5 пайыздық мөлшерлемемен 70 миллиард теңге бюджеттік несие беруді тапсырған болатын.
«ҚазАгро» Холдингіне еншілес «Аграрлық несие корпорациясының» «Кең дала» несиелеу бағдарламасы аясында жыл сайын 3 миллион гектар алқапта көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландырады. Мемлекеттік қолдау шаралары арқасында биыл берілген жеңілдетілген несие көлемі 70 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл ауылдық жерлерде 2,4 мыңнан астам кәсіпкер үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын өткізуге оң ықпал етеді.
Бүгінгі таңда Корпорацияның бөлінген бюджет қаражатынан 59,6 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелер шаруларға үлестірілді. Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай режиміне қарамастан, биылғы қаржыландыру көрсеткіштері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір асып түседі, былтыр осы уақытта 34,1 млрд теңге несие берілген болатын. Пандемияға байланысты шектеулерге қарамастан, Корпорацияның жылдам жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін уақытылы қабылданған іс-шаралар саланы қаржыландыру көлемінің ұлғаюына әсер етті.
Айтып өтейік, рәсімдерді оңтайландыру және оңайлату жұмыстары аясында агроөнеркәсіптік кешен ұсынатын құжаттар тізбесі заңды тұлғалар үшін 27-ден 13-ке, ал шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге 16-дан 12-ге дейін қысқартылды. Сонымен қатар, 30 күнтізбелік күннен 10 жұмыс күніне дейін өтініштерді қарау және қаржыландыру туралы шешім қабылдау мерзімдерін оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілді.
Төтенше жағдай және карантин кезінде, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ көктемгі дала жұмыстарына келіп түскен несиелік өтінімдерді қашықтан шешім қабылдай алады. Орталық аппарат пен Корпорацияның кейбір филиалдары қашықтан жұмыс үлгісіне қарамастан, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін үздіксіз және уақтылы қаржыландыру қамтамасыз етіледі.
Президенттің барлық тапсырмаларын орындау басымдық болып табылады. Бұдан бөлек, барлық нормативтік құқықтық актілерді уәкілетті мемлекеттік органдар мақұлдағаннан кейін, Аграрлық несие корпорациясы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бағытталатын 100 млрд теңгені көктемгі егіс жұмыстарын қосымша қаржыландыру өтінімдерін қабылдап, өңдей бастайды.