Былтыр елімізде 11 500-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 15 мыңнан астам адам жарақат алып, мың жарым жолаушы қайғылы қазаға ұшыраған. Жол-көлік оқиғасының көшін Алматы қаласы бастап тұр. Мұндағы көрсеткіш – 3 429 болса, Алматы облысындағы оқиға саны 1 700-ге жеткен. Осылайша, айдың-күннің аманында Алматы қаласы мен облысында жол үстінде жүздеген адам жарақаттанып, жүздеген адам бақытсыздыққа ұшырауда.
Жол-көлік оқиғасына түрлі жағдай әсер етеді. Алдымен жүргізушінің жол бойындағы жауапкершілігі өте жоғары болуы керегін ескерген жөн. Сонан соң, сапасыз жолдардың да жол оқиғасына себепкер болатынын күнделікті көріп жүрміз. Мамандардың айтуынша, асфальт-бетон жамылғысы 16-20 жылға, цемент-бетон жамылғысы 30-35 жылға дейін шыдамды болуы тиіс. Ал біздегі жағдай мүлдем басқаша. Бір рет жөнделген жолдың жыл сайын жамалып отыруына көзіміз әбден үйренген.
Реті келіп тұрғанда айтсақ, жолға қажетті шикізаттың барлығы өзімізде өндіріледі. 2013 жылы Ақтау қаласында битум зауыты іске қосылып, ішкі қажеттілікті толық өтей бастады. Соған қарамастан еліміздің кейбір жолдары неге талапқа сай емес деген ой кімді де болса мазалайтыны анық. Бұған жауапты біз республикалық «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» бас директоры Замир Сағыновтың 2019 жылдың аяғында «baq.kz» сайтының тілшісі Бек Төлеуовке берген сұхбатынан тапқандаймыз. Онда орталықтың басшысы былай дейді: «Өткен жылдың наурыз айында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» құрылды. Бізге республикалық маңызы бар жолдардан бөлек, облыстық, аудандық және қала мен ауыл көшелерінің де сапасын тексеру құқығы берілді. Еліміз бойынша 270 адам жұмыс істейтін 17 филиал бар. Осы уақытқа дейін жол бойында жалпы саны 10 мыңнан астам тексеру жүргізіп, сынама үлгілерін алдық. Нәтижесінде, солардың 4500-і стандарттық талапқа сай келмеді. Көбі жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға салынғандар. Біздің мекеме жылдар бойы қордаланып қалған шаруаларды 1 жыл ішінде ретке келтіреді деп айта алмаймын. Десек те, үлкен жұмыс қолға алынды. Негізінен Қазақстан жолдарында 14 тоннадан асатын жүк Камаз-ы жүрмеуі тиіс. Ал бізде өндірістік карьерге арналған Қытайдың 30, тіпті 60 тонналық Камаз-ы қаптап жүр. Олардың саны бүгінде 80 мыңға жетті. Жолдардың 90 пайызын бұзатын осы ауыр жүк көліктері».
Әрине, себепсіз салдар жоқ. Орталықтың дабылынан соң ба, жыл басында жолға жауапты министрлік ел аумағының кейбір жерінде ауыр жүкті көліктің қатынауына шектеу енгізгенін көпшілік жақсы біледі. Ретіне қарай айтсақ, жолдың сапасын қадағалауда «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Алматы облысының филиалы да өңір аумағында республикалық және жергілікті деңгейдегі жолдардың сапалы әрі қауіпсіз болуы үшін бірқатар жұмысты орындады. Барлық атқарылған іс-шаралар талапқа сай болуы үшін облыстық филиал тиісті мекемелермен заңды келісімшартқа отыруды жалғастыруда. Жыл басынан Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен жолдың сапасын бақылауға келісім жасалды. Кеген ауданымен жасалған шарт бойынша 1 миллион теңгенің жұмысы атқарылды. Таяуда «Алматы Дорстрой» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, көпірдің беріктігін тексеру жұмысы аяқталды. Сонымен қатар орталықтың жылжымалы жол зертханасы да өздеріне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқарып отыр. Олар автомобиль жолдарына арналған диагностикалық зертхананың көмегімен А-3 «Алматы – Өскемен» тасжолын бақылаудан өткізуде. Тексеру кезінде автомобиль жолдарының сапасы мен жай-күйі анықталып, геометриялық өлшем бірліктері, техникалық сипаттамасы нақты көрсеткішпен белгіленді. Сондай-ақ «ҚазАвтоДор» мекемесі «Ремдорстрой» ЖШС-не тапсырыс беруіне байланысты «Ремдорстрой» ЖШС өз өнімдерін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Алматы облыстық филиалының зертханасына сынама жасауға берді. Асфальт зауытының өнімдері тексеріліп, оның тығыздығы, суға төзімділігі, беріктігі сияқты басқа да сипаттары талапқа сай болып шықты. Асфальт сынамасы барлық жағынан дұрыс деп бағаланып, республикалық маңыздағы жолға пайдалануға болатыны жөнінде рұқсат берілді. Филиал мамандары Наурыз мерекесіне қарамастан Алматы – Үшқоңыр – Аққайнар – Қырғыз шекарасы автожолына бақылау жүргізіп, тексерді. Кемшіліктер тізбесі хаттамаға түсіріліп, ақауларды ретке келтіру үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен мердігерлерге арнайы хат жолданды.