Коронавирус семіздікке шалдыққандар үшін қауіпті - ғалымдар
Коронавирус семіздікке шалдыққандар үшін қауіпті - ғалымдар
© iStock
396
оқылды
Коронавирус жұқтырған науқастар үшін рактан да қауіпті басты фактор – семіздік болып отыр. Нью-Йорк университеті жанындағы Гроссман атындағы медициналық мектеп ғалымдары осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy шетелдік БАҚ мәліметтеріне сүйене отырып. Зерттеу жұмысына 8 мыңнан астам пациент қатысыпты. Ғалымдар коронавирус инфекциясымен ауруханаға жатқызылған науқастардың жартысына жуығының жасы 65-тен асқанын анықтаған. Сондай-ақ коронавирустың ауыр түрімен ауруханаға жатқызылғандардың басым бөлігі семіздікке ұшырағандар болып шықты.
«Зерттеу жұмысының нәтижесіне сәйкес, ауруханаға шұғыл жатуды қажет ететіндердің ішінде тіпті, жасы 60-қа жетпеген, бірақ семіздікке ұшыраған науқастар бар. Мұны семіздікке шалдыққан пациенттердің инфекцияны жылдам жұқтыратынымен байланыстыруға болады. Олардың иммундық жүйесі ағзадағы артық маймен күресіп жататындықтан, вируспен толық күресуге қауқарлы бола бермейді», - дейді ғалымдар.
Ғалымдар АҚШ-тағы семіздік проблемасы COVID-19 вирусының жылдам тарауына себеп болуы мүмкін деген тұжырым жасайды. Сонымен қатар коронавирус диагнозымен ауруханаға жатқызылғандардың тек 5 пайызы ғана темекі шегетіндер екені анықталды. Бұл коронавирустың шылым шегетіндер үшін айрықша қауіпті еместігін айтқан алғашқы зерттеу жұмысы болып отыр. Бұрындары Америка диабеттік қауымдастығының сарапшылары COVID-19 вирусының диабетпен ауыратындар үшін қаншалықты қауіпті екенін айтқан еді. Олар диабетпен ауыратын пациенттердің коронавирус жұқтыру қаупі жоғары емес екенін, дегенмен, егер адам SARS-CoV-2 вирусын жұқтырса қосымша аурулар жамап, негізгі ауруын тез асқындырып алуы мүмкін деген қорытындыға келген.