Jas Otan Жастар қанаты кеше ел бойынша 40 мың отбасыға 5 млн дана медициналық бетперде таратуды бастады. Әр отбасыға кемі 50 данадан берілетін бетперде үлестіру шарасы Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан #BizBirgemiz акциясы аясында өтуде. Бетперде тарату шарасы акцияның екінші кезеңін бастап берді.
Nur Otan партиясының қолдауымен #BizBirgemiz акциясы аясында Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік көмекке мұқтаж 2 000 отбасыға тегін бетперде таратылды. Қала тұрғындарына үлестірілген әрбір қораптың ішінде 50 дана медициналық бетперде болғанын айта кеткен жөн.
Шара барысында Jas Otan Жастар қанатының ерікті жастары Нұр-Сұлтан қаласындағы Конгресс-холда жиналып, 2 миллион бетпердені қабылдап алды. Арнайы қорғаныш киімін киген еріктілердің бір тобы бетперделерді шағын қораптарға салса, енді бірі оларды алдын ала дайындалған арнайы көліктерге тиеді. Еріктілердің басы-қасында Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев жүрді.
– Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, қала әкімдігімен бірлесе отырып, #BizBirgemiz акциясының екінші кезеңін бастаймыз. Өздеріңіз білетіндей, осындай қиын жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету қажет. Сол себептен Nur Otan партиясы мен Jas Otan Жастар қанатының еріктілері қала тұрғындарын сақтану құралдарымен қамтамасыз етіп жатыр, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Ол, сондай-ақ негізгі басымдық аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге бағытталатынын атап өтті. Сонымен қатар белсенділер осы аптада азық-түлік үлестіруді қайта бастайтынын, жалғызбасты зейнеткерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасатынын тілге тиек етті.
Бетперделерін тағып, бір метр ара қашықтықты сақтауға тырысып жүрген ерікті жастар өздеріне берілген міндетті көтеріңкі көңіл күймен атқарды.
– Карантин кезінде үйде босқа жатқанша, көпшілікке титтей де болсын пайдамызды тигізейік дедік. Республика бойынша аталған іс-шараға біз сияқты 3 мыңнан аса ерікті атсалысып жатыр. Мұндайда уақыт өте көңілді өтеді. Бәріміз дайындық жұмыстарын жүргізіп, тізім жасап, өз міндетімізді бөліп алдық. Кейбір жігіттер өзі ғана келмей, көлігімен жүр, – дейді ерікті Бақдәулет Жанділдаев.
Айта кетейік, 19 наурыздан бастап Jas Otan Жастар қанатының 3 000-нан астам еріктісі Қазақстан бойынша 50 мыңнан астам отбасын бірінші қажеттіліктегі азық-түліктермен қамтамасыз етуге атсалысты. Күн сайын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында еріктілер 1 200-ден астам жалғызбасты зейнеткерді ыстық тамақпен қамтамасыз етіп жатыр. Сондай-ақ олар зейнеткерлерге дәрі-дәрмектерді және қорғаныс құралдарын жеткізуді жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Бүгінгі күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласында 500-ден аса волонтер аталған іс-шараға белсенді түрде атсалысты. Мұндай шара Алматы мен Шымкент қалаларында да ұйымдастырылуда.