Карантиндегі әлем қазақтары
Карантиндегі әлем қазақтары
215
оқылды
Қазір барша адамзат ба­­ласы коронавируспен кү­ресуде. Бұл дертке шал­дық­қандардың сәт сайын көбеюі, індеттен өлім құш­қандар санының артуы да­­был қағарлық жағдай. Елі­­мізде де вирусты ауыз­дық­тау жұмыстары қолға алы­­нып, сақтық шаралары күшей­тілді. Ал шетелдегі қа­зақ­стан­дықтардың коро­навируспен қалай күре­сіп жатқанын, олар тұра­тын мем­л­екетте карантин ре­жи­мінде қан­дай өзгешеліктер барын білу үшін шалғайдағы отан­дас­тарымызды әңгімеге тарттық. Атап айтқанда, Түркия, Оңтүстік Корея және Өзбекстан мемлекеттерінде жүрген жастармен сөйлесіп, сол елдегі коронавирусқа қатысты ахуалға қатысты мә­­лімет алдық. Түркияның Денизлі қала­сында тұратын, сол жақтағы жоғары оқу орнында білім алып жатқан Файзулла Төлтай коро­навирус бүкіл республика бойынша тіркелгеннен кейін, Түркия үкіметі әр заң бұзушыға тікелей қолданылатын бірқатар заңды шешімдер мен рәсімдерді қабылдағанын сөз басында ерек­ше айтып өтті. Ол сондай-ақ бұл мемлекетте медициналық маскалар мен басқа да қорғаныс құралдары бойынша ешқандай тапшылық жоқ екенін, өйткені қажетті фабрикалар мен тігін компаниялары жақсы жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.
– Түркияда халық тығыз орна­ласқандықтан, өкінішке қарай бұл жақта ауруға шалдық­қандардың саны күн өткен сайын артып жатыр. Маскасыз жүрген адамдарға бірден ескерту жасалады. Карантин мерзімі эпидемияның таралуына бай­ланысты ұзартылды. Тұрғындарға күндіз қажеттілік туындамаса, үйден шықпауды ескертуде. Коменданттық сағаттан кейін үйден полицияның жазбаша рұқсаты бар адамдар ғана шыға алады. Елдегі жағдайға байла­нысты адамдардың көпшілігі карантин режимін қатаң сақтауға тырысуда. Көшеде жұптасып, сауық-сайран құрап жүретін адам­дар азайған. Дүкендерге кі­­рерде арнайы қызметкерлер келу­­шілердің қолына санитайзер се­беді. Бірақ елдегілердің қатты дүр­лігіп жатқанын байқамадым, – дейді Файзулла.
Ол сондай-ақ бастапқы кезде де дүкен сөре­лерінің бос тұрмағанын, қазір жағ­дай­дың қалыпты екенін, бас­тысы азық-түліктің бағасы қымбат­та­мағанын айтты. Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Мөлдір Тастанбек «бұл елде қаңтар айында карантин жарияланды» деп бастады әңгімесін. Ол уақыттарда ешкімді сыртқа шығармапты. Мұның бәрі сақтық үшін жасалғаны белгілі. Оңтүстік Кореяда әр азаматтың жеке жауапкершілігі пандемиямен күрестің негізгі құралы саналады екен.
– Инчхонда өзге елдердегідей студенттер мен оқушылар онлайн оқып жатыр. Адамдар көп жина­латын туристік орталықтар мен саябақтар әлі ашыла қой­мады. Бірақ қазіргі кезде мен тұратын қалада көптеген тамақтанатын орындар ашық тұр. Көптеген ірі кәсіпорындарда да жұмыс жалғасуда. Адамдардың көпшілігі маскамен жүр. Бастапқы кезде маскадан тапшылық болған. Кейін оларды дүкендерде де сата бастады. Карантиннің қатаң­да­тылған түрі, толық изоля­ция тек Тэгуда ғана болды. Көшеде мас­касыз жүргендерге айыппұл са­лып жатқанын өз басым байқаған жоқпын. Ірі орталықтар жұмыс істеп тұр. Тек кіреберісте адамның қызуын өлшейтін аппараттар орнатылған. Ал автобустарда LED-экраннан вирустан сақтану туралы, тазалықты сақтау туралы жарнамалар көрсетіледі, – дейді Мөлдір.
Гулина Егамбердиеваның ай­туынша, Өзбекстанда қа­зіргі кезде 1 380 адам ауруға шал­ды­ғыпты. Індеттен 129 адам жазы­лып, 4 адам қайтыс болған.
– Ташкентте вирусқа қар­сы сақтық шаралары қатты қада­ғалануда. Өзге қалаларда да төтенше жағдай режимі енгізілді. Бастысы, көшеде әрлі-берлі жүретін адамдар саны азайды. Халыққа дүкен мен дәріханаға ғана барып келуге рұқсат берді. Өзбекстанда да Қазақстандағыдай медициналық маскалардың жетіспеушілігі байқалды. Оның себебі сұраныстың күрт артуынан екені анық қой. Қазір көпшілігі үйде отырып-ақ жұмыс істейді. Барлық оқу орыны жабық. Облыс орталықтарындағы патрульдік қызметтер көшеде жүрген көлік иелерін тоқтатып, азаматтарға үйден шықпау туралы ескертеді. 3 адамнан артық жиналуға бол­майды. Естуімше, көшеде жүр­сеңіз немесе медициналық маска­сыз көлікпен жүрсеңіз, жалпы ка­ран­тин ережелерін бұзсаңыз, 1 мил­лион 100 мыңнан 11 мил­лионға дейінгі айыппұлмен жаза­ланасыз (1 теңге 22 сум). Таш­кенттегі дү­кен­дерде азық-түлік қоры жеткілікті болғанымен, бағалары сәл өскен.
Полиция қызметкерлері әр үйдің арасын аралап, қауіп­сіздік ережелерінің сақталуын қадағалап жүр. Жұмыстан рұқсат­нама алғандар ғана еркін жүріп-тұра алады. Зейнеткерлерге, мұқ­таж жандарға азық-түлік пен керек-жарақтарды үйлеріне әкеліп береді. Өзбекстанда да төтенше жағдай режимі 30 сәуірге дейін деп белгіленгенін айта кетейін. Бірақ елдегі жағдайға байланысты мерзімді ұзартуы да мүмкін, – дейді Гулина. Көріп отырғандарыңыздай, өзге мемлекеттерде де COVID-19 індетімен күрес қатаң режимде жүргізілуде. Біздің елімізде вирустың алдын алу шараларын әлдеқашан қолға алды. Ендігі кезекте мемлекеттің уақытша енгізген темірдей тәртібінің қуат-күші әр азаматтың қолдауы мен жауапкершілікпен атсалысуына тікелей байланысты.  

   width=Абылайхан ЖҰМАШ