Instagram желісінде Dauletten парақшасын білмейтін адам аз. Дәулет Төлеутайұлының бұл парақшасын қайырымдылық қазаны деуге болады. Иә, «Қайырымды жұма» аталатын акциясы үйсіз-күйсіз талай отбасының баспаналы болуына мүмкіндік берді. Қайырымдылық мақсатында қаржы аударатындар – Dauletten парақшасының оқырманы, сіз бен біз сияқты қарапайым халық. Олар танымайтын, білмейтін отбасыға бір тәулікте үй алып беретін күшке ие. Мұның сыры неде, Дәулет Мұқаевтың өзінен сұрадық. – Сіздің әлеуметтік желідегі оқырманыңыз мұқтаж жандардың баспаналы болуына, ем алуына қаржы жинауда өте белсенді. Олар өзі жыға танымайтын кісіге ақшаны қалай жылдам жинайды?
– Бұл, айналып келгенде, халықтың сенімі деп білемін. Қайырымдылық мақсатында ақша аударған адамдарға жиналған қаржының әрбір тиыны туралы есепті жариялап отырсаңыз, ақша діттеген жеріне жетіп жатса, сенім пайда болады. Сенім – ең үлкен капитал. Ақшаның көп жиналуының себебі сол деп ойлаймын. Иә, мұндай сұрақты маған жиі қояды, өз тарапымнан оқырманыма жалақының 1 пайызын садақаға беріп үйренсеңіз, адамнан емес, Алладан қайтатыны сөзсіз деп айтып отырамын. Мәселен, 50 мың теңге жалақы алатын адам 500 теңге садақа беріп үйренсе, бұл оның қайырымдылықпен айналысқаны болып саналады, бір жағы садақа бергені де болып есептеледі.
– Көмектесетін адамды қалай таңдайсыз? Оның көмекке шын мұқтаж екенін қалай анықтайсыз, зерттейсіз бе?
– Әрине, әуелі зерттеп-зерделейміз, әр аймақта волонтерларымыз бар, олар көмекке зәру адамды менен жақсы біледі. Тұратын жеріне барып, көріп, қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын видеоға түсіріп жібереді. Содан кейін ол адамның атында мүлкі бар ма, жоқ па деген сауалға жауап алу үшін базаны қараймыз. Баспанасыз адам туралы ақпаратты алу жеңіл әрі жедел. Сондай-ақ баспанаға да ақша жедел жиналатынын түсіндім. Ал ауру адамға ақша жинау, шынын айтқанда қиындау. Өткенде біз қатерлі ісік ауруына шалдыққан Самат үшін ақша жинадық, сол кезде «ауру балаларға неге жинамайсыңдар?» деген пікір айтылды. Ал науқас балаға жинай бастасаң, балаға ақша жинайтындар көп, жанашыры жоқ ересектерге жинайық дегендер шықты. «Менің баламның дерті одан да ауыр» деп жазғандар болды. Сондықтан соңғы кезде қайырымдылық жасауды баспана алуға ғана бағыттағым келіп жүр.
– Елді алаңдатқан коронавирустың қашан аяқ тартары белгісіз. Осы кезеңде көмекке зәру адамға ақша аударушылар азайған жоқ па?
– Біз тек ұсыныс тастаймыз, ал көмек беруді әркім өзі шешеді. Ешкімді қинамаймыз, ұсынысымызды қабыл алғандар қаржы аударып жатыр. Карантин басталғалы бері үй сатып әперумен қатар азық-түлік жеткізуді де қолға алдық. 114 отбасыға азық-түлік алуды жоспарлап едік, мақсатымызға жеттік. Олар – көпбалалы отбасылар, көпбалалы жалғызбасты аналар. Жезқазғанда 6 қызы бар жалғыз ана тұрады. Жетіншісіне аяғы ауыр, жақында күйеуімен ажырасуға мәжбүр болды. Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде жеті бала жеті жақтан тамақ сұрағанда ана байғұстың қалай қиналатынын ойлай беріңіз. Сондықтан біз төтенше жағдай аяқталғанша тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге мән беріп отырмыз, бүгінге дейін тек осы мақсатымызға 4 млн теңгеден астам қаржы жиналып, жұмсалды. 1-2 отбасының несиесін жауып бердік. Бұл жалғыз менің жұмысым емес, біз команда болып жұмыс істейміз. Мысалы, Instagram-дағы парақшамызға Жансая деген қызды қойдық, көмекке мұқтаж адамдар Жансаяға жазылып, тіркеледі.
– Жұмысынан немесе табысынан айырылғандар үшін мемлекет тағайындаған 42 500 теңге алу үшін қалай, қайда өтініш беруді түсіне алмағандар көп болды. Техникалық қиындыққа қаржылық сауаттың төмендігі қосылып, соңында үйде отыруы тиіс халық банк пен әкімдік жағалап кетті. Аталған көмекті қалай алуға болады деген сауалға парақшаңызда жауап беріп жатқаныңызға бірнеше күн болды. Шаршаған жоқсыз ба? Себебі бір жазбаңызда «өтінішті бәріңіз бере беріңіздерші, Үкімет бере ме, жоқ па өзі шешеді» депсіз.
– Әрине, шаршадым, неше түрлі сұрақ келеді, күн демей, түн демей жазатын адамдар бар, жауап бермесең ренжиді. Жазғанымды толық оқымаған соң түсінбей қалады, кейде соған қынжыламын. Бір нәрсені бірнеше рет түсіндіргенде шаршағаным рас, сондықтан өтініш тапсыра беріңіз, Үкімет өзі шешеді дедім, себебі өтініш ЖСН арқылы тіркелген соң сол ЖСН арқылы базадан тексеріледі.
Сонымен бірге айтқаныңды қағып алып, істей қойып, тиісті көмекті алған соң алғысын айтып жатқандар да бар. Ондай кезде шаршағанымды ұмытып кетемін.
Меніңше, 42 500 теңге табысынан айырылғандар үшін үлкен көмек. Тек осы көмекті тағайындамай тұрып, Үкімет халықты дайындап алуы керек еді. Өтініш қабылдауды 10 сәуірде бастаймыз, оған дейін ЕСП төлеңіз, шотыңызды ретке келтіріңіз, жоқ болса, ашыңыз, дайындалыңыздар, асықпаңыздар, бәріңіз де үлгересіздер дегенде халық жинақталар еді деп ойлаймын.
– Біз сізді баспана нарығының сарапшысы ретінде де танимыз. Төтенше жағдай пәтер сатып алуға қолайлы кезең бе?
– Дәл қазір асығып үй алудың қажеті жоқ деп ойлаймын, нарықты бақылап отыру керек. Мысалы, үй сатып алушылар азайғандықтан, сатушылар көбейеді, пәтер иелерінің өзіне де ақша керек. Көптеген үй ипотекаға алынған, сондықтан қарызға кірмей үйімді сата салайын дейтіндер де болады. Қайталама нарықтағы үйлер арзандауы мүмкін. Ал жаңа үйлердің құны керісінше, 10-15 пайызға өсіп кетуі ықтимал. Себебі құрылыс материалдарының көбі шетелден келеді.
– Төтенше жағдайға көшкелі қашықтан жұмыс істеп, сабақ оқуға көштік. Жалпы, осы кезеңде онлайн режимдегі бизнестің бағы жанады дейді. Сіз де ақылы негізде онлайн-курс өткізесіз, кәсібіңіз қаншалықты табыс әкеліп жатыр?
– Күшейтілген карантин енгізілген қалада тұрамын, табысым азайды деп те, көбейді деп те айта алмаймын. Бастысы, карантинде де уақытты тиімді пайдалану керек деп санаймын. Халықтың жағдайын ескеріп, ақылы курсыма жеңілдік жасадым, «Дәулеттен» күнделігімді де 40 пайыз жеңілдікпен сатуға шығардым. Мен халықтың қаржылық сауатын көтеруге бағытталған курстар өткіземін. Қаржылық сауат жұлдызнама немесе нумерология емес, ақшаны дұрыс жұмсауға, есеп-қисапты дұрыс жүргізуге көмектеседі. Ақша деген қызық нәрсе, ол проблема туғызады және сол проблеманы шешеді. Ал кризис кезінде ақшаны тиімді жұмсау аса маңызды. Карантин кезінде Youtube-тегі арнамды дамытуды қолға алдым. Үш тәуліктің ішінде 44 мың адам жазылды. Жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Пайдалы дүниелерді салып жатырмын.
– Бәлкім, бұл сұрақты сұхбат басында қоюым керек пе еді... Мұқтаждарға көмек ұйымдастыру оңай емес. Қызығы мен шыжығы жетіп артылады. Осы жолды таңдауға не себеп болды?
– Бұл менің мектеп кезінен келе жатқан хоббиім, ардагерлердің ауласын тазалауға баратынбыз, студент кезімізде «Орбитадағы» балалар үйіндегі балалар үшін стипендия түскенде ақша жинап, шұлық, аяқ киім алып беретінбіз. 2010 жылы Қызылағашты су алғанда көмекке барған волонтерлар арасында да болдым. Қайырымдылық жасаумен 10-12 жылдан бері айналысып келеді екенмін. Уақыт өте парақшама жазылушылар көбейгенде, осы адамдарды жақсы іске жұмылдырсақ деген ниет пайда болды, нәтижесі көңіл қуантып жатыр. Арамызда қайырымды адамдар өте көп.
– Жуырда әділет органына «Дәулеттен» қорын тіркеуге өтініш бердіңіз...
– Иә, «Дәулеттен» қорын ресми тіркеу туралы шешім қабылдадық. Адамды байлыққа жетелеуіміз керек, байыса қазақ байысын, әр адам дәулетті өмір сүрсін деп үнемі айтып жүремін. Білімнің байлығы, рухани байлық, материалдық байлық адамның бәрінде болғаны жақсы. Қордың мақсаты – қайырымдылық жасау. Негізгі бағыты – баспана алып беру. Алдағы уақытта дәрі-дәрмек пен азық-түлік алу үшін ақша жинауды азайтамыз. Әрі қарай баспана алып беру мен білім беруге ғана басымдық беріледі. Білімге инвестиция саламыз, болашақта үлкен мектеп салуымыз да мүмкін. Кезінде Ыбырай Алтынсарин атамыз «Кел, балалар, оқылық!» деп қазақ балалары үшін мектеп ашты, біз де халықтың қаржылық сауатын көтеретін, жоғары деңгейде білім беретін мектеп ашсақ деген мақсат қойып отырмыз.
– Бүгінге дейін жасалған қайырымдылық шараларының статистикасын жүргізесіз бе? Мысалы, қанша адам баспаналы болды, қанша адам еміне қолдау алды деген мазмұнда қорытынды есеп жасала ма?
– Командамдағы балалар жуырда ғана осы күнге дейін атқарылған жұмыстың статистикасын жасайық деген болатын. Шынымды айтсам, бүгінге дейін ондай статистика жүргізбеген екем, себебі 24 сағатта жиналған ақшаның есебін Instagram- ға салып қоямын, сол үшін 6-7 пост жазылады. Бірақ қағазға түсірмеппін. Өткенде көмекшілеріме кімге қандай көмек бере алғанымызды еске түсіргенде көмектің бюджеті шамамен 85 млн теңгедей болған еді. Бірнеше отбасы баспаналы болды. Саматтың операциясына 19 млн теңге жиналды. Бүгіндері азық-түлік сатып алып жатырмыз. Осының бәрі менің емес, оқырманымның ақшасы, олар ешқашан аянып қалған емес. Әрине, бір адамға көмек ұйымдастырсақ, ертесіне 10-15 адам көмек сұрайды. Бұл заңды да. Біз де қолдан келгенін жасаймыз. Көмек сұраушылар, әсіресе қазіргі күні көбейіп барады. Сондықтан оларға адамның емес, Алланың берері мол болса екен деп тілеймін.