Соңғы уақытта елімізде кәсіпкерлік субъектілері көбейді деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, бір нәрсені ұмыт қалдырған секілдіміз. Ол – жаңа кәсіпкерлердің заң нормаларын білмеуі.
Соның салдарынан кәсібін нәсібім деген кәсіпкердің еңбегін еш, тұзын сор ететін тұтынушылар көбейген. Олардың қулығына құрық бойламайтынына мысал болар дерек те жоқ емес. Тұтынушылар құқын қорғау туралы заңды қалқан еткен тұтынушылар кәсіпкерлерді оп-оңай жер соқтырып жүр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бақылауына алған бұл мәселені біз өзімізше зерттеп көрдік. Жиһаз сатумен айналысатын жеке кәсіпкер Сергей Шнайдердің айтуынша, соңғы кезде клиенттер тауарды дүкенге негізсіз қайтаруды әдетке айналдырған. Кәсіпкерлер негізінен мереке қарсаңында қиындық көретін болыпты, өйткені сатып алушылар жиһаз сатып алады да, мерекеде пайдаланып, содан кейін оны дүкенге қайтарып, ақшасын алып кетуді шығарған. – Біз шығынға батып жатырмыз. Соңғы болған жағдайды ғана мысалға келтірейін – бір келіншек матрас сатып алды. Үш күн өткен соң ол матрасты қайтарып берді. Оның айтуынша, матрас ыңғайсыз көрінеді. Қайтарылған тауардың қаптамасы бұзылған, енді оны бастапқы бағамен сата алмаймыз. Біз осы тауардың құнына тең келетін басқа тауарды ұсынамыз, бірақ сатып алушылар келіспейді. Былтыр Наурыз мерекесінен кейін 6 үстелді қайтарды, біз тіпті мерекелерден қорқып қалдық, – дейді Сергей Шнайдер. Кәсіпкерлер нарықтағы беделін ойлап, жағдайды сотқа жеткізбеу үшін тауарды қайтып алуға мәжбүр. Соттасқан деген қайбір жақсы ат дейсіз? Салдарынан бизнесі шығынға батады. Бірақ қашанғы үнсіз жүрсін, кәсіпкер Кәсіпкерлер құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңеске шағым түсірген. Оның сөзіне қарағанда, орындықтар, матрастар және жұмсақ жиһаздың мата негізі бар. Оны бір пайдаланған соң тауардың санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы бұзылады. Демек, мұндай жиһазды жаңа өнім ретінде сата алмайды. Ал өндіруші-фабрикалар өнімді кері қабылдамайды. Сондықтан С.Шнайдер осындай жағдайдың алдын алу үшін «Тұтынушылар құқын қорғау туралы» заңның 14-бабына пайдалану кезінде дененің ашық жерімен жанасатын өнеркәсіптік тауарды қайтаруға тыйым салатын өзгертулер жасау қажет деп санайды. Кәсіпкерлер құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Владимир Шакунды тұтынушылар әрекеті алаңдатып отыр. – Әсіресе, олардың қайтарылған тауарды басқасымен ауыстырып алудан бас тартуы үлкен мәселеге айналды. Меніңше, мәселені шешу үшін тұтынушының да, кәсіпкердің де мүддесін сақтайтындай «алтын ортаны» табу керек, – дейді. Біз өз тарапымыздан еліміздегі Тұтынушылар құқын қорғау лигасының жетекшісі Светлана Романовскаяға хабарластық. – Тұтынушылар құқын қорғау туралы заңның 14-бабы мен 30-бабында егер тұтынушы тауардың орамасын яки қаптамасын бұзған болса, кәсіпкер ол тауарды қайтып алмауға құқылы. Тұтынушы ол матрасты бір күн немесе 14 күн пайдаланды ма, демек ол пайдаланылған зат болып есептеледі. Ал біреу пайдаланған матрасты кім сатып алады дейсіз? Оның үстіне, сатып алушы ол матрасты сатып алмас бұрын дүкенде тексеруі тиіс, жатып та, отырып та байқап көруі керек. Сондықтан кәсіпкерлерге мұндай жағдайға ұшырамас үшін сатып алушының затты тексеріп көргенін бейнекамераға түсіріп алуға кеңес беремін. Себебі, соңғы кезде тұтынушылар тарапынан нигилизмге жол беру жиілеп барады. Мысалы, той жасайтындар жұмсақ жиһаз сатып алып, сенбі-жексенбіде тойды өткізіп алған соң, тауарды кері өткізбекші болады, – дейді Светлана Юрьевна. Оның айтуынша, Сергей Шнайдер матрасты да, үстелдерді де қайтарып алмауы керек еді. Ол Тұтынушылар құқын қорғау туралы заңда көрсетілген құқын пайдаланып, тауардың пайдаланылғанын дәлелдейтін сараптама жасатуы керек болатын. Сараптама тауарлардың қолданылғанын дәлелдесе, тұтынушыдан тауарды қайтарып алмайды. Бүгінгі таңда химиялық сараптама арқылы үстелдің яки матрастың пайдаланылғанын немесе пайдаланылмағанын дәлелдеу қиын емес. – Кәсіпкерлер сараптамаға жүгінуді әдетке айналдырса, тұтынушы жауапкершілігі де артар еді. Себебі, сараптама жасауға сатушы өтініш бергендіктен, оның шығынын сатушы төлейді. Сараптама нәтижесі сатушының айтқанын растаса, онда сатушының сараптама жасату үшін төлеген шығынан тұтынушы төлеуі керек болады. Ал сараптаманы Техникалық реттеу комитетінде тіркелген сенімді зертханалар жасайды. Тұтынушылардың заңсыз әрекетін қолдамаймын. Екі тарап та әділ болуы керек деп санаймын, – дейді С.Романовская. Тұтынушылар құқын қорау лигасының жетекшісі кәсіпкердің заңдағы 14-бапты өзгерту туралы талабын қолдамайды. Себебі, ол бапты өзгерту адал тұтынушылардың құқын шектеуге алып келеді дейді. Әрі-беріден соң бұл заңда тұтынушымен қатар, сатушының да құқы қорғалған дейді. Сөздің түйіні, кәсіп ашқан кез келген адам өз саласына қатысты заңдарды оқып, білімін көтеріп отырмаса, кез келген тұтынушыдан ұтыла берері анық.