Қазақстанда мектеп оқушылары коронавирус пандемиясына байланысты төртінші тоқсанды қашықтан оқып жатыр. Әзірге, төтенше жағдай 2020 жылдың 1 мамырына дейін созылып отыр. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова биыл мектептегі соңғы қоңырау рәсімі өтпейтінін хабарлады.
Шолпан Каринова еске салып өткендей, биыл 9-сынып және 11-сынып оқушылары қорытынды аттестациядан өтпейді. Әдетте, 9-сынып оқушылары төрт пәннен, 11-сынып оқушылары бес пәннен емтихан тапсыратын.
«Соңғы қоңырау дегеніміз - оқу жылы аяқталғанда оқушылар мен мектеп ұжымының қорытынды іс-шарасы. Сондықтан, бүгінгі қашықтан оқыту жағдайында бұндай шара бола алмайды», - деді ол журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Ал, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері дипломдық жұмысын қалай тапсыратыны әзірге белгісіз. Қазіргі уақытта олардың тәжірибеден өту мерзімі ғана кейінге шегеріліп отыр.
«Дипломдық жұмыс бойынша баспасөз арқылы тағы да хабарлаймыз. Бұл мәселе бойынша әріптесім (басқа вице-министр) айналысады, сондықтан сол кісінің жауабын сіздерге ұсынамыз», - деді Каринова.