Қайта тексеруден өткен 19 адамнан тағы коронавирус табылды
Қайта тексеруден өткен 19 адамнан тағы коронавирус табылды
Фото: Интернеттен алынды
2,234
оқылды
Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, вирус жұқтырғандар саны 264 адамға жетті. Соңғы екі күнде 29 науқас тіркелді. «19 жағдай – өкпенің екіжақты қабынуы, тыныс алу қиындығы бойынша бірнеше күннен бері стационарда жатқан науқастардан табылды. Олардың алғашқы сынамасында коронавирус инфекциясы табылмаған еді», – деді басқарма басшысы. Бірақ, КВИ диагностикалау мен емдеу хаттамасында ауру белгілері (рентгенограммада немесе компьютерлік томографияда өкпенің екіжақты өзгеріске ұшырауы) байқалған адамдардан қайта сынама алу ұсынылған.
«Осылайша, дәрігерлер қайта сынама алған 19 науқастан инфекция табылды. Бұл әдіс арқылы коронавирус инфекциясын диагностикалау мен емдеу тиімді болады. Тағы 7 оқиға - науқастармен байланыста болғандар, отбасы мүшелері немесе бірге жұмыс істегендер арасынан табылды. Олар бұған дейін оқшауланып, тексеруден өткен және инфекция расталғандықтан, ауруханаға жатқызылды. Ал 3 оқиға – коронавирус инфекциясы бойынша жүргізілген мониторинг барысында табылды», – деді Сәуле Қисықова.
Бұған дейін басқарма басшысы Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адам туралы айтып берген еді.