Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге әлеуметтік төлемді кімдерден кері қайтарылатынын түсіндірді.
Онлайн брифингте министр тұрақты жұмысы бар, тұрақты жалақысы бола тұра 42 500 теңге әлеуметтік төлем алған адамдардың әрекеті заңға сәйкес келмейтінін айтты.
«Ал енді жұмыс берушілерге мәжбүрлі ақысыз демалысқа шықпай, тұрақты жұмысы жүріп тұрған, тұрақты жалақы алып жүргендер алса, бұл заңбұзушылық болып саналады. Бұл – дұрыс емес. Бұл жерде де ол мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатыр, сондықтан мемлекеттік сақтандыру қоры 42 500 теңгеден басқа мүгедек жандар, асыраушысынан айырылған отбасылар, жұмысынан айырылғандар, баланы бір жасқа дейін күтіміне байланысты төлемдер, «декреттік» демалыс дейміз, 126 күнге, жүкті болуына және кейін босанғаннан кейін төлемдерді төлеп келе жатыр. Сондықтан сол қаражатқа жауапты болған соң ол кісілерде, әрине, бұйрық жоқ. Ақысыз демалысқа жіберілмегендерге сұрау жасайды да қайтаруды талап етеді кейін. Тағы да қайталап айтамын, тек жалдамалы қызметкерлер, ақысыз демалысқа шықпағандарға қатысты сұрақ бар. Олар заңсыз алған», – деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов.