Төтенше жағдай кезінде медицина ұйымдарын дәрі-дәрмекпен қамту шаралары туралы брифинг өткізген Берік Шәріп COVID-19 вирусын қандай дәрілер «жеңіп» жатқанын және ол дәрілер қоймаларда жеткілікті ме деген сұрақтарға жауап берді.
Оның айтуынша, қазір коронавирус инфекциясын емдеуде вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер мен дене қызуын түсіретін дәрілер салынады. Әрине, ол дәрілердің арасында антибиотиктер де бар.
«Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде COVID-19 дертін емдеу үшін вирусқа қарсы дәрілер, олар - Лопинавир, Ритинавир, Гидроксихлорохин, дене қызуын төмендететін дәрі-дәрмек, антибиотиктерді медициналық мекемелерге қолма-қол жеткізіп жатырмыз. Бірен-саран дәрі-дәрмекті жеткізуде қиындықтар туындады. Әсіресе, Үндістанның шекарасы сәуір айынан бері жабық. Алайда бірыңғай дистрибьютор сатып алу рәсімдерін қазан айынан желтоқсан айына дейін өткізген, сондықтан, желтоқсан айында да дәрі-дәрмек қоры қоймамызда болған. Соның арқасында қазір бұл дәрі-дәрмектерді де жеткізу тоқтаған жоқ», - деді Берік Шәріп.
Бірыңғай дистрибьютор ретінде «СҚ «Фармация» төтенше жағдай кезінде ауруханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге міндеттелген. 2020 жылға бірыңғай дистрибьютор ретінде компания 1 385 атаулы дәрі-дәрмек бойынша 259 млрд теңгеге шарт жасаған.
«Қазіргі уақытта барлық өңірлердегі медициналық мекемелерге 86 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі толық жеткізілді. Оның ішінде 47 млрд теңгеге дәрі-дәрмек амбулаториялық деңгейде, яғни емханаларға және бірінші медициналық көмек көрсететін мекемелерге жеткізілді. Ал 27 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі тұрғындарға тегін қолма-қол берілді», - дейді ол.