Осыдан бірнеше күн бұрын Lada.kz сайтында «Жители 5 микрорайона Актау возмутились отчетом чиновников о ремонте дорог» атты ақпарат жарыққа шықты. Осы мәселені анықтау мақсатында Nur Otan партиясы Ақтау қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясы 5 шағынауданға барып, жолдың сапасын тексерді.
Сондай-ақ Ақтау қаласы 5 шағынаудандағы ішкі жолдарды жөндеу бойынша шенеуніктердің есептерінде келтірген наразылықтары туралы жарияланған дерек бойынша Nur Otan партиясы Ақтау қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясы отырысында қаралды. Жиынға Nur Otan партиясы Ақтау қалалық филиалының төрағасы Шамсадин Гусейнов жетекшілік етті.
Отырыс барысында Ақтау тұрғындарының 5 шағынаудандағы ішкі жолдардың жамау жұмысының аяқталмағаны, мердігер барлық шұңқырды бекітпегені айтылды. Аталған даулы мәселе бойынша Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев жауап берді.
Отырыс нәтижесінде Nur Otan партиясы Ақтау қалалық филиалының партиялық бақылау комиссия тобы орын алған бұзушылықтарға қарсы бірқатар тапсырма берді.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне мердігер мекеменің 5 шағынаудандағы ішкі жолдардың жамау жұмыстарына анализ жасап, тиісті шара қолдану керегі айтылды. Ал Ақтау қаласының әкімдігіне Ақтау қаласы 5 шағынаудандағы ішкі жолдардың жасалмай қалған жұмыстарын жалғастыру үшін қаржыландыру мәселесін шешу ұсынылды.
Нәтижесінде, ауладағы жолдар жамалып, қайта қалпына келтірілді. Резонансты бейнематериалдың әлеуметтік желіге шығып, көпшіліктің теріс пікір қалыптасуына ықпал еткен, партия беделіне нұқсан келтіргені үшін Nur Otan партиясының мүшесі, Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаевқа «ескерту» түріндегі партиялық шара қолданылды. Сондай-ақ бұл тапсырманың орындалуы партия бақылауына алынды.