Мемлекеттің өз азаматтарына қамқорлығы қиын-қыстау кезде ерекше көрінеді. Жаһандық дағдарыс, коронавирус пандемиясы, онымен күрес аясындағы карантин және басқа да қатаң шаралар барлық елде тұрғындар тұрмысы мен табысын төмендетті. Жұрт тіпті үйдегі «өркениет игіліктерінің» құнын өтеуге қиналуда. Осы орайда Президент тапсырмасымен Қазақстанда коммуналдық қызметтер төлемі төмендетілді.
Өңірлерде коммуналдық ақы қаншаға азайды?
Қазақстан Президенті ТЖ кезеңінде халық үшін коммуналдық қызметтер ақысын азайту туралы биылғы наурыз айы соңында шешім қабылдады және әкімдерге міндет жүктеді. Алматы қаласы бұған жедел ден қойып, тиісті шешімді жүзеге асырды. Өзге өңірлер тым-тырыс қалғасын Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияға осы бағытта жүйелі әрі жалпы республикалық шаралар түзу тапсырылды. Мемкомиссияның 10 сәуірдегі отырысында Мемлекет басшысы карантиндегі қалаларда азаматтарға коммуналдық шығындардан түсер ауыртпалықты азайту бойынша кешенді шешімдер керегін қайталап айтты. Осыдан кейін біраз өңір ТЖ енгізілген кезеңге жергілікті комқызметтер құны азайтылғанын баяндады. Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің түсіндіруінше, жаңартылған тарифтері бар түбіртекті тұтынушылардың көбі сәуір төлемі есептелген соң, тек мамыр айында қолына алады. Рас, кейбір өңір наурызда көрсетілген қызметтерді де қайта есептеп шығыпты. Комитеттің мәліметінше, еліміз бойынша тарифтер 1 сәуірден бастап орта есеппен 7 пайызға азайтылды. Кәріз жүйесінің құны – 8,2%, сумен жабдықтау – 7,6%, жылу – 6,8%, электр қуаты небәрі 4%-ға кемітіліпті. Ведомство осының арқасында тұтынушылардың бір айда үнемдейтін жалпы қаражаты 950 миллион теңге болатынын есептеді. Кей жерде антимонополия органының мақұлдауымен, бірқатар өңірде монополистер өз бетінше тарифтерді төмендетті. Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш – 20–50%, Алматы қаласында – 10%, Қызылорда облысында – 9,1–11,9%, Павлодар облысында – 5–12,3%, Шымкентте – 5–10%, Ақмола облысында – 5–10%, Жамбыл облысында – 5–10%, СҚО – 5–10%, Түркістан облысы – 3–10%, Қостанай облысында – 2,4–10%, Атырау облысында – 2–10%, ШҚО – 2–10%, Алматы облысында – 1,14–10%, Маңғыстау облысында – 1–10%, БҚО-да – 3–7%, Қарағанды облысында – 5%. Нұр-Сұлтанда коммуналдық қызметті төлеуде астаналықтарға көмектесудің әртүрлі нұсқасы талқыланып жатыр. Өтемақы жасау нұсқасы да болған, алайда нақты тетігі әзірленбепті.Байлар да «жылайды»
Елордалық алпауыт – «Астанаэнергосбыт» керісінше, мемлекеттің өзінен қолдау күтетінін аңғартты. Ол жеңілдік сұрап, мемлекеттік органдарға өтініш хат жолдады. Алпауыт не дейді?– «Астанаэнергосбыт» ЖШС электр өндіретін және тарататын барлық кәсіпорын қатарлы ірі бизнеске жатады. Бұл нысандар тіршілікті қамтамасыз етуші саналады және төтенше жағдайға орай жұмысын тоқтата алмайды. Ал карантин кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласында бизнестің барлық дерлік субъектісі жұмысын тоқтатты, соттар, оқу орындары, балабақшалар, мемлекеттік мекемелер секілді әртүрлі сала ұйымы жабылды. Салдарынан, электр қуатын тұтыну көлемі төмендеуде. Бұған қоса, төлемдер төлеуді кейінге қалдыру кесірінен коммуналдық қызметтерді өткізуден түсетін түсім азаяды. Осының барлығы ақша тапшылығына әкеліп соқтырады, компанияның қаржылық-экономикалық жағдайын нашарлатады, – дейді монополист.Заңды және жеке тұлғаларды электр желісіне қосу және ақша жинау секілді делдалдықпен ғана айналысатын «Астанаэнергосбыт» энергия өндіретін және энергия беретін компанияларға тиісті төлемін, ал мемлекетке салығын төлей алмай қалуы мүмкін. Сондықтан электр энергетикасы кәсіпорындарына 2020 жылғы 1 қазанға дейін «салықтық каникул» беруді сұрайды.
2019 жылғы қыркүйекте Президент Жолдауы талқыланған қала активі жиынында елорда әкімі Алтай Көлгінов өнім өндірмейтін, тек делдалдықпен шұғылданатын 9 квазимемлекеттік кәсіпорынды жабу екі миллиард теңгеден астам қаражат үнемдеуге мүмкіндік беретінін хабарлады: «Жалғыз «Астанаэнергосбыт» АҚ-ын жойсақ, осының өзінен жылына 1 миллиард теңге үнемдейміз. Бұл компания өзгелердің қызметін қайталайды. Үнемделген қаражат қысқы техниканы сатып алуға бағытталады. Астанада қыс қаһарлы екенін бәріңіз білесіз», – деді А.Көлгінов. Әйткенмен, кәсіпорын сол бойы жабылмады.Шын мәнінде, өнім өндіріп, қаланың тіршілігін қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындар мемлекеттің қолдауына аса мұқтаж. Қазақстанда халықтың әл-ауқатының нашарлауына байланысты коммуналдық берешек көлемі артуы ықтимал. Әзірге коммуналдық сала проблемалары дәл пандемиядай өткір тұрған жоқ. Берешекті өндіру, кәсіпорындарды қолдау және басқасына қатысты түйткілдердің түйінін тарқату ісі кейінге ысырылғанға ұқсайды.
Батыстың басын қатырған мәселе
Бір ғажабы, мұндай бастама ауқаты шалқыған батыс елдері үшін де өзекті екен. Еуропалық одақтың басты статорганы Eurostat көңілсіз мәлімет таратты. Еуропада үй шаруашылықтарының, қарапайым тілде баспаналы отбасылардың 3-тен 36 пайызына дейін коммуналдық қызметтердің ақысын дер кезінде және толық көлемде төлей алмайды. 83,1 миллион халқы бар Германияда жағдай жақсырақ: үй иелерінің 3%-ы төлеуге қауқарсыз. Дегенмен бұл елде толық емес, яғни ата-ананың біреуі және балалар бар отбасылардың 14%-ы осы мәселеге кезіккен. Коммуналдық қызметтер алдында берешек болғандар Грецияда көп: 36%. Болгарияда азаматтардың үштен біріне жуығы – 27,6%-ы осындай халде. Латвияда аталған көрсеткіш – 8,7%, Финляндияда – 8,7%, Польшада – 5,8%, Данияда 3,6%-ға тең. Нидерланд, Чехия, Швеция, Австрияда тұрғындардың шамамен 2%-ы су, электр, жылу мен газ үшін есептеспейді. Еуроконтинентте пайдаланған ресурсы үшін ақы төлемеген үй шаруашылықтарының үлесі орташа есеппен 6,6%-ды құрады. Жергілікті ақпарат құралдары мен билік өкілдері коммуналдық компаниялар күрделі жағдайға қарамастан еңбек етуді жалғастырып жатқанын, бірақ өз қызметінің төлемін төлемеушілер кесірінен қиын жағдай қалыптасқанын айтады. Бір қарағанда, аталған елдің көбінде мәселе сонша күрделі емес секілді. Бірақ төлем төлемеу – заңға бағынатын, тәртіп сүйетін еуропалықтарға мүлде тән емесін ескерсек, бұл толқын шынымен көп жайттан хабар береді. Сарапшылар тағдыршешті шақта не коммуналдық есепті төлеу, не азық-түлік сатып алу туралы таңдау қойылса, кез келген адам тамақты таңдайтынына назар аудартады. Осыдан болса керек, Франция билігі жарық, су және газ төлеміне өтемақы жасауға бел буды. Ұлыбритания үкіметі қуат өндіруші компаниялармен эпидемияның белсенді фазасында тұтынушыларды қарызы үшін ағытып тастамау туралы келісімге келіпті. АҚШ-та штат деңгейінде осыған ұқсас шешімдер қабылданып жатыр.Бұл проблема көрші Ресей халқының да қабырғасына қатты батқанға ұқсайды. Әлеуметтік желілерде көтеріліп, петицияға айналған «карантин кезінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі төлемін мемлекет өз мойнына алуы тиіс» деген бастамаға бір апта ішінде екі миллиондай адам қол қойды. Ел үкіметі бұған барудан бас тартты. Құрылыс және ТКШ министрі Владимир Якушев елдің коммуналдық кәсіпорындарға қарызы тоқтаусыз өсіп бара жатқанын, бір триллион рубльге жуықтағанын алға тартып, «коммуналдық кешен сапалы жұмыс істеуі үшін сапалы қаржыландырылуы тиіс» деп мәлімдеді.
Елдос СЕНБАЙ