Бас тартудың сегіз себебі
Сонда неге билік көмекке зәру адамдардың үлкен бөлігін қолдамауға ұйғарды? Бірнеше себебі бар көрінеді. Біріншіден, 157 мыңға жуық өтініште азаматтар жеке дерегін дұрыс көрсетпеген. Ал заңнама бойынша қате құжат назарға алынбайтыны мәлім. «42 500 теңге төлемге өтініш берген кезде адамның аты-жөні, туған жылы және ЖСН-і қатесіз жазылғанын мұқият қайта-қайта тексерген жөн. Осы мәліметтегі 1 әріп немесе сан мемлекеттік ақпараттық жүйедегі мәліметке сәйкес келмесе, бұл әлеуметтік төлем тағайындалмауына соқтырады» деп түсіндірді ведомство. Екіншіден, шамамен 80 мың өтініш иесі ақша аударылатын банктің деректеме-реквизитін жаңылыс толтырған. «ТЖ төлеміне өтініш бергенде банк атауы мен IBAN, яғни шотыңыздың 20 белгіден тұратын нөмірін көрсету қажет. Көп адам банк картасының 16 саннан тұратын нөмірін жібере салған. Бұл жағдайда әлеуметтік төлемді аудару мүмкін емес, өйткені банк шотының нөмірі керек. Дұрысы мына үлгіде жазылуға тиіс: KZ123456789012345678. Оны банктің ұялы қосымшасынан немесе Call-орталығына қоңырау шалып білуге болады», – дейді меморган. Мұндай қате жіберілсе, өтініш қоқыс жәшігіне лақтырылмайды, әрі қарай қарауға бағытталады. Оң шешім қабылданса өтініш берушіге төлемнің тағайындалғаны, бірақ IBAN дерегін нақтылауы керегі көрсетілген SMS хабарлама келеді. Оған жауап беріп, есепшоттың 20 санды белгісін жолдау қажет. Үшіншіден, өзінде есепшоты жоқ адамдар туысының, жолдасының не өзге жеке тұлғаның банк шотын көрсеткен дерек кездесті. Төртіншіден, кейбір өтініш иесінің жұмыс орны ТЖ кезінде қызметін тоқтатпағаны анықталды. Бұлар – шенеуніктер және бюджеттік ұйым қызметкерлері. Бесіншіден, мемлекеттен зейнетақы немесе жәрдемақы алатын адамдар да жаңа әлеуметтік төлемді сұрапты. Еңбек министрлігі МӘСҚ-тан төлем төлеудің мәні мен мақсаты – карантин және шектеулер енгізілуі нәтижесінде табысынан айырылып қалғандарды материалдық қолдау екенін еске салады. Сондықтан тек ресми түрде жұмыс істейтін зейнеткер, мүгедек және жәрдемақы алушы ғана төлемнен үміттене алады. Алтыншыдан, жұмыссыз жүргендер өтініш жіберіпті. Осы үш санаттан келген 863 мыңнан аса өтінішті өңірлік штабтар қанағаттандырмау туралы шешім қабылдап отыр. Жетіншіден, төтенше жағдай бұған дейін жалақысын «конвертпен» алған жұмыскерлерге қиын тигелі тұр. Олар 42,5 мыңдық төлемнен қағылды. Министрлік азаматтарға жаңа төлем бюджеттен емес, МӘСҚ жинағынан берілетіндіктен, оны алушылардың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы шарт екеніне назар аудартады. О баста 12 ай ішінде кем дегенде 3 ай әлгі қорға аударым жасалуы тиіс деген талап болды. Халық шағымданғасын және жәрдемге мұқтаждарды кең қамту үшін мемлекет ол талапты ең төменгі шекке – 1 айға дейін азайтты. Алайда талдау көрсеткендей, көптеген жұмыс беруші және бухгалтерия жұмысшыларға әлеуметтік сақтандыру аударымын жасамайтыны анықталды. Бұдан бөлек, ТЖ төлемін жұмыссыз саналған, ал шынында таксимен жолаушы тасыған, киім тіккен, асабалық жасап, той ұйымдастырған және басқа да бизнес түрімен айналысқан жандар сұрапты. Олар бұған дейін не салық төлемеді, не зейнетақылық жарна аудармады, ең құрығанда бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) рәсімдемеген. Осындай 1 миллион 160 мыңнан астам бейресми табыс табушы әшкереленді. Пандемиямен күрес аяқталған соң құзырлы органдар ондай өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды тексерумен айналысуы мүмкін. Барлық деректер билік қолында бар. Демек, 42,5 мың теңгелік төлем төтенше жағдайдан кейінгі кезеңде салықтық базаның молаюына, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды жаппай заңдастыруға серпін беруі ғажап емес. Сегізіншіден, өтініш берушілерді тексеру барысында қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшірген немесе толық емес жұмыс күніне ауыстырған жұмыс берушілер де өтініш жолдағаны белгілі болды. Мұндай жағдайда жұмысты үйінен орындаған немесе жұмыс орнына жарты күнге келетін қызметкеріне жұмыс берушінің өзі жалақы төлеуі міндет. Егер жұмысшыларын жалақысы сақталмайтын мәжбүрлі демалысқа жібергені туралы бұйрық болмаса, билік ондай азаматтарға 42 500 теңге төлемеуге бекінді.Пайдакүнемдерді жаза күтеді
Сорақы мәселелердің де беті ашылып жатыр. Өтініштің онлайн тапсырылатынын өз орайына пайдаланған кейбір ниеті қара адамдар қайтыс болып кеткен адамдар атынан өтініш тапсырыпты. Елді тәрк етіп, өзге мемлекетті таңдаған, бірақ қос азаматтығын сақтаған бұрынғы отандастар интернет арқылы Қазақстаннан әлеуметтік төлем төлеуді талап еткен. Осындай 534 өтініш табылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық төлем алғандардың оған қаншалықты заңды қол жеткізгені төтенше жағдай аяқталғасын тексерілетінін мәлімдеді. «Жауапкершілік барын білмедім» деген сылтау жарамайды. Өйткені өтініш ұсыну кезінде әр азамат өзі ұсынған деректің шынайылығын растап, белгі соғады. Бұл ретте адам табысын жоғалтуға дәл ТЖ әсер еткенін дәлелдеуге дайын болуы керек. «Әлеуметтік төлемді заңсыз алғандар үшін жаза түрі оның жасаған заңсыз әрекетінің сипатына байланысты болады. Оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 190, 195-баптары аясында қарастырылуы мүмкін», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Нақтылай кетсек, «алаяқтық» атты 190-бапқа сәйкес айыптының мүлкі тәркіленіп, 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (2 миллион 778 мың теңгеге) дейін айыппұл салынуы мүмкін. Немесе түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, болмаса 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы берілуі ықтимал. Ал «алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру» деп аталатын 195-бапта 160 АЕК айыппұл салуды, түзеу жұмыстарына не 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды, не 40 тәулікке қамауға алуды қарастырады.«Адасқанның алды – жол, арты – соқпақ»
Осы хабарды құлағы шалған көптеген қазақстандық жаңылып жаза басқанын айтып, мемлекеттің шығынын өз бетінше толтыруға рұқсат сұрап жатыр. «Президент Қ.Тоқаев төтенше жағдай салдарынан табысын жоғалтқандарға төлем төлеп жатыр дегенді естіп, өтініш бердім. Өтініш жолданған тұста жұмыс берушім жалақыны аудармаған еді, оны толық алатыныма сенім болмады. Енді төлем де, сонымен бір мезгілде жалақы да түсіп отыр. Бір апта бойы 42 500 теңгені кері қайтаруға тырыстым. Ол кезде қайтару тетігі пысықталмапты. Тек 16 сәуірде ғана Халық банкі арқылы ниетімді жүзеге асыра алдым. Барлық алған ақшамды тегіс кері жібердім. Ендеше құзырлы органдар менің жұмыс берушімді тексеріп, босқа әурелемейді деген үміттемін» деп үрейленеді Е.Даулетбаев. Тілектес деген азамат алдағы айда тағы төлем алатынына алаңдаулы. «42,5 мың теңге қолыма тиді. Өтінішті 5 сәуірде бердім. Ол кезде жұмыссыз едім. 9 сәуірде маған әлеуметтік төлем аударылды. Қазіргі кезде 20 сәуірден бастан ресми түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілуде. Бірақ төтенше жағдай мерзімі 1 мамырға дейін ұзартылыпты. Әрі қарай ұзартылса не болады? Егер жұмыс істеп, жалақы ала бастаған кезде мамыр айы үшін әлеуметтік төлем тағы да төленсе, не істеймін деп мазасызданып жүрмін», – дейді ол. Жеке кәсіпкер И.Қасенбаев SMS хабарламаға жауап бергеніне өкінеді: «Барлық салықты адал төлеп келемін. Жеке кәсіпкерлігімді жапқан жоқпын, істеп тұр. Ол төлем төленетіндер тізіміне қосылып кетіпті. Өтініш бермесем де, SMS хабарлама келді. Банк реквизитін көрсетіп, оған жауап бере салдым. Шын мәнінде, ондай төлемге зәру емеспін. Есепшотыма түссе, кері жіберемін деп отырмын», – дейді ол. Б.Сатылғанова мемлекет барлық азаматқа еш шартсыз көмектеседі деп қате түсініп қалғанын алға тартады. «42 500 теңгеге өтініш жаздым. Ол кезде дұрыс ештеңе түсінбедім, мәселенің байыбына бармадым. Жанталас үстінде елдің бәрі шатасты ғой. Еңбек министрі Біржан Нұрымбетовтің өзі соған үлес қосты: ол ақпарат құралдары арқылы «БЖТ төлесе 42,5 мыңды тіпті бейресми жұмыс істегендер де ала алады», – деді. Мен 2019 жылдың тамызынан бері жұмыссыз ретінде тіркелгенмін. Алайда карантинге дейін репетитор қызметінен табыс таптым. Клиенттермен келісім жасаспадым, зейнетақы жарнасын және әлеуметтік аударымды аудармадым. Төлем алу үшін 2 651 теңге БЖТ төледім. Заңсыз алғандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны айтылуда. Ендеше ондай көмегінің түк қажеті жоқ. Өтінішімді кері қайтарып алғым келеді», – дейді Б.Сатылғанова. Министрлік өтінішті кері алу деген жоқ екенін ескертеді. Тек «өтініш беруші қателесіп әлеуметтік төлем алған болса, бірақ бұл қаражатты қайтару қажет деп санаса», 42 500 теңгені келесі шотқа жібере алатынын нақтылады: алушының атауы: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ. БСН: 160440007161. БСК: GCVPKZ2A. ЖСК: KZ67009SS00368609110. ТТК: 049. Халық банкі мен Kaspi Bank-те есепшоты бар азаматтар «Әлеуметтік төлемдерді қайтару» тетігін таңдай отырып, 42 500 теңгені банктің ұялы қосымшасы арқылы қайтара алады.Айхан ШӘРІП