Cоңғы кездері қоғамдық қабылдау бөлмелерінің көмегіне жүгінген тұрғындар саны айтарлықтай артты. Бұл азаматтардың партияға деген сенімінің күшейе түскенін аңғартса керек.
Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің көмегіне жүгінген азаматтар саны алғашқы 3 айда 30 пайызға көбейіп отыр. Ал І тоқсандағы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен өтініштер өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға дейін өсіпті.
Карантин кезінде де жұмысын тоқтатпай, онлайн режимде халықпен тығыз байланыс орнатқан қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы мақтауға тұрарлық. Мұнда 13 наурыздан бастап WhatsApp-тағы жұмыс – 13, әлеуметтік желілердегі жұмыс – 8, байланыс орталығының жұмысы 3 есеге дейін артқан. Әсіресе, орталыққа қоңырау жиі шалынады. Түрлі мәселені алға тартып, көмек сұрап, өтінішпен хабарласқан тұрғындардың көпшілігі қолдау тауып, көмек алу арқылы орталық қызметкерлеріне де алғысын білдіруде.
Мамандардың айтуынша, 27 пайыздан астам қазақстандықтар құқықтары бұзылған жағдайда Nur Otan партиясына, қоғамдық қабылдау бөлімшелеріне хабарласқанды жөн санайды екен. Бұл да қоғамдық қабылдау қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі. Өйткені аталған орталықтың жұмысында ашықтық пен айқындылықтың маңыздылығы өте жоғары саналады. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметкерлері әр күн сайын халықпен тығыз жұмыс істеп, қоғамдағы өзекті деген мәселелерден хабардар болып отырады. Тұрғындар арасында туындаған проблемаларды барынша тез әрі тиімді шешу арқылы халықтың алғысы мен сеніміне ие болады. Сол арқылы олар партияның имиджін қалыптастыруға үлес қосып отыр. Бұл ретте халықтың партияға деген көзқарасы да, көп жағдайда осы қоғамдық қабылдау бөлмелеріндегі атқарылған жұмыстың нәтижесіне байланысты екенін айта кеткен жөн.
Бүгінгі таңда Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партия қызметін жаңғырту жұмыстары қарқынды әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе, партияны заманауи, бәсекеге қабілетті, тиімді, жоғары технологиялы саяси ұйымға айналдыру көзделді. Бірінші кезекте қоғамдық қабылдаулар жұмысы цифрландырылды. Соның арқасында әр адам өзінің партияға жасаған өтінішіне байланысты қолға алынған жұмысты жіті бақылап отыр. Одан бөлек, өтініштерді электронды түрде тапсыру және оны интернетте қадағалау қолжетімді болды. Иә, елмен етене жұмыс істеу деген осы болса керек.
Халық орталыққа келіп түрлі мәселе бойынша көмекке жүгінеді. Атап айтқанда, қоғамдық көлік, көшелерді жөндеу жұмыстары, жерге құжаттарды рәсімдеу, ауызсу және басқа да көптеген маңызды мәселелер бойынша шағымын жеткізеді. Ал партия мүшелері тұрғындардың әр өтініші мен шағымын мұқият тыңдайды. Тиісті орындарға арнайы тапсырмалар жүктеледі. Кейбір мәселелер сол жерде шешіледі, ал енді бірін қоғамдық қабылдау басшысы өзінің жеке бақылауына алады.
Кейінгі кездері республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында «Заңгерлік көмек» партиялық жобасы сәтті жүзеге асырыла бастады. Бұл жоба бойынша әлеуметтік аз қамтылған жандарға кешенді түрде өтеусіз заңдық көмек көрсетіледі. Мұндай жоба еліміз бойынша алғаш рет қолға алынды. Аталған бастама әдеттегі заңдық көмектерден өзгеше. Себебі мұнда мамандардың кеңестерінен бөлек, істің басынан соңына дейін мұқтаж азаматтарға кешенді қызмет көрсетіледі. Бұдан өзге де көмек түрінің қоғамдық қабылдау бөлмелерінде сәтті жүзеге асырылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қорыта айтқанда, төтенше жағдай кезінде де халықпен тығыс байланыс орнатқан қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтардың әр алуан мәселесін шешуге арналған алаңға айналды. Дүйім жұрттың алғысын арқалаған партиялықтардың бұл игі бастамасы қашанда халық қолдауына ие.