Сарапшылар: Коронавирус жыл соңына дейін таралуы мүмкін
Сарапшылар: Коронавирус жыл соңына дейін таралуы мүмкін
© inform.kz
299
оқылды
Оңтүстік Кореяда коронавирусқа шалдыққандар қатары айтарлықтай төмендеп, соңғы төрт тәулікте олардың саны 20 адамнан асқан жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24». Жалпы елде COVID-19-дың 10683 оқиғасы тіркелген. Олардың 8200-ге жуығы сауығып шыққан. Десе де, бұл қалыпты өмір сүру салтына оралуға болады дегенді білдірмейді. Биліктің ендігі жоспары қандай?  Сеулдегі меншікті тілшіміз Владислав Цой айтып береді. Владислав Цой, тілші: - Оңтүстік Кореяда діни ұйымдар, жеке мектеп, фитнес және ойын-сауық орталықтарының жұмысын қайта бастауына рұқсат етілді. Бірақ келушілер бетперде тағып, зарарсыздандыру құралдарын қолдануға міндетті. 30 сәуірде Будданың туған күні аталып өтеді. Ал, 5 мамыр – балалар күні. Билік халықты осы мерекелер кезінде абай болуға шақырды. Осы тұста сарапшылардың да болжамдарына тоқталып өтсем. Олар коронавирустың таралуын дереу тоқтату қиын, жағдай әлі де күрделене түседі деп санайды. Чон Ын Ген, Індетке қарсы күрес жөніндегі орталық штабтың басшысы: - COVID-19-дың ерекшелігі – тез тарайды. Вирустан келетін қауіптің беті қайтты деуге әлі ерте. Онымен күрес бір, тіпті бірнеше жылға созылуы мүмкін. Сондықтан барынша аз шоғырланып, өзара қашықтықты сақтауымыз аса маңызды. Владислав Цой, тілші: -Қазір індет жұқтырғандардың көбі басқа елдерден келген адамдар арасынан анықталуда. Сондықтан билік тоқсан мемлекет және аймақтан келетін азаматтардың елге визасыз кіруіне салынған тыйымның күшін әзірше жоймайтын болды. Оның ішінде Қазақстан да бар. Айта кетейік, аталмыш шектеу өткен аптада күшіне енген болатын. Соның әсерінен бүгінде Кореяға келетін шетелдіктер қатары 70%-ке дейін азайған.