Мәйіті құрылыста табылған сарбаз
Мәйіті құрылыста табылған сарбаз
496
оқылды
Ұлы Отан соғысы басталғанда Қамаш (Қамидолла) Бекмұхамбетов 1942 жылы майданға аттанған. Содан бері із-түзсіз жоғалып, хабарсыздардың тізіміне енген. Оның мәйіті 2017 жылы Ресей жеріндегі Калининград облысы, Багратионовск елді мекені маңынан құрылыс жұмыстары үшін жер қазып жатқанда кездейсоқ табылды. медаль Тез арада Ресей Қорғаныс министрлігіне сұраныс жіберіп, жауынгердің  сақталған орденнің номері арқылы аты-жөні анықталды.  Ол 1945 жылдың 20 наурызында ерлікпен қаза тапқан екен. Денесі ұрыс даласында снаряд жарылысы кезінде топыраққа көміліп қалғанға ұқсайды. жерлеу Ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Майдандағы ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 2017 жылдың маусым айында Қамаш Бекмұхамбетовтың сүйегі Қазақстанға, туған жеріне қайтарылды. Ол -  Ақмола облысының Ереймен етегіндегі Өлеңті ауылының қорымында жерленді.   Дәуірдің үні, Дәуірдің мұңы. Кешегі соғыс сұрапыл. Ел менен жұрттың, Қауымның мұңы, Жат елде қалса бір асыл.   Хабарсыздардың қатарындағы, Тізімде оның болды аты. Уақыттың мәңгі сапарындағы, Соғыстың соңғы солдаты.   Қоштасып Дала, Қамығып ана. Қан майданға ол аттанған. Қарындас, іні, сағынып аға, Бейнесі есте сақталған.   Күн туған кезде елдің басына, Қайраты бойда тасыды. Тайсалмай жаудың келді қасына, Қазақтың қайтпас хас ұлы.   Соғыстың аты, соғыс қой, бірақ, Ажалға қарсы, бетпе-бет. Қаруластардан қалыспай жырақ, Не бір өткелден өтпеп ед.   Қамаштай ердің ерлігі есте, Ресейдің куә байтағы. Ақтық айқаста сол бір белесте, Дұшпанның күшін жайпады.   Тоқтады үні сом жүрегінің, Қайғылы еді, әңгіме. Қасында сол бір зеңбірегінің, Қалғып кетті ол мәңгіге.   Талай ұрпақ кеп, ер жетіп ұл-қыз, Жетпіс екі жыл өткенде. Сүйегі жерде, кеудесі жұлдыз, Бүгінгі күнге жетті енді.   Мүрдесі оның оралды елге, Тірілді қайта есімі. Жай тапты сонау көгалды белде, Туған жер болып бесігі.   Жазылмас жанның жарасы тіптен, Бауырын кім бар, сағынбас. Үмітін үзбей ағасын күткен, Қайнижамалдай қарындас.   Халқының асыл кейуанасы, Рухымен биік, ол мықты. Жоғалды деген, келіп ағасы, Көңілі де енді орнықты.   Сағыныш деген, мәңгілік сарын, Жүректің жатқан түбінде. Білеміз мұнда заңдылық барын, Кешеден жеткен бүгінге.   Шейіт өлімді мәртебе, деумен, Қоямыз кейде сөз қозғап. Белгісіз жерде, әр төбелерде, Жатыр ғой әлі сан боздақ.   Қозғады түбін ой мен сананың, Соғыстан жеткен жаңғырық. Отты жылдардың сөнбес алауын, Жырлайды ұрпақ ән қылып.   Жұлдыз боп жанып біздің ғасырда, Өшпейтін оның қалды аты. Тұрғандай сапта қырдың басында, Соғыстың соғы солдаты.  Оралды бүгін біздің ғасырға,  Соғыстың соңғы солдаты.  

Сайлау Жылқыбаев, Ерейментау ауданы, маусым, 2017 ж.