Елорданың дәл іргесіндегі елді мекеннен екі бірдей індет ошағы анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сөйтіп Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулы қабылдап, ауылдағы жүріс-тұрысты шектеді. 20 мың тұрғыны бар Қараөткел карантинге жабылды.
Жергілікті биліктің айтыунша, қимыл-қозғалысқа шектеу кеше кешкі сағат сегізде енгізілген екен. Елді мекенге кіреберісте блок-бекеттер орнатылған. Бұл жерде патрульдік полиция қызметкерлері қызметін атқарып жатыр. Қарапайым тұрғындардың кіріп-шығуына қатаң түрде шектеу қойылған. Өйткені Қараөткелде коронавирус инфекциясы бар екі ошақ анықталды. Елді мекен маңында барлығы қатаң түрде тексерістен өтуде.
Түсірілім жасауға келген бізден де жергілікті билік тиісті құжат талап етті. Жалпы жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, COVID-19 вирусы табылған екі үйдің тұрғындары шектеулерге қарамастан елордаға жиі қатынап тұрған. Осындай жағдайларға байланысты індеттің таралуын тоқтату үшін Қараөткел толығымен карантинге жабылды.
Саят Қаханов, Қараөткел ауылдық округінің әкімі: – Қазір елді мекенге азық-түлік, дәрі-дәрмектерді тасымалдаған көліктер еш кедергісіз өте алады. Қараөткелде 2 дәріхана, 30-ға жуық азық-түлік дүкені жұмыс істеп тұр. Ешқандай проблема жоқ. Тек осы елді мекенде тұрып, Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтін адамдар қалай қатынайды деген сұрақ туындап тұр. Қазір бұл мәселе шешіліп жатыр. Егер жұмыс беруші өзінің қызметкеріне елордада уақытша баспана берсе, онда біз оны шығара аламыз. Ал ондай мүмкіндік бермегендері еңбек демалысына жіберілген. Яғни үйлерінде отыр.
Қазір Қараөткелге осы елді мекеннің тұрғындары ғана кіріп жатыр. Яғни олар – ауыл карантинге жабылғанға дейін үйлеріне қайтып үлгермегендер. Ал Қараөткелден тек бас шаһардың немесе осы елді мекеннің тіршілігін қамтамасыз ететін жұмысшылар ғана шыға алады. Тағы ауруханаға бет алғандарға да жол ашық. Тек қолда тиісті анықмата болу керек. Тағы ауылдан шығуға жеке бастың кей мәселелері де қарастырылады.