6443 отбасына компьютер берілді
Білім беру саласына байланысты аймақта 30 колледж, 293мектеп қашықтан оқыту жүйесіне көшірілді. Бірақ жүйеде әлі де олқылықтар кездеседі. Аймақ басшысы білім басқармасы мен қала және аудан әкімдеріне телеарна, интернет-платформалардың мүмкіндігін толық пайдаланып, оқыту процесін барынша тиімді ұйымдастыруды жүктеді. Айта кетейік, облыста электронды құрылғылар жетіспейтін 6443 отбасына мектеп базасындағы компьютер уақытша пайдалануға берілген болатын. Balapan, «Ел арна» телеарналарынан көрсетілетін сабақтармен аймақтағы оқушылардың 54%-ы қамтылған. Жергілікті Qyzylorda, «Қоғам ТВ» телеарналары арқылы бастауыш сыныптардың сабағы қайталанып көрсетілуде. Қызылорда қаласы мен аудан орталықтары және оған жақын орналасқан елді мекен оқушылары 46% немесе 71 254 оқушы Kundelik.kz, BilimLand, Daryn.Online платформалары арқылы білім алуды бастады.Сондай-ақ облыс бойынша интернеті және ұялы байланысы жоқ шалғай 25 елді мекендегі 2 646 оқушы Balapan арнасындағы телесабақтармен дайындалады. «Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында өңірде 366 қызметкерге үстемеақы төленді. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай,вируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету керек. Бір күндік мерзімде кімге қандай көмек қажет екенін анықтаңыздар.Бұған қоса,коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу және емдеу шараларына қажетті жабдықтарды жеткізіп беру керек», – деді Гүлшара Наушақызы.Тиісті деңгейде орындалмады
Жиында аймақ басшысы Жаңақорған, Шиелі және Сырдария ауданында індетпен күрес жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегенін атап өтті. Осыған орай, әрбір аудан тиісті шешім қабылдап, қауіпсіздік шараларын толық бақылауға алуы тиіс. «Көпшілік шараларды өткізуге тағы бір мәрте жол берілсе, аудан әкімдеріне қатаң шара қолданамыз» деген аймақ басшысы өзге де маңызды мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ биыл 183 мың гектар жерге дәнді дақыл егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына 14 мың тонна дизель отыны бөлінген. Жанармай арзандатылған бағада жеткізілуде. Күріш егу жұмыстары 20 сәуірден басталады. Гүлшара Әбдіқалықова облыста әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының қымбаттығын да тілге тиек етті. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне бақылауды күшейтуді міндеттеді. «Азық-түлік бойынша бізде бірнеше өнімнің бағасы көтерілді. Осы мәселені қолға алу керек. Қаланың барлық жерін аралап, тексеру жүргізіңіздер.Сосын тұрақтандыру қорындағы өнімдер жеткілікті болуы тиіс.Қазір көктемгі егіс науқаны басталды. Бұл – біз үшін күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін шаралардың бірі. Бір жағынан вирусты жұқтырмау жағын қарап, жұмысты жалғастырыңыздар. Әсіресе, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарындағы індеттің ошағы болған ауылдар көктемгі дала жұмыстарына қажетті шараларды дер кезінде қабылдауы қажет. Себебі көктемнің бір күні – жылға азық», – деді өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.Миуа БАЙНАЗАРОВА