Төтенше жағдай режимі жарияланған күннен бастап, індеттің таралмауы үшін дәрігерлер табандап күресіп жатыр. Ауруханада күндіз-түні еңбек етіп, індеттің алдын алуға, таралмауы күшейтілген режимге көшті. Пандемия кезінде олардың еңбегін жоғары бағалаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге жалақыдан бөлек қосымша үстемеақы төлеуді тапсырды. Олардың денсаулығы, еңбегі үшін мемлекеттен беріліп жатқан көмек дәрігерлерді қолдау үшін жасалып отыр. Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасы Дәрі-дәрмек бөлімшесінің жоғары санатты аға медбикесі Елена Белялова дәрігерлерге бұрын-соңды мұндай қолдау болмағанын айтты.
– Пандемия – бүкіл әлемді әбігерге салған індет. Дәл осындай қиын кезеңде адамдардың дертке шалдыққанын жылдам анықтау – вирустың таралмауының алдын алады. Індетпен күресте дәрігерлер күн демей, түн демей халықты аман сақтап қалу үшін жан таласып еңбек етіп жатыр. Әсіресе, осындай қиын шақта дәрігерлердің жанкешті еңбегін елеп, оларға жалақысынан бөлек қаржылай үстемеақы төлеуге тапсырма берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамын. Ұжым үстемеақыны өткен жұма күні алдық. Қиын шақта дәрігерлерге қолдау білдіргеніне рақмет! Бұрын жалақы мен медицина қызметкерлері күнінде сыйақы алатынбыз. Жиырма бес жылдан астам уақыттан бері осы салада еңбек етіп келе жатырмын. Бірақ қазіргідей еңбегімізге қосымша үстемақы төленген емес. Сондықтан індеттің таралу қаупі сейілмей тұрған шақта дәрігерлерге қолдау көрсетіп жатқан барлығына алғысым шексіз.
Бірлігіміз мықты болса, карантин талаптарын сақтасақ бұл қиындықтан да өтеміз. Пандемияны жеңуге әрбір азамат төтенше жағдайдың талабын сақтай отырып, өз үлесін қоса алады. Халқымыздың дені сау, аман-есен болсын!