Шымкенттік кәсіпкерлер 12 баласы бар отбасыға үй алып берді
Шымкенттік кәсіпкерлер 12 баласы бар отбасыға үй алып берді
242
оқылды
Шымкент қаласының тұрғындары Мұхтар Бердіқұлов пен жұбайы Гүлнараның 7 баласы бар.  Осыдан 6 жыл бұрын әке-шешесі жол апатынан қайтыс болған 5 баланы да асырап алған болатын. Бұл отбасы өздерінің жақын туыстары болып келеді. Алайда осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген олар  бүгін 3 бөлмелі пәтерге ие болып, қуанышқа кенелді. Бұл игі шара Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік Кеңесінің төрағасы Қайрат Молдасейітовтың бастамасымен іске асты. 12 баламен пәтер жалдап қиыншылық көріп жүрген отбасыны баспанамен қуантуды ойлаған кеңес мүшелері ақша жинауды өткен жылдың соңында бастаған болатын. Кәсіпкерлер Палатасы Өңірлік Кеңесінің мүшелері "Менің Атамекенім" қоғамдық қорына үш ай ішінде  8,5 млн теңге аударып, жиналған ақшаға 3 бөлмелі пәтер сатып алып берді.  Сонымен бірге, пәтерге жөндеу жұмыстарын да жүргізіп берді. «Бал текстиль» кілем фабрикасы отбасына кілем сыйласа, «Азала текстиль» компаниясы төсек-орын жабдықтары мен моншаға қажетті заттармен қамтыды. Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, кәсіпкер Алма Архабаева бастаған өңірдің іскер әйелдері балалар киімі мен тұрмыстық техника, басқа да үйге қажетті ыдыс-аяқтар жеткізді. Пәтер кілтін табыстау кезінде сөз алған кәсіпкерлер өз отандастарына, әсіресе, қазіргі қиын жағдайда барлық мәселеге немқұрайлы қалмауға және өз халқына әрдайым жанашыр  болуға шақырды. "Қазір кәсіпкерлер қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатыр. Төтенше жағдай мен карантинге байланысты, олардың көпшілігі жұмысын тоқтатты. Бірақ ең бастысы, мұндай жағдайда да біздің кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, әлеуметтік әлсіз отбасыларға қамқор болып, қолдау көрсетеді. Біз «Корпорация «Береке А» ЖШС, «Отау строй» ЖШС, «DALA Construction» ЖШС, «Зерде» ҒӨБ ЖШС, «Бал текстиль» ЖШС, «ЗБН Визит» ЖШС, «FEBgroup» ЖШС, «КазМедПром» ЖШС,  «АГФ Груп» ӨК ЖШС,  «А.Р.Т. Құрылыс» ЖШС, «Мұнай Инвестмент груп» ЖШС, «Үш сай» ЖШС, «КАТКА» Қазақ-түрік Кәсіпкерлер Қауымдастығы ЖКжЗТБ, «Mega Smart ЖШС, «Еврокристалл» ЖШС компанияларына пәтер сатып алуға көмектескені үшін ризамыз. Жалпы, пандемия басталғалы бері тек Өңірлік Кеңестің мүшелері шымкенттіктерге 100 миллион теңгеге көмек көрсетті. Көмек ақша қаражатымен, эпидемияға қарсы препараттармен, обаға қарсы костюмдермен және маскалармен және тамақ өнімдерімен көрсетілді. Еске сала кетейін, Өңірлік Кеңестің Төрағасы Қайрат Молдасейітов бірінші болып карантин жағдайында көмек көрсетуге 20 миллион теңге бөлді. Баршаңызға үлкен рахмет," - деп атап өтті Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директордын орынбасары Олжас Жансеитов. Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы.