Қарағандыда жер қатынастары бөлімінің мамандары мен оларға пара алуға жағдай жасап отырған әйел ұсталды, – деп жазады 24.kz.
Күдіктілер жер телімін өлшеу үшін алдына келгендерге «заңды кедергілер бар» деп кері қайтарып отырған. Ал тұрғындардың мәселесі екінші рет келгенде шешілген.
Осы факт жемқорлыққа қарсы қызметтің назарын аудартқан. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметкер мен құжат жинап сабылғандар арасында делдал болып, мәселені 1 млн теңгеге шешіп беріп отырған көмекші ұсталды. Артынша осы қаржыны тең бөлісіп отырған әкімдік мамандарының да қолына кісен салынды.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты пара алды, ал делдалға қылмысқа ықпал етті деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды.
СЖҚІҚА облыстық департамент басшысының орынбасары Асхат Оразхан: «Әлгі мәселені шешіп беретін «көмекшілер» өз қызметін әлеуметтік желілерде және интернет сайттарда заңгер ретінде ұсынып отырған. Бұл тіпті, арнайы қылмыстық жүйе де болуы мүмкін. Солардың салдарынан осындай делдалдар пайда болып отыр. Құжаты кері қайтарылып сабылған жұрт амалсыз келісіп отырған. Соңы осындай қылмыстық істерге әкеліп отыр. Сондықтан тұрғындарды барынша мұқият болып, заңсыз әрекеттерге бармауға шақырамыз», – дейді.