Коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу үшін Қазақстанға келген мамандар Қарағандыға барды.
Әріптестерімен тәжірибе алмасып, аса ауыр жағдайдағы пациенттерді емдеу бойынша жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ Қарағандыға барған қытайлық дәрігерлер науқастарды емдеудегі олқылықтарды айтты.
3 күндік кездесу аясында науқастармен онлайн режимде тілдесу жоспарланған. Онға жуық маманның ішінде Уханьдағы ахуалдың бел ортасында жүріп жұмыс істегендер де бар. Сапар аясында шетелдік дәрігерлер Қарағандыда жақын арада ашылатын, тек COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған 120 орындық аурухананы да аралап көрмек.
Алғашқы күннің өзінде қытайлық мамандар бірқатар олқылық байқағанын айтады.
Нефролог дәрігер (ҚХР) Лу Чэнь: «Қазақстанның науқастарды емдеу тәсілі халықаралық стандарттарға сай. Біз тек бірқатар олқылық аңғардық. Мәселен, науқастарды қабылдау бір ғана дәліз бойынша жүргізілген. Негізінде екі дәліз болғаны дұрыс. Біріншісі дәрігерлерге арналса, екіншісі келушілер үшін. Осыдан 2-3 ай бұрын ауру алғаш анықталғанда, Қытай да осы кемшіліктерге жол берген болатын. Кейін кезең-кезеңмен олқылықтың орнын толтырдық. Аурумен арпалыста емдеуден гөрі алдын алған маңызды. Сондықтан тұрғындардың тәртіпке бағынып, оқшауланғаны дұрыс», – дейді.