Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, біраз елді мекен карантинге жабылды. Кеше Алматы мен астанада бірнеше кәсіпорынға жұмысын жандандыруға рұқсат етілді. Бұл мекемелер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Дегенмен бір ұйым өз жұмысын бастаса, екіншісі – уақытша тоқтап тұр. Кей жерлерде заң бұзушылық та тіркелуде. Мемлекеттік комиссия 20 сәуірден бастап қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, Нұр-Сұлтан қаласында: өнеркәсіптік кәсіпорындар; құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері, көлік, қоймалау салаларындағы компаниялар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компаниялар, автосалондар, ТҚС, авто жуу, дөңгелек ауыстыру сервисі, автобөлшектер дүкендері, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеу, екінші деңгейлі банктер сағат 9.00-ден 16.00-ге дейін штат санының 50%-ын шектеумен, нотаруистер алдын ала жазылу бойынша, қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы тек өзімен алып кету және жеткізу қызметімен сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берді. Алматы қаласында: өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, құрылыс материалдарының ірі көтерме базарлары, нотариустер алдын ала жазылу бойынша, тек бизнеске қызмет көрсету үшін ХҚКО бір бөлімшесі (Наурызбай ауданы, Шұғыла шағын ауданы, 347/1) бекітілген қаулыға сәйкес жұмыс істейді.
Қойылар талап күшейді
Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья Дягилева: – Департамент карантин кезінде жұмыс істейтін мекемелерде санитарлық нормалардың сақталуы жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Осыған орай Алматы әкімдігінде жұмыс тобы құрылды. Алдымен арнайы жұмыс тобы жұмыс істеуге өтініш берген мекеменің дайындығын тексереді. Тек содан кейін рұқсат беріледі. Мониторинг тобы олардың кейінгі жұмыс барысын да бақылап отырады, – дейді. Сонымен қатар, қаулыға сәйкес карантин кезінде жұмыс істейтін мекемелерге талап да күшейген. – Кәсіпорын жұмысшыларды кіргізбес бұрын тексеріп, дене температурасын өлшейді. Оның барлығын арнайы журналға тіркеп отырады. Егер қызметкерлерден жөтел, температура, ентігу сияқты ЖРВИ мен тұмаудың белгілері байқалса, олар жұмысқа да, үйлеріне де жіберілмейді. Бірден жедел жәрдем шақырылады, – дейді Дягилева. Айта кету керек, карантин уақытында белгіленген талаптарды орындамаған мекеме жұмысын бірден тоқтатады.Абу-Даби құрылысы тоқтады
Еліміздегі ең биік ғимарат болады деген, құрылысы жылдарға созылып кеткен Абу-Даби Плаза жұмысын тоқтатты. Біржола емес. Карантинге байланысты. Өйткені бұл кешенде бір қызметкерден коронавирус табылды. Белгілі болғандай, Абу-Даби Плазаның коронавирус жұқтырған қызметкері жарты айдан астам уақыт жұмыста болмаған, сондықтан да әріптестерімен байланыспаған. Жақын қарым-қатынас шеңберінде болған екі адам (ұйым қызметкерлері емес) анықталды. Олардың бірі – стационарда, екіншісі – үй карантинінде. Дегенмен, қызметкердің әріптестерімен байланысқа түспегеніне және жұмыс орнында болмағанына қарамастан, жұмысты уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Ал «Астана Энергия» АҚ қызметкері вирус жұқтырғанымен мекеме жұмысын жалғастыруда. – Әскери қызметшілермен бірге аумақ пен үй-жайларға дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Жақын байланыста болған 11 адам (тоғызы қызметкер) – үй карантинінде. Науқастың өзі ауруханада, дәрігерлердің бақылауында. Бұл ретте кәсіпорынның жұмысы қауіп-қатердің жоқтығына байланысты жалғасып жатыр, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығы.