Жамбыл облысында ауыл әкімі әйеліне тиесілі компаниямен 23 млн теңгеге келісімшарт жасаған.
Жамбыл облысында Құлан ауылдық округінің әкімі қызметінен айрылуы мүмкін, – деп жазады 24. кz.
Ол мемлекеттік сатып алу кезінде әйеліне тиесілі компаниямен 23 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің облыстық департаменті берген мәліметке сәйкес, әкім бұл әрекетін бір емес, он бір рет қайталаған. Бастапқыда оған қатысты жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп, сотта қаралғанымен, оның әрекетінде қылмыстың белгілері болмауына байланысты іс тоқтатылған көрінеді.
Алайда тексеріс жүргізген мамандар мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттің бар екендігін анықтады.
Қазақстан Республикасы СЖҚІҚА облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, «Мемлекеттік сатып алу заңымен ауылдық округтің әкімдеріне көп жеңілдік берілген. Бірақ кей жерде осы ауылдық округтің әкімдері мүдделер қақтығысына жол береді. Өздерінің туыстарымен келісімшарт жасайды. Ауылдық округтің әкімі бұл жерде мемлекеттік қызмет туралы заңның 50-бабын бұзып отыр. Яғни қызметін асыра пайдаланған», – дейді.