20 жылдан бері Қызылорда Жылу Электр Орталығы көмір пайдалануды қойған болатын. Қаланы жылумен қамтитын мекеме алдымен мазутқа, одан кейін газға ауыстырылды. Ал кезінде жағылған көмірдің күл үйіндісі қала шетіндегі 42 гектар аумақты алып жатыр. Үйінді айналасына бүгінде жеке тұрғын үйлер, саяжайлар және тубдиспансер орналасқан. Шаңды дауыл бұрқыраған күндері желмен бірге ақтүтекке орайтын күл үйіндісі тұрғындардың денсаулығын улау мен қатар түрлі асқазан, өкпе сырқаттарына апаратынын сол маңайдың тұрғындарының жан-айқайы болатын. Айта кету керек, жергілікті экологтар осы уақытқа қол қусырып қарап отырған жоқ. Қызылорда облысы бойынша экология департаменті жергілікті билік алдына күлді жою мәселесін бірнеше рет қойған. Егер күлден құтылған орайда, қауіпті гектардағы топырақты қалпына келтіру және саябақ аймағын құруға болады, десті. Бұл орайда, мамандар тіпті сонау 2006 жылы күл үйіндісін жою жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінде дайындаған екен. Онда көрсетілген барлық жұмыстарға 367 млн теңге қажет болған. Бірақ ол замандары бюджеттің шамасы жетпегесін жылы жауып қойған. Бұдан әрі, жыл сайын, жобаның құны да өсіп, қала мен облыс бюджетін тығырыққа тіреген. Дегенмен, бұл проблемадан құтылатын күнде алыс емес екен. Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаевтың айтуынша, проблемалық аумақтағы миллион тонна күлді шығаруды тампонажды цемент өндіретін GezhoubaGroupCementCo., Ltd (ҚХР) кәсіпорынға ұсынған. – Көмір күлін пайдалануға қатысты «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясымен меморандум жасалды. Ұзақ жылдар ішінде жиылған миллион тонна күл қоқысын келісім аясында цемент өндірісінде пайдаланатын болады, – деді департамент басшысы. Бұдан кейін күл үйіндісінің орнын қалпына келтіруге жұмыс істемекші. Сондай-ақ, департамент мамандары Қызылорда облысында күріш қабығын да кәдеге жарату мәселесін бірнеше рет көтерген екен. – Жыл сайын өңірімізде 80 мың тонна астық жиналады. Оның 60 мың тоннасынан таза өнім алынып, қалған 20 мың тонна қабығы жойылады, бұл да экологияға, ауа эррозиясына орасан зиян келтіреді. Әлемде күріш қабығын қайта өңдеу бойынша дайын жобалар көп. Бастысы өңір кәсіпкерлері қоғам үшін пайдалы іс үшін жұмыс істеуге деген ниеттері бар, – деп атап өтті Марат Құрманбаев.
Нұрбек Дәуренбеков