3 сәуірде Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның үш ірі қаласында жұқпалы аурулар ауруханасын салуды шешкен.

Тіпті оның құрылысына тез тұрғызатын құрылыс материалдары қолданылатын болған.
Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын 200 орынды госпитальдің құрылысы Нұр-Сұлтандағы туберкулезге қарсы диспансер маңында 5 сәуірде басталды.

«BI Group» құрылыс компаниясы бұл нысанды 12 күнде бітіруді жоспарлаған. Ол мақсат та орындалды. 17 сәуір күні құрылыс аяқталды.
© Сурет Айтжан Мұрзанов
– Белгіленген межені орындадық. Ендігі жұмыс дәрігерлерде. Ол жерге құрылғылар қойылып, тексеріліп, аурухананың әкімшілік жұмысы реттелуі тиіс, – дейді баспасөз тобының басшысы Юрий Дорохов.

Ғимарат негізі 25 сәуірде өткізіледі.

Оның айтуынша, жазық далада қысқа мерзім ішінде емхана тұрғызу оңай емес. Бір қабатты аурухана 7006 шаршы метрді алып жатыр. Оның ішінде интенсивті терапияға 20 орын бекітілген.

Арнайы зертхана, компьютерлік томография, рентгендік кабинеттермен жасақталған. Ғимарат темірбетоннан соғылды. Темірбетон неміс технологиясы бойынша елордадағы Modex компаниясы дайындаған.

Бұл дегеніміз – модуль қалыпқа құйылып, бірден құрылысқа жеткізіледі. Міне, сол жерден орнатып отырған. Ондағы есік-терезелер – герметикалық, ауа өткізбейді. Арнайы Беларусиядан жеткізілді.

Әр палатаның өз әжетханасы бар. Ғимараттың ішін медициналық газ жүйесімен жабдықталып, әрқашан зарарсыздандыру режимі сақталады.

Құрылыс дамылсыз тәулік бойы үш ауысыммен жүрген. Бір ауысымның өзінде 500-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Құрылысқа барлығы 1300-ге жуық адам және 100-дей техника атсалысуда.

– Күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Ауысыммен істеуге де болады. Ақымыз күнбе күн жүріп жатқан соң, оған ауыспадым. Оның үстіне елімізге тез арада аурухана керек, – деген құрылысшы Авзор Жүнісов коронавирустың кесірінен үйде бос қалмай, құрылыста жүргеніне қуанышты.

Пандемия өткеннен кейін де бұл аурухананы алдағы онжылдықтарда инфекциялы ауруларды емдейтін емхана ретінде пайдалана беруге болады екен.
– Басқа инфекциалы-жұқпалы ауруханалардан артықшылығы – оның желдету жүйесінің өзі микроағзаларды, әсіресе, вирус пен бактерияны 99,99 пайызға жояды. Арнайы ауаны сүзу құрылғысы медицина қызметкерлерінің ауруды жұқтыру ықтималдығын азайта түседі. Жалпы, ғимарат ДДҰ-ның белгілеген соңғы стандарттың бәрін ескердік Оның құрылысын ЕвроДДҰ-ның директоры Ханс Клюг қолдаған, – деді Юрий Дорохов.
Сонымен қатар «BI Group» осындай жобаны Алматы мен Шымкентте де қолға алған. Олар да қысқа уақыт ішінде салынып бітуде.