Бизнесті қолдауға көзқарас әртүрлі
Бизнесті қолдауға көзқарас әртүрлі
324
оқылды
Қазақстан Doing Business рейтингінде биік тұғырларға көтерілуі мүмкін. Ұлттық экономика министрлігінің сендіруінше, бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға түзету енгізетін жаңа заң жобасы соған ықпал етпек. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары құжатты І оқылымда мақұлдады. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жобаның жа­ңа­лықтарына тоқталды. Заң қабыл­данғасын жер учаскелері дайын сәулет-жоспарлау тапсыр­масы­мен, топографиясымен және тех­никалық шарттарымен бірге бері­летін болады. Қожайын­да­рының келісімінсіз-ақ үшінші тұлғалар үшін жылжымайтын мүліктің кепілге қойылғаны, бұ­ғатталғаны туралы ақпарат ашық етіледі. Яғни, мұндай ақпаратқа бұқаралық қолжетімділік енгізіледі. Дегенмен бірқатар нормалар депутаттар сынына ұшырады. Мәселен, министрлік техникалық күрделі емес нысандарды салу үшін жобалық-сметалық құжат­тама әзірлеу және сараптамадан өту рәсімдерін жоймақ. Мәжіліс бұған келісім бермеді және ол нор­маны жоюды талап етті. Өйткені компаниялар 5 қабатқа дейінгі тұрғын үйлерді, оқушылар саны 600-ден кем мектептерді, 800 адам сыятын сауда, ойын-сауық орта­лық­тарын тұрғызу үшін сарапта­маға да бас қатырмайтын болады. – Бұл ретте әзірлеушілер өз сөзіне еш күмәнданбай-ақ, негіз­демеге былай жазыпты: «бұл ны­сандар көп адамның келуін және тұрақты болуын қарастырмайды». Сонда Мәжіліске енгізілгенге дейін осы жобаға келісімін берген министрлер мен ведомство бас­шыларының ең болмаса біреуі осыны оқымаған ба? – деп кейістік білдірді Нұрлан Нығматулин. Оның байламынша, техникалық күрделі емес нысандар салу үшін қажетті құжат санын оңтайлан­дырған дұрыс, бірақ тұрғын үй, мектеп, сауда орталықтарының құрылысы үшін ЖСҚ қажет. Сондай-ақ заң жобасы бойын­ша тіпті мемлекеттік кәсіпорын саналмайтын жеке компанияларға Үкімет өз атынан қандай да бір тауарды өндіріп, сатуына құқық бермек. Депутаттар бұл бапты да алып тастау керек деп табандады. Себебі бұл норма шенеуніктерге бәсекелі тауарлық нарықтарда жасанды түрде монополист құруға, бар құқықты жеке біреудің ком­паниясына басыбайлы ұстатуға мүмкіндік береді. Мәжіліс төра­ға­сы кейінгі жылдары Қазақстанның ішкі нарығында бәсекелестік орта айтарлықтай нашарлағанын мә­­лімдеді. Бүгінде небәрі 24 АҚ пен ЖШС баға қалыптастыру мәсе­лесін монополиялы жағдайда, өз қалауынша шешіп жатыр. Нұрлан Зайроллаұлы атқарушы билік ұсын­­ған түзету Қ.Тоқаевтың тап­сыр­масына қайшы келетінін нұсқады. – Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Президент тек мемлекет­тік қана емес, жеке монополиялар да нарықты жайлап алғанын атап өтті. Ол демонополизация шара­ла­рын қабылдауды жүктеді. Ал сіз­­дер не істеп отырсыздар? Тура ке­рісінше жасағалы отырсыздар! – деп Ұлттық экономика министріне сын айтқан Н.Нығматулин бұл норманы заң жобасынан алып тастау керегін нықтады. Оның айтуынша, әзірлеушілер мемор­гандарға, аудандық деңгейге де­йінгі барлық әкімге барлық салада жеке фирмалардың қатысуымен жаңа монополиялар құрудың ай­рықша құқығын бере жаздады. Мәжіліс депутаттары министр­ліктің ауылдағы әмбебап байланыс (сымды телефон) қызметін суб­сидиялауды жою туралы түзетуіне де келіспеді. Осы норманың кү­шіне енуі салдарынан ауылдықтар жалғыз байланыс көзінен айы­рылады. Өзгеріс ауылдағы шама­мен 630 мың абонентті немесе телефоны бар ауылдықтардың 98%-ын қамтиды. Оған жол бе­рілсе, монополист тариф көтеруге мәжбүр болады. Мысалы, бұған дейін ауыл тұрғындары орташа есеппен ай сайын 670 теңге төлеп келсе, ол төлем екі есеге және одан да қымбаттауы мүмкін. Н.Нығматулин екі жол ұсын­ды: не «Қазақтелеком» өз табысы есе­бінен ауылды телефондандыру ­шы­ғынын көтеруі керек немесе мем­лекеттік бюджеттен субси­дия­лау әрі қарай сақталуы тиіс. Жа­уап­ты ми­нистрліктер ІІ оқылымға де­йін бір шешімін табуға міндет­телді.  

Айхан ШӘРІП