Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров СОVID-2019-ға күдікті және олармен қатынаста болған адамдарға арналған жаңа модульдік аурухананың құрылыс алаңында болып, медициналық ұйымның жоспарымен егжей-тегжейлі танысты.
Медициналық ұйым аумағында коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды оқшаулау және емдеу үшін 280 орын ашылады. Соның ішінде қарқынды терапия бөлімшесі жұмыс істейтін болады.
Ауруханада қызметкерлерге арнайы «таза» аймақтар белгіленген. Болашақ инфекциялық палаталарда бөлек желдету жүйесі қарастырылады.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау басқармасымен қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Медициналық қызметкерлерді жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоспар бойынша штат шамамен 280 дәрігер мен медицина қызметкерлерінен құралады.
Сапар барысында құрылыс жұмыстарының тарихи ғимараттар мен археологиялық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету нормаларының сақталуына баса назар аударылды.
Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахметжанов салынып жатқан госпиталь жақын орналасқан қорған кешеніне әсер етпейтінін баяндады.
«Қорған кешені тарихи-мәдени қордың бас жоспарына сәйкес қорғалуда. Ауруханадан қорғандарға дейінгі қашықтық 150 метрден асады. Қорғандардың күзет аймағы 50 метрді құрайды. Барлық ережелер сақталуда» деп уақытша құрылыстың жеңіл құрылымдардан салынатынын атап өтті Алматы қаласының бас сәулетшісі.
Қалалық Мәдениет басқармасының мәліметтеріне сәйкес, құрылыс жұмыстары басталар алдында Алматы қорғандарының айналасындағы қорғау аймақтары ескерілді. Салынып жатқан модульдік құрылым Қорғанның қорғау аймағынан 50 метр қашықтыққа созылып, оған ешқандай зақым келтірілмеген. Қорған өз аумағынан модульдік құрылымға дейін 170 метр қашықтықта, қорғаныс аймағынан 50 метр қашықтықта орналасқан.
Өз кезегінде Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Арнабай Нұржанов жүргізілген сараптамалық талдаудың қорытындысы туралы хабарлады.
«Біз құрылыс жоспарымен таныстық. Аурухана аумағы толығымен қоршалады. Қорғанға дейінгі шекаралық аймақ 150 метр қашықтықта орналасқан. Қорғандардың күзет аймағы бөлек болады. Айта кету керек, аурухана құрылысы қорғандарға ешқандай қауіп төндірмейді» деді Арнабай Нұржанов.
Мәселені шешу және құрылыс алаңын бақылау барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровпен қорған кешенінің рекреациялық жоспарын жасау қажеттілігі алға тартылды. Сонымен қатар, Алматы аумағында орналасқан Қорғандық кешендерді одан әрі дамыту кеңесін құру ұсынылды. Оның құрамына археологтар мен тарихшылармен қатар сарапшылар кіретін болады.