Қарағанды облысында 18 сәуір сағат 00.00-ден бастап жұмысына жеке автокөлікпен, велосипедпен және жаяу баратындар, қала аудандары арасында қатынайтындар электрондық базадағы тізімге енгізілуі керек.
Осыған дейін тұрғындар басшылықтың қағаз түрінде берген анықтамасымен жұмысына қатынап келген болатын. Енді жұмыс орнынан берілген анықтамалар Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларында, сондай-ақ Бұқар Жырау ауданының Доскей, Үштөбе, Көкпекті, Ботақара, Ғ. Мұстафин, Петровка елді мекендері үшін жарамсыз. Электронды рұқсатнама карантин кезеңінде жұмыс істеуге рұқсат етілген кәсіпорындарға ғана беріледі.
Өтінішті жұмыс беруші тарап рropusk.kz сайтында онлайн режимде береді.
– Егер кәсіпорындардың қызметі қабылданған нормалармен реттелмеген болса, жергілікті әкімдіктер өтінімді қабылдамау құқығын өзіне қалдырады. Бұл шара халық ағынын азайтуға бағытталған, себебі карантиндік режимді бұзу және жарамсыз анықтамалар беру фактілері тіркелген, – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының басқа қалалары мен аудандарында электрондық базаны енгізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады және жұмыс орнынан қағаз анықтамалар әлі де жарамды болады.
Ләззат Қожахметова,
Қарағанды облысы.