Төтенше жағдай жарияланған соң, жұмысынан айырылып, табысы азайғандар көбейді. Көпшілігі несиесін кейін төлеуге өтініш берді. Бірақ кейін төлеуге шегерілген несиенің проблемасы шаш етектен болып шықты, – деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, елдегі борышкерлер саны 7 миллионнан асады.
Арнадан араша сұраған кәсіпкер Гүлнар «Төтенше жағдайға байланысты мен банкке өтініш жібердім. Несиемді ұзартыңыз деп. Маған SMS келді. Ұзартсаңыз үш айға 300 мың теңге қосылады деп жазылып тұр. Неге мен 300 мың теңге артық төлеуім керек?», – дейді.
Бұл жағдайға қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Дмитрий Акмаев: «Борышкерлерге 2020 жылдың 15 наурызынан бастап осы жылдың 15 маусымына дейін несиелік каникул берілді. Мемлекеттен жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жұмыссыз қалғандардарға ол үшін өтініш жазудың қажеті жоқ. Тек рұқсаттарын берсе болғаны. Ал, ақысыз демалысқа кеткендер мен төтенше жағдайдың кесірінен жұмысына жете алмай отырғандар және тағы басқасына өтініш жазу міндетті», – дейді.
Ал экономист Айжан Балкешова: «Банктер бұл әрекеттерін өздерінің шығындарымен түсіндіріп отыр. Қызметкерлердің жалақы, депозиттердің үстемақылары бар дегендей. Қаржы ұйымдары өте ақылды қадам жасады. Қазір, олар мына үш айдың шығынын өз резервтерінен жабады да, сосын оның орнын үстемақылармен толтырады», – деді.
Сондықтан тұрғындарға несиесін кейінге төлеу үшін өтініш жазғанда жеті рет өлшеп, бір рет кесуге кеңес береді.