Нұр-Сұлтан қаласында жұмысшылар жол жөндеу жұмысына кірісіп кетті. Жоспар бойынша биыл 150 көшенің жолы жөнделмек.
Елорда әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, әлгі 150 көшенің 50-і қала орталығындағы магистральды көшелер екен. Бұл көшелермен қоғамдық көліктер жүреді. Аталған жоспар жайында қала әкімі Алтай Көлгінов айтып берді. «Олардың көбі орташа, кейбірі күрделі жөндеуден өтеді. 150 көшенің 100-і тұрғын алаптарда. Мысалы, Өндіріс, Кирпичный, Көктал, Лесозавод. Жол жұмыстары барлық тұрғын алапта жүргізіледі. Біз биыл 21 нысанда жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жүргізіліп жатқан жұмыстар елорданың инженерлік және жол инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Биыл бізге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жақсы көмектесуде», – деді әкім.
Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша астананың жолдарын жөндеуге 12 млн теңге бөлінген. Әрі бұл бағдарлама арқылы 1,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу мүмкіндігі пайда болды.