Шығыстың орталығы – Өскемен қаласының іргесіндегі саяжайлардың бірінде ата-анасының қамқорлығынан айырылған бес бала өздері тұрып жатыр.
Жақияновтардың үлкені – Жанбота он тоғызда, 17 жастағы інісі Дархан Семейдегі заң колледжінде сырттай оқып жатса, тағы үш бала Өскемен қаласындағы №1 орта мектептің оқушылары. Біз олармен хабарласып, қазіргі індет жайлаған қиын заманда жағдайларының қалай екенін білген болатынбыз.
– Бізде бәрі жақсы. «Қаракет» қайырымдылық қоры алып берген үйдің құжаттарын толық рәсімдеп алдық. Енді карантиннің бітуін күтіп отырмыз, – деп сөзін алдымен қуанышты хабардан Жанбота бастады.
Оның айтысына қарағанда, бауырлары оқитын мектептің басшылығы да бұларды ұмытпай, үнемі жәрдемдесіп тұрады екен.
– Сіңлілерім Раушан мен Гүлден, бауырым Серікбол сабақтарын қазір қашықтан оқып жатыр. Осы орайда бізге қолдау көрсетіп отырған №1 мектептің ұжымына, директоры Әділ Сайлаубекұлына алғыс айтқым келеді. Бізге ноутбук бөліп, интернеттің ақшасын төлеп берді. Азық-түлікпен де көмектесіп тұрады. Жуықта Nur Otan партиясынан да еріктілер азық-түлік жеткізіп берді, – дейді Жанбота.
Айта кетсек, бұл балалардың анасы былтыр қайтыс болған, ал әкелері тірі болғанымен, қайда екені белгісіз. Төрт балаға мемлекеттен 100 мың жәрдемақы төленеді, сонымен күндерін көріп отырған жайы бар. Жанбота еш жерде оқымайды. Бірақ он тоғызға толып қойғандықтан, оған жәрдемақы төленбейді екен. Ал Дархан болса о бастан бауырларына көмектесу үшін сырттай оқып, жұмыс істеймін деп шешкен. Алайда, жасы бар болғаны 17-де болғандықтан, оның да жұмысқа тұруына реті келмепті.
– Бұл балалардың жағдайымен таныспыз. Демеушілер тауып, азық-түлік жағынан көмектесіп жатырмыз. Ноутбукпен қамтамасыз етіп, интернетін төлеп бердік. Әлі де назарымызда болады, – дейді Өскемендегі Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің директоры Әділ Сайлаубекұлы.
Дәурен Аллабергенұлы,
Шығыс Қазақстан