Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова Қазақстанда коронавирустың шарықтау шегі мамыр айында болуы мүмкін деген болжамын айтты.
«Біздің ғылыми орталықтарымыз дайындаған болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирус инфекциясының шарықтау шегі сәуір айының соңы мамыр айының басына тұспа-тұс келуі мүмкін. Ол кезде шамамен коронавирус жұқтырғандардың саны 2 мыңға жетуі ықтимал», – деді Людмила Бюрабекова.
Айта кетейік, соңғы дерек бойынша Қазақстанда коронавирусқа 1091 адам шалдыққан.
Оның ішінде, Алматы қаласында – 99 адам, Қарағанды облысында – 1 адам, Нұр-Сұлтан қаласында – 3 адам, Алматы облысында – 1 адам, Ақмола облысында – 2 адам, Батыс Қазақстан облысында – 2 адам, Түркістан облысында – 1 адам, Атырау облысында – 3 адам қауіпті дертпен ауырады. Олардың 110-ы жазылып шықты. 12 адам көз жұмды.